
Дәнекерлеуші – шеберлікті, төзімділікті қажет ететін күрделі жұмыс. Қосылатын темірлердің қаттылығына, беріктігіне қарай электродтың түрлері, тігістің қалыңдығы мен беріктігі де ауысып отырады. Дәнекерлеуші соның бәрін саралай білуі керек. Құбырдың ішіне кіріп, етбетінен жатып, дәнекерлеген кезде газдың күштілігінен адам тұншығып қала жаздайды. Сондықтан дәнекерлеуші жиі-жиі далаға шығып, тыныстап отырады.
Кезінде дәнекерлеушілерге өкпедегі газдың уытын алуға тегін сүт беретін. Сонымен бірге зейнет демалысына да басқалардан 5 жыл бұрын шығаратын. Бұл – дәнекерлеушінің ауыр еңбегін бағалағандық.
Дәнекерлеушілердің ішіндегі ең күрделісі – газэлектр дәнекермен жұмыс істеушілер. Бұл – дәнекерлеушілер кәсібінің жоғары сатысы. Оған арнайы оқу мен дайындықтан өткендер ғана қабылданады. Мұндағы жарқыл мен газдың уыты қарапайым дәнекерлеуден әлдеқайда жоғары.
Владимир Григорьевич мамандығын бүге-шігесіне дейін игеріп, шеберлік шыңына жеткен, ең жоғарғы – 6-разрядты жұмысшы. Бір кезде жоғары білім алмақ болып, институтта да оқыған екен. Алайда инженерлердің табысы аз екенін ескеріп, осы, жұмысшы мамандығына өз қалауымен ауысыпты.
«Осы жұмысты қалағаныма еш өкінбеймін. Табысым өте жақсы. Біздің цехта жоғары шеберлікті талап ететін дәнекерлеу ісі менің қолымнан ғана келеді. Әсіресе жылыту құбырларын дәнекерлеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Құбырлардың дәнекері дұрыс болмаса айрылып кетіп, қаншама адам сақылдаған сары аязда жылусыз қалуы мүмкін. Әзірге менің дәнекерлеген құбырларымның айрылғаны болған емес. Соны мақтан етемін», дейді ол.
Өз басыңызға қауіп төніп, жұмыстан зиян шеккен күндеріңіз болды ма деген сұраққа В.Белобровенко ойланып жауап берді: «Қауіпсіздік ережесін сақтау өзіңе ғана байланысты емес. Кейде биіктікте дәнекерлеу жұмысын жүргізгенде қосалқы жұмыскерлер асығыстық жасап, басып шығатын ағаш сөрелерді дұрыс бекітпейді. Сондайлардың кесірінен сүрініп, құлап кетуің мүмкін. Сондықтан биікке шығарда баспалдақтарды мұқият тексеремін. Өйтпесең болмайды».
Кәсіби маман жұмыстан бос уақытында көркем дәнекерлеумен де айналысады. Темір бөлшектерінен, қатты қаңылтырлардан түрлі фигуралар, гүлдер, ертегі кейіпкерлерін жасайды. «Бос уақытымда осындай бұйымдар жасауға әбден дағдыланып кеттім. Жасаған дүниелерім халыққа, әсіресе балаларға ұнап, қуана қарап, тамашалап жатады», дейді ол.
Бұл күнде В.Белобровенко өз ісінің маманы ғана емес, сонымен қатар шығармашыл адам ретінде де танымал. Оның еңбекқорлығы, шеберлігі, мамандығына адалдығы әріптестерін де қанаттандырып, оған еліктеушілер, үлгісін алуға ұмтылушылар қатары көбейіп келеді.
ПЕТРОПАВЛ