
Үкімет қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының мәдени саясатының 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, әдебиет оқуға және насихаттауға балалар мен жасөспірімдерді тарту бойынша қазақ батырлары, тарихи оқиғалар, мифология және өзекті трендтер тақырыбында ұлттық сипаты бар балалар комикстерін жасау жүргізіліп жатыр.
Халықаралық тәжірибе негізінде «Бозоқ» музей-қорығы жас оқырмандарға арнап кітап шығарды. Комикс мәтіні қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылды. Комикстерді салған суретші, «Бозоқ» музей-қорығының дизайнері – Бекен Жапаров. Кітаптың негізгі сюжеттік идеясы ортағасырлық Бозоқ қалашығының археологиялық қазбаларының тарихи мәліметтеріне негізделген.
Іс-шара аясында қатысушылар өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудағы балалар әдебиетінің маңызын, тарихи-мәдени мұраны насихаттау, балаларға білім берудегі жобаларды дамыту жолдарын талқылады.