
Оның айтуынша жақын арада токенизацияланған құралдар бойынша бірнеше пилоттық жоба іске қосылады.
«Еліміздің қаржы нарығында жасанды интеллект, блокчейн, Open API технологиялары енгізіліп жатыр. Қаржылық экожүйелер мен маркетплейстер дамып келеді. KYC (Know Your Customer) процедураларын қолдана отырып, шарттарды қашықтықтан жасау, шоттарды ашу және басқару мүмкіндігі қарастырылған.
Бұл оқиға қазақстандық капитал нарығын дамытудағы маңызды қадам ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия мен Таяу Шығыстың бүкіл өңірі үшін жаңа перспективалар ашады», деді ҚНДРА өкілі.
Оның айтуынша, қаржы секторы елдің экономикалық өсуін ынталандыруда маңызды рөл атқарады. Қаржы ұйымдары активтерінің жалпы көлемі ЖІӨ-нің 55%-ын құрап, 134 млрд долларға жетті.
Қазақстанның бағалы қағаздар нарығы да сенімді өсуде және одан әрі даму үшін жағдай жасайтын қолайлы инфрақұрылымы бар.
«Соңғы бес жылда акциялар нарығы 40%-ға өсті, ал оны капиталдандыру 63 млрд долларға жетті, бұл елдің ЖІӨ-нің 26%-ын құрайды. Шығарылған корпоративтік облигациялардың жалпы көлемі 26 млрд долларға жетіп, ЖІӨ-нің 11%-ын құрады.
Орташа алғанда жыл сайын нарыққа 30-ға жуық жаңа акциялар мен облигациялар эмитенттері шығады. Ал KASE-нің сауда тізіміндегі құралдардың жалпы саны 1 904-ке жетті» деді ҚНДРА өкілі.
Банктердің қор нарығында болу мүмкіндіктерінің кеңеюі бөлшек инвесторлардың айтарлықтай өсуіне әкелді, олардың шоттарының саны 3,5 млн-ға жеткені осыған дейін айтылған. Бүгінгі күні негізгі институционалдық инвесторлар инвестициялық портфелі 63 млрд долларға жеткен банктер, сақтандыру ұйымдары, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және эндаумент қорлар болып табылады.
«Мұның бәрі маңызды инвестицияларды сіңіру үшін ішкі инвесторлық базаның әлеуетін көрсетеді.Соңғы бірнеше жыл ішінде «KEGOC», «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз» және «Air Astana» ұлттық компанияларының IPO-ларына жергілікті инвесторлар тарапынан жоғары қызығушылықтың болуы да бұған дәлел бола алады. Ішкі сұраныс ұсыныстан 1,5 еседен 2 есеге дейін асып түсті», деді М. Хаджиева.
М. Хадижиева айтып өткендей, қор нарығының өтімділігін ұлғайту және нәтижесінде FTSE және MSCI рейтингтеріндегі Қазақстанның позициясын «Emerging Markets» деңгейіне дейін жалғастыру бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Ірі мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру бағдарламасы да осыған бағытталған. Биыл «ҚТЖ», «QazaqGaz» және «Самұрық-Энерго» сияқты тағы үш мемлекеттік компанияның IPO-сын өткізу жоспарлануда.
«Бұдан басқа, компаниялардың IPO-ға шығуын ынталандыру үшін мемлекеттік қолдау көрсетудің түрлі тетіктері, сондай-ақ бағалы қағаздарды ішкі орналастыру үлесін 20%-дан 50%-ға дейін ұлғайту қаралуда.
Қор нарығының инфрақұрылымы туралы айтатын болсақ, сауда-клирингтік жүйелерді толық жаңғырту жүргізілді. Клирингтің және орталық контрагенттің функциялары жеке ұйымға – капиталы шамамен 19 млн долларды құрайтын KASE клирингтік орталығына бөлінді. Бұл орталық контрагенттің қызметтерін тек KASE құралдары бойынша емес, сондай-ақ басқа биржалық және биржадан тыс нарықтардың, оның ішінде тауарлық биржалардың құралдары бойынша көрсетуге мүмкіндік береді», деп айтып өтті ҚНДРА өкілі.
Бүгінгі күні қор нарығының инфрақұрылымы инфрақұрылымдық ұйымдардың қызметін реттеудің ең үздік тәжірибесіне, оның ішінде IOSCO стандарттарына сәйкес келеді деп айтуға болады.
2023 жылы Дүниежүзілік Банктің сарапшылары жүргізген FSAP бағалауының нәтижелері бойынша Қазақстанның қор нарығының реттелуі мен инфрақұрылымы «Solid» деп белгіленді.
«Біз бағалы қағаздар нарығына ғана емес, сондай-ақ цифрлық активтермен сауда жасауға өзара қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Tabadul Digital Hub-қа қатысушы елдермен ынтымақтастықты күшейтетін боламыз.
Біздің ынтымақтастық барлық қатысушыларды жаңа инвестициялық мүмкіндіктермен қамтамасыз ете отырып, барынша икемді және инновациялық қаржылық экожүйе құруға ықпал ететін болады» деді М. Хадижиева.