Ұлттық спорт • 14 Ақпан, 2025

Асау құрықтаған жігіттер

230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында «Асауды құрықтаған ауылымның жігіттері» атты аудан біріншілігі өтті. Сайыста әр ауылдық округтен сайланып келген шабандоздар шу асауды құрықтап, бас білдіріп жарысты.

Асау құрықтаған жігіттер

Ұлттық спорттың бір түрі дерлік осынау са­йысты Қаратөбе спорт клубының жетекшісі Бауыр­жан Шүрмен ауданда тұңғыш рет ұйымдастырып отыр. Жарыс­қа бас-аяғы 7 команда қатысты. Сайыс шарты бойынша әр команда үш адамнан құралып, белгі берілісімен іске кіріседі. Олар үйірлі жылқының ішінен көрсетілген асауға құрық тас­тап, жайдақ мініп, 3 минут бойы түспеуге тиіс.

«Әдетте асауды күртік қарда немесе көктемгі тоң түскен лайсаңда үйретеді. Бұл жолы бәрі көз алдымызда болсын деп, кең аулада өткіздік. Тебінде жүр­ген шу асау қысырақтың үйі­рін арнайы айдатып алдыр­дық», дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин.

Ақтайсай ауылдық округіне қарасты Әйіш қыстағында өткен сайыстың нәтижесінде Сарал­жын ауылынан келген жігіттер командасы бірін­ші орынды жеңіп алды. Жанас Баймұқан, Мейір­бек Аман­тай, Ерасыл Қарабек есім­ді жігіттерден құралған топ 19 секундтың ішінде асауды құ­рықтап, тақымға басып үлгерді. Жанас Манасұлы – көкпар ша­уып жүрген жас шабандоз, са­­йыс туралы хабарды естіп қалып, Оралдан арнайы жетіпті. Ол үш минуттың ішінде асаудың қытығына тиіп, тулатып-мөң­кітсе де тақымын жазбады. Же­ңім­паздар 50 мың теңгелік серти­фикатқа ие болды.

2-орын 24 секундта асауды тақымдаған Қаратөбе ауда­ны­ орталығы командасына бұ­йыр­ды. Олардан 3 секунд қана ке­шіккен Қалдығайты ауылының шабандоздары 3-орынға тұрақ­тады. Бұл командалар 40, 30 мың теңгенің жүлдесін қанжығаға байлады.

Айта кетейік, Қаратөбе спорт клубының жетекшісі Бауыр­­жан Серікұлы өңірде ат спортының дамуына ерекше еңбек сіңіріп ке­ле­ді. Қазір ауданда көкпар­шы­лар командасы қалыптасып, додаға түсер дүлей аттарды сонау Қырғыз елінен алдыра бастапты. Кейінгі кезде ауданда түрлі тақырыпқа атты жорық, ұлттық сайыс жиі ұйымдастырылып жүр.

 

Батыс Қазақстан облысы