Аймақтар • 14 Ақпан, 2025

Кәсіпкерлер ұсынысы ескерусіз қалмайды

124 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай еліміздің өңірлерінде жергілікті бизнес-қоғамдастықпен Салық кодексіндегі түзетулер талқыланып жатыр.

Кәсіпкерлер ұсынысы ескерусіз қалмайды

Сурет: primeminister.kz

Ұлытау облысында Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің кәсіпкер­лермен кездесуі өтті. Жиынға 200-ден астам бизнес өкілі  қатысты. Кездесу барысында жергілікті кәсіпкерлер салық заңнамасына енгізілетін өзгерістерге қатысты пікір білдірді.

Жергілікті Кәсіпкерлер палатасы­ның директоры Гүлмира Қаженова өңір­лік бизнес өкілдерімен мұндай кездесулер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жұмыс істеп жатқанын көрсететінін айтты. Ол «Атамекен» ҰКП әрбір заңнамалық бас­тама кәсіпкерлер мен инвесторлар мүддесін ескере отырып жан-жақты талданады деп күтеді.

Сонымен қатар осындай кездесу Түркі­стан облысында да ұйымдастырылып, онда Ұлт­тық экономика вице-министрі Бауыр­жан Құдайбергенов өңір кәсіпкер­лерімен жаңа салық реформасын талқылады. Кездесу­де «BNK Group LTD» ЖШС бас директоры Ниязалы Бейсен­баев қосылған құн салығы­ның 20%-ға көтерілуінің агроөнеркәсіп кешені өндіру­шілеріне ықтимал әсеріне тоқталды. «Мөл­шерлеменің өсуі шағын және орта бизнеске қосымша салмақ түсіреді. Сондықтан Үкіметке кейбір басым салалар үшін дифференциалды салық мөлшерлемесін енгізу, табысы төмен кәсіпорындарға уақытша салықтық демалыс беру және көлеңкелі экономикамен күресу шараларын күшейту мәселесін қарастыруды ұсынамыз. Бұл кәсіпкерлер мен тұтынушыларға келетін теріс әсерді азайтуға мүмкіндік береді»,  деді кәсіпкер.

Ұлттық экономика вице-министрі қазірде аграрлық секторда шаруа қожа­лықтары ҚҚС төлемейтінін, ал заңды тұлғалар қолданыстағы жеңілдіктердің арқасында бюджетке төленуге тиісті салықтардың тек 30%-ын ғана төлейтінін атап өтті. Жаңа механизмдер бойынша олардың ешқайсысы ҚҚС төлемейді.

Сондай-ақ Ақтөбе облысында болған кездесуде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің қаржылық қызмет кіші секторының басшысы Виктория Исарова: «Біз 2023 жылдан бері ұсыныс ретінде айтып келе жатқан 0% және 10% сараланған мөлшерлеме тұжырымын қабылдауды қолдаймыз. Сіздер әзірге медицинаға 10% деп отырсыздар. Басқа нұсқалар бола ма, әлде біз қазір кімді қосуға болатынын ұсына аламыз ба?» деген сұрақ қойды. Ұлттық экономика вице-министрі бұл мәселеде ҚҚС бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі екенін түсіну маңызды екенін атап өтті. «ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және саралау бюджеттің мұнайдан түсетін өзгермелі кірістеріне тәуелділігін азайтуға және мемлекеттік басым жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан босатуды ұсынамыз. Қазіргі уақытта шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейді және біз оны солай қалдырамыз. Ауыл шаруашылығымен айналысатын заң­ды тұлғалар қажетті соманың 30%-ын төлей­ді. Енді олар бұл салықтан босатылып, картоп, қызанақ, пияз және қырыққабат сияқты басқа да өнімдерді бәсекеге қабілетті етеді. 10%-дық мөлшерлеме кімге қатысты беріледі деген сұрақ қосымша талқылауды қажет етеді. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласы үшін төмендетілген мөлшер­лемені ұсынамыз. Барлық ұсыныс жинақта­лып, талқыланады, содан кейін барып өздеріңіз­бен бірлесіп шешіледі»,  деді Б.Омарбеков.

Қазірде Абай облысында 60 мыңға жуық бизнес субъектісі жұмыс істейді, оның 70%-ы – жеке кәсіпкерлер. Жергілікті бизнес өкілдерінің басқосуында облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Сүйшінов: «ҚҚС – тұтыну салығы және оны өзгерту кез келген жағдайда бағаға әсер етеді. Шағын бизнестің қажеттіліктерін ескеретін және әкімшілік кедергілерді төмендететін теңдестірілген жүйені құру маңызды. Әкімшілік кедергілерді жеңілдетпестен ҚҚС шегін төмендету қосымша жүктеме тудырады. Есептілікті автоматтандыру, есепке алудың кассалық әдісін, алдын ала толтырылған декларацияларды және кәсіпкерлерге тиімдірек жұмыс істеуге мүмкіндік беретін басқа да құралдарды енгізу қажет. Сонымен қатар салық реформасының инвестициялық климатқа әсерін ескеруі керек. Еңбекақы қорына жоғары жүктеме бизнесті көлең­кеге кетуге мәжбүр етеді. Жұмыс беру­ші­нің әлеуметтік салығы мен міндетті зейнет­ақы жарналарын қайта қарау жанама шығындарды азайтуға, компанияларды бейресми сектордан шығаруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектеседі. Соңғы шешімдер фискалдық мақсаттар мен кәсіпкерлікті дамыту арасындағы тепе-теңдікті ескеруі үшін мемлекеттік органдармен диалогті жалғастырамыз. Реформа бюджетті толықтырып қана қоймай, ұзақмерзімді экономикалық өсу, бизнесті дамыту және салық жүйесінің ашықтығын арттыру үшін жағдай жасауға тиіс», деді.

Кездесуде  Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов ҚҚС төлеуден кәсіпкерліктің тағы қай санаттары босатылатынын айтты.

«Қазақстандағы салық төлеушілердің жалпы саны – 2 млн. Олардың 80 мыңы ғана қосылған құн салығын төлейді. Бүгінде  қосылған құн салығының шегі шамамен 80 млн теңгені құрайды және оны 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсыны­лып отыр. Бұл мәселе талқылауға жата­ды, өйткені атал­ған шеңбер салық төлеуші­лер­дің едәуір санын қамтуы мүмкін – біздің есеп­теуі­мізше 200–300 мың кәсіп­кер қосы­лады. Халықпен тікелей жұмыс істейт­ін салық төлеушілерді арнайы са­лық режі­міне жатқызамыз. Яғни бүгінгі таң­да же­ңіл­детілген режімде немесе бөлшек салық бо­йын­ша жұмыс істеген үй жанын­дағы дү­кен­дер, шаштараздар, шағын киім бутик­тері ҚҚС-дан босатылады», деді вице-министр.

Маңғыстау облысында өткен талқылауда жергілікті кәсіпкер, «TaxServiceKz» ЖШС директоры Жасұлан Серік: «Үкімет өкілдері аймаққа келіп, жаңа Салық кодексін түсіндіріп жатқаны өте орынды. Біз де өз ұсынысымызды айттық. Бұл жерде кәсіпкерлер мен Үкімет өз ұстанымын білдіретін пікірталас алаңы ұйымдастырылды. Кәсіпкерлердің пікірін ескеру маңызды. ҚҚС өсімі бюджетке түсетін салық түсімдерін ұлғайтуға тиіс. Алайда егер тұтыну азайып, бизнестің бір бөлігі көлеңкеге кетсе, тиімділік күтілгеннен аз болуы мүмкін», деген пікір білдірді.

Үкімет өкілдері барлық ұсыныс, пікірлер ескерусіз қалмай, жан-жақты сараланатынын айтты.