
Сурет: 24.kz
Құдық қазу жұмысы былтыр желтоқсан айында басталған. Оны мердігер ұйым үш аптада аяқтап, бұрын өзен суын ішіп келген Мазаки тұрғындарын бір жарылқады.
– Қатарымызда мыңнан аса облыс жастары бар. Бастапқыда бұл жобаны іске асыру мүмкін еместей көрінген. Қазақта «нартәуекел!» деген аталы сөз бар. Алдымен қажетті құжаттарды әзірлеп, жан-жақтан қаражат жинай бастадық. Қазан айында бір мердігер компаниямен келісіп, ақысын төледік. Жұмыс төрт айда сәтті аяқталған соң, қайырымдылықта шекара жоқ екенін тағы бір мәрте ұғындық, – деді «Жастар Семей» қоғамдық қорының директоры Жәнібек Қабдуллин.
Мұндай игі істе атыраулық жастар да бой көрсетті. Атырау облысы Мақат ауданының жігіттері Камерун мемлекетіне қарасты ауылдағы құдық құрылысының ақысын төлеп берді. Отандық кәсіпкер Елдос Айбеков те Африка құрлығындағы тіршілік нәріне мұқтаж жандарға жәрдемдескен. Құдық Уганда мемлекетіндегі Наноко елді мекенінде орналасқан.
«Африканың ауызсуды қажет еткен аумақтарын ұзақ зерделедім. Әрине, құдық қазу үшін жергілікті өкілдермен де келісу қажет. Ойлана келе Уганда және Кениядан салуды жоспарладық. Екі елдің әлеуметтік ахуалын назарға алдық. Салыстырсақ, Уганданың жалпы ішкі өнімі Кениядан үш есе төмен. Сонымен, көппен бірге осы мемлекеттің халқына құдық қазуға шешім қабылдадық. Қолданысқа берілгеннен кейін қосымша сыйлық ретінде балаларға арнайы мектеп құралдарын табыстадық. Тұрғындардың жүзіндегі қуаныш ерекше әсерге бөледі», деді ол.
Жалпы отандастарымыз шекара аумағында, оның сырт аймағында да қайырымдылық істе бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға бейім. Содан болар, елде 755 волонтерлік ұйым, 2 мың бастамашыл топ және 275 мың белсенді волонтер жұмыс істейді. Тіпті олардың арасында 3,5 мың «күміс» волонтер, яғни 55 жастан асқан еріктілер бар.
Жуырда Мәдениет және ақпарат министрілігі Ұлттық волонтерлер фронт-офисімен бірлесіп, республика көлемінде «Игі істі бөліс» флешмобын бастады. Науқан мұқтаж жандарға өтеусіз көмек көрсету арқылы қайырымдылық пен волонтерлік қызметті дамытуды көздейді. Алғашқы аптада-ақ 300-ден аса қайырымдылық іс-шара ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерге жарияланды.
Өткен жылдың өзінде бұған ұқсас «Игі істер марафоны» жобасы аясында 7 мың игі іс жасалып, оған 50 мыңға жуық адам қатысқан еді.