Қоғам • 17 Ақпан, 2025

Көрнекті дипломат Биғали Тұрарбековты еске алуға арналған турнир өтті

130 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

15 ақпанда Алматыда көрнекті қазақстандық дипломат Биғали Шәріпқалиұлы Тұрарбековты еске алуға арналған бильярдтан жыл сайынғы XV турнир өтті, деп жазады Egemen.kz.

Көрнекті дипломат Биғали Тұрарбековты еске алуға арналған турнир өтті

Жақсы дәстүрге айналған бұл турнирге оның әріптестері, достары, дипломаттар мен отбасы мүшелері жиналды. Қатысушылар үшін бұл жай ғана жарыс емес, Қазақстанның сыртқы саясатын дамытуға және оның халықаралық беделін нығайтуға зор үлес қосқан көрнекті тұлғаны еске алу мүмкіндігі.  

Биғали Тұрарбеков өзінің тамаша дипломатиялық мансабымен ғана емес, сонымен қатар спортқа деген сүйіспеншілігімен де танымал болды. Ол волейбол және үстел теннисімен кәсіби түрде айналысқанымен, бильярд ойынын ерекше ұнататын.

аа

Оның өмірі – Отанға қызмет етудің, өз ұстанымдарына деген адалдықтың жарқын үлгісі. Ол сонау 1991 жылы дүниежүзіндегі қазақстандықтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етіп, тәуелсіз Қазақстанның консулдық қызметінің негізін қалады. Оның жетекшілігімен әзірленген құжаттар Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызметінде әлі де қолданылып келеді.

Биғали Шәріпқалиұлының Бейжіңдегі жұмысы, соның ішінде Қазақстан елшілігінің ашылуы Қытаймен сенім көпірлерін нығайтты. Сонымен қатар ҚХР-дағы этникалық қазақтармен тығыз байланыс орнатып, олардың тарихи отанымен байланысын сақтауға көмектесті.

Биғали Шәріпқалиұлы Қазақстанның мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау мәселелері бойынша келіссөздердегі негізгі тұлғалардың бірі болды. Көршілес елдермен келіссөздер жүргізуде үкіметтік делегацияларды басқарып, ұлттық мүддені табандылықпен қорғады.

вв

Осындай орасан еңбегіне орай «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Оның Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы қызметі Қазақстанның әлемдік аренадағы мүддесіне адал қызметінің жалғасы еді.

Ол «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы ақиқат» кітабының авторларының бірі болып есептеледі. Бұл кітап заманауи дипломатия, келіссөздер және егеменді мемлекеттің қалыптасуы туралы оқулық ретінде бүгінде кеңінен қолданылады.

«Менің әкем бильярдты жақсы көретін», - деп еске алады дипломаттың қызы Жанет Тұрарбекова. - Қатарынан 15-ші рет өткізіліп отырған бұл турнир оны еске алуға, оның өмірге құштарлығы мен туған жерге сүйіспеншілігін, достықтың қадірін білер қасиетін құрметтеудің тамаша тәсілі. Біз үшін бұл жай ғана жарыс емес, әкеміздің естеліктерін және оны білетін, бағалайтын адамдармен байланысты сақтау мүмкіндігі. Бильярд турнирі оның мұрасын сақтаудың маңызды бөлігіне айналды және бұл дәстүр жалғасын табады деп үміттенеміз. Себебі, Биғали Шәріпқалиұлы Тұрарбеков сынды біртуар қазақстандықтардың еңбегі туралы жастар хабардар болуы керек».  

Биылғы жылы турнирге 30-дан астам адам қатысты, олардың арасында көршілес мемлекеттердің консулдары, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері, сондай-ақ  дипломатиялық қызметтің ардагерлері және басқа да ұйымдардың қызметкерлері болды. Бұл додада Х. Нишанбаев мырза жеңімпаз атанса, екінші орынды С. Орумбаев, үшінші орынды В.Турдиев мырзалар бөлісті.

лл

Сайыс жайлы және жағымды атмосферада өтті. Қатысушылар Биғали Шәріпқалиұлын еске ала отырып, оның жарқын мінезін, кәсіби шеберлігін, адами қасиеттерін паш ететін әңгімелерімен бөлісті. Биғали Тұрарбеков кемеңгер дипломат қана емес, өмірге құштар, достықтың қадіріне жетер адал дос бола білген азамат. Дипломаттың бильярдқа деген сүйіспеншілігі оның ерекше тұлғасының символына айналды. Оны еске алуға арналған жыл сайынғы турнир – спорт жанашырын бағалайтын жандардың басын қосатын тамаша дәстүрге айналды.