
Сурет: ult.kz
Күзгі жиын-терім кезінде аста-төк мол болған картоптың килосы 180–200 теңге төңірегінде еді. Қазір 350–400 теңгеге дейін жетіп жығылды. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, өңірде былтыр 7,8 мың гектар алқапқа картоп дақылы отырғызылған. Жауын-шашынды жыл болғандықтан, өнімі де аз емес. Жаз бен күзде көкөніске ауыз жаритындай еді. Көкөніске де 1,5 мың гектар құнарлы алқап бөлінген. Бір айта кетерлігі, өңірдің кей аймағында тұтынушылар картоптың килосын 105–125 теңгеге алса, базарларда 190–250 теңгеден сатылған. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, кейбір пысық кәсіпкерлер картоп бағасы өсті деген хабарды ести сала, тауарларын қымбаттатып жіберген. Оларға, әрине, әкімшілік шара қолданылды. Дегенмен бір қаланың өзінде баға ала-құла. «Хасенов базарында» картоптың 1 кг 190 теңгеге сатылса, орталықтағы азық-түлік дүкендерінде 300 теңге көлемінде екен.
Шынтуайтында, картоп егетін алқаптар көлемі аз емес әрі ол жыл өткен сайын кеңейіп те келеді. Ұйымдасқан шаруашылықтар да баршылық. Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Уәлихан Ескендіровтің сөзінше, былтыр жалпы көлемі 137,5 мың тонна картоп жиналған. Қазір қоймаларда 11,9 мың тонна картоп бар. Тұрақтандыру қорында да 2,5 мың тоннаға жуық дақыл сақтаулы көрінеді.
«Әрине, картоптан қағажу қалатын еш ретіміз жоқ, – дейді еңбек ардагері Сәлменбай Рахымов, – кейінгі жылдары кейбір ауылдың тұрғындарында қаланың базарынан, азық-түлік дүкендерінен картоп сатып алатын әдет пайда болды. Жалғыз картоп емес, сарымайға дейін қаладан ауылға тасымалдайды. Бұрын керісінше еді. Ауылда құнарлы жер, су, органикалық тыңайтқыш жетіп жатыр емес пе? Демек ауыл тұрғындарын еңбекке баулу, тырбанып жер емшегін емуге тәрбиелеу керек. Қазір ұйымдасқан шаруашылықтар ғана картоп дақылын өсірумен айналысады. Картоптың тапшылығы содан».
Ақсақалдың сөзінің жаны бар. Ауылда тұрғанымен азық-түлікті қаладан таситындар туралы сан мәрте естіп, мал құлағы саңырау дескенбіз. Ауылдағы ағайынның еңбекке деген көзқарасын анықтайтын әзіл-шыны аралас бір жайды айта кетуге оқталып отырмыз. Бар ғұмырын ауылда өткізгенімен, шаруаға қырсыз бір жездеміз: «Көктемде бір қап картоп ектім, күзде бір қап жинап алдым, ешқандай шығын шыққан жоқ», деп қарқ-қарқ күлетін. Ол ит басына іркіт төгілген заманда айтылған сөз еді. Бүгінгі жай басқа.
«Бұрын «Айыртау» кеңшарында директор болдым. Кеңшар егін шаруашылығымен қатар картоппен де айналысты. Гектар берекесі 60 тоннадан айналатын, ал суармалы жерлерден 120–130 тоннаға дейін өнім алып жүрдік, – дейді еңбек ардагері Көшек Сәменов. – Қазір ауыл тұрғындарының артық өнімін сатып алып, көктемгі ұзынсары келгенше сақтайтын кооперативтер ұйымдастырса қалай болар еді. Бұрын облыстық, аудандық тұтынушылар қоғамдарының дайындау конторлары жұмыс істеді ғой. Сол сияқты».
Бүгінгі күні құзырлы министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар өңірлерге тұрақтандыру қорындағы картопты арзан бағамен сатуға тапсырма беріп отыр. Өңірдегі «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бұл мәселені жедел қолға алды.
«2024 жылы желтоқсаннан бастап тұрақтандыру қорының көкөніс өнімдерін бұғаттан шығару жұмыстары басталды. Бұл шара әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыруға бағытталған. Қаңтар айының соңында кәсіпкерлік корпорация өзіне қарасты сауда орындары мен серіктестіктердің сауда нүктелері арқылы 708 тонна картоп, 7 тонна сәбіз, 7,2 тонна қырыққабат сатты», дейді кәсіпкерлік корпорацияның баспасөз хатшысы Айя Калягина.
Корпорация ұсынған ақпаратқа көз жүгіртсек, аяқ астынан қымбаттап кеткен картоп құнын мүмкіндігінше тұрақтандыру мақсатында қазір «Агротрейд Көкше» компаниясының картобы «Скиф Трейд» серіктестігінің сауда желісінде әр килосы 125 теңгеден төмендетілген бағамен сатылып жатыр.
«Бұл – тек сауда желісіндегі баға, – дейді Айя Калягина, – сонымен қатар «Kokshe Market» әлеуметтік сауда павильондарында да арзан картоп сатылып жатыр. Оларға өнімді «Зеренді» сақтау өнімдері» серіктестігі жеткізеді. Арзан картоп қаланың 11 сауда нүктесінде күн сайын тұтынушыларға ұсынылады».
Баға қалыпты әрі тұрақтандыру қорының картобы жеткілікті дегенмен, көптің көкейінде қобалжудың бар екенін жасыруға болмас. Бұл жайды сауда орнындағы дүкеншілер де жасырып отырған жоқ. Арзан картоп аз, тез таусылып қалады. Қала тұрғындарын картоппен қамтудың жолы – саяжайларды қалыпқа келтіру, облыс орталығының іргесінен картоп егетін жер бөлу. Ерте көктемде жылдық азығының қамын жеп тырбанатындарды сырттай бақыласаңыз, дені жастары жер ортасынан асқан адамдар екенін көресіз. Адал еңбектің қадірін білетін, ақ дастарқандарына маңдай терімен өсірген ырыздығын қоятын аға буын. Демек саяжай жай ғана ырыздықты молайтатын орын емес, балалар мен немерелерді еңбекке тәрбиелейтін мектеп деп айтсақ та, оғаштығы бола қоймас.
«Демалыс күндері осында немерелерімді ертіп келемін, – дейді қала тұрғыны Қонысбай Есенгелдинов, – қаланың қара түтініне қамалып өскен балалар бір мезгіл таза ауа жұтады. Маған көкөніс егетін алқаптың арамшөбін жұлып, топырағын қопсытуға көмектеседі. Су тасып береді. Қоршаудың бұзылған жерлерін жөндеседі. Өткен күзде бәрін тап-таза қылып жинап кетіп едім, қыс бойы саяжайды паналайтын кезбелердің кесірінен барлығы қаусап қалыпты. Ең жаманы – күзгі маусымдағы ұрлық. Оңай олжаны кәсіп еткен кезбелер пісіп тұрған шие мен құлпынайды, қарақатты теріп алып, базарға апарып арзан бағамен сатып жібереді. Бір күн көзің тайып кетсе, жаз бойғы еңбегің зая.
Саяжай басында ілгері басқан қадамды кері кетіретін тосқауыл да аз емес. Алдымен жолаушылар автобусының сирек қатынауы. Қара қазандай болған ел өкпесі осы тарапта айтылуда. Келіп-кету қиын болған соң, кей адамдар саяжайдан бас тартады. Әне бір жылдары уақтылы су берілмей, электр қуаты болмағандықтан Көкшетау, Зеренді бағытындағы саяжайлардың оң қапталы ойсырап қалған. Көгеріп өскен көкөністі, жеміс-жидекті иесінің аузына тигізбей, пісер-піспесте үптеп кететін кезбелердің қорлығы да аз емес.
Тақырыпты қаузап отырып, қиын түйінді шешер төте жол адал еңбекте екенін ұқтық. Қалада да, далада да қолы қимылдағанның аузы қимылдайды. Ендеше, қыс бойы табаныңнан таусылып, арзан картоп іздегеннен гөрі адал еңбегіңе жалынған абзал.
Ақмола облысы