Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов, Президенттік орталық директоры Бақытжан Темірболат, мемлекеттік органдардың өкілдері, «Еңбек Ері» атағы иегерлері, «Ассамблея жастары» ұйымының мүшелері және жастар көшбасшылары секілді республиканың әр қиырынан барлығы 150-ге тарта адам қатысты.
– Жастарды адал еңбек етуге жігерлендіретін мысалдарды және этнос өкілдерінің ел мен қоғамның дамуына қосып жатқан үлесін мейлінше кеңінен насихаттау қажет. Біз жастардың жобаларына қолдау көрсетуде, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу мақсатында кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып келеміз. Жұмыс істейтін жастардың әлеуметтік өсу игіліктерін ұтымды пайдаланып, қоғамдық өмірге белсенділігі есебінен өз қарым-қабілетін шыңдауы маңызды. Бұл форум жас буынның өзара танысуына, тәжірибе алмасуына, спикерлердің еңбек жолы қарапайым күштің қуатын сезіндіреді деген ойдамын, – деді М.Әзілханов.
Жеңіл ақшаға еліртетін жарнамалар қаптап тұрған тұста мемлекет мүддесіне, елдің өркендеуіне, қоғамның дамуына үлес қосатын адал еңбектің, жұмысшы мамандардың мерейін асыру, оны халықтың санасына сіңіру маңызды болып тұрғаны рас. Форумға қатысқан Сенат депутаты Максим Рожин жұмысшы мамандықтардың жастарға тартымды болуы үшін әрекет ету, оған көзқарасты өзгерту қажет деген пікірді айтып қалды.
– Өндіріс ошақтарына барғанымызда көп жағдайда бізге «кадр жетіспейді, жастарды өзіміз үйретіп, өзіміз жұмысқа тартамыз» деп жатады. Демек ел экономикасы үшін маңызды салаларда жұмыс істегісі келетін азаматтарды алдын ала дайындауға әлі де күш салуымыз қажет. Байқайтынымыз, ауылдық жерлерде мұғалім, дәрігерлерге ғана жұмыс бар. Бірақ басқа қажет мамандық иелерін ауылдан табу қиын, – деді М.Рожин.
Жиын барысында Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов биыл бірінші қыркүйектен бастап бір маманды колледжде дайындау үшін бөлінетін бюджеттің құны екі есе артатынын жеткізді. Сондай-ақ ол барлық мемлекет меншігіндегі колледж кезең-кезеңімен жаңа технологиялық, материалдық базамен жабдықталатынын айтты.
– Жұмысшы кадрлар көбінесе көлік, сауда, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында сұранысқа ие. Кадрларды даярлау сапасын қамтамасыз ету үшін жұмысшы кәсіптері бойынша 1,6 мың кәсіптік стандарт жаңартылды. Олардың негізінде білім беру бағдарламаларының 87%-ы қайта түзілді, – деді Ә.Мұханбетов.
Бүгінде экономикалық белсенді жастардың үлесі жұмыс күшінің жалпы санының 39%-ын немесе 3,8 млн адамды құрайды. Оның ішінде 3,5 млн-ы – жұмыспен қамтылған жастар.
– Қазір білім алушыларға тәжірибе жинақтауға, белгілі бір мекемелермен келісім аясында практикадан өтуге жағдай жасалған. Мәселен, студенттер Ақтөбе ферроқорытпа зауытына баратын болса, жалақы бонустары беріледі. Оның үстіне өзіңнің қарым-қабілетіңді көрсетсең, жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар. Міне, осы секілді еңбек етемін деген жандарға «екі қолға бір күрек» табылады, – деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Владислав Толочков.
Форум аясында «Еңбек Ері – ұрпақтар сабақтастығы» және «Еңбек адамы – табысты тұлғаның үлгісі» атты арнайы екі панельдік сессия ұйымдастырылды. Жалпы іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы, Президенттік орталық пен «Ассамблея жастары» РҚБ ұйытқы болды.