
Сурет: baq.kz
Дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толуын атап өткен кездесуде Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік министрі Стивен Даути төрағалық етті.
Диалог барысында делегациялар саясат, экономика, инвестициялар, энергетика, экология, мәдениет, білім және қауіпсіздік салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Сондай-ақ өткен жылдың сәуір айында қол қойылған Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау барысы қаралды. Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Р.Василенко екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы жоғары деңгейдегі саяси диалог пен тиімді байланыстарды құптап, олардың көпжақты ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал ететінін атап өтті.
«2024 жылы өткізілген іс-шаралар, соның ішінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлыбритания Премьер-министрі Кир Стармермен Бакуде өткен COP29 климаттық конференциясы аясындағы кездесуінің екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға және нығайтуға деген өзара ұмтылысты көрсетті. Осыған байланысты Стратегиялық диалог аясында сауда-инвестициялық серіктестікті кеңейту, іскерлік байланыстарды нығайту және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінді», деді вице-министр.
Ұлыбритания – Қазақстан экономикасына мол қаржы құятын 10 ірі инвестордың қатарында. Ел экономикасына салынған инвестиция көлемі 18 млрд доллардан асады. Қазақстанда британдықтардың қатысуымен 550-ге жуық компания жұмыс істейді.
Ал Қазақстан – Ұлыбритания стратегиялық диалогі – екіжақты ынтымақтастықтың институционалдық тетіктерінің бірі. 2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл кездесулер екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттарын қарастыру, өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасу үшін тиімді алаң қызметін атқарып келеді.
Бұл жолғы кездесудің маңызды қорытындысы Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлыбританияның GLAA агенттігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Өйткені құжат Ұлыбританияда уақытша жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының еңбек құқын қорғау, сондай-ақ ақпарат, тәжірибе және еңбек құқын қорғау саласындағы озық тәжірибелермен алмасу мақсатында екі елдің тиісті ведомстволары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Лондонға сапары аясында Р.Василенко Ұлыбритания Парламенті Қауымдар палатасы төрағасының бірінші орынбасары Нусрат Ганимен кездесіп, екі ел арасындағы парламентаралық диалогті дамыту келешегін талқылады. Сондай-ақ ол Халықаралық стратегиялық зерттеулер институты сияқты британдық сараптамалық қауымдастық өкілдерімен бірқатар жұмыс кездесуін өткізді.