Аймақтар • 18 Ақпан, 2025

Тасқынға даярлықты күшейту қажет

55 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Павлодар облысында 52 елді мекен қарғын судың құрсауында қалуы мүмкін. Өңірде су тасқынынан пайда болатын ықтимал апат­тардың алдын алуға қатысты қандай жұмыстар жүргізіліп жат­қанын зерделеп көрдік.

Тасқынға даярлықты күшейту қажет

Суретті түсірген – Валерий БУГАЕВ

Ертіс бойына көктем ерте келеді

Ауа райын болжаушылар Арқа даласына биыл көктем ерте келеді деп хабарлады. «Қазгидромет» РМК филиалының директоры Галина Шпактың ақпаратына сүйенсек, ақпанның екінші жартысында ылғал мол түседі. Ауаның температурасы ақпан, наурыз айларында жылдағыдан 2 градусқа жоғары болмақшы. Топырақта қалған күзгі ылғалдың көлемі 60%-ға артса, қардағы судың қоры да нормадан 7%-ға асып тұр.

Былтырғыдан төмен жалғыз ғана көрсеткіш – топырақтың орташа қату тереңдігі, ол өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 41%-ға аз. Аймаққа негізгі қауіп көршілес Ақмола, Қарағанды облыстарынан келеді. Аталған өңірлерде жиналып қалған қардың көлемі былтырғыдан 1,5 есе артық. Осыған байланысты негіз­гі күштер мен құралдар тобын Ақто­ғай, Баянауыл аудандарына жіберу қарастырылған. Қазір облыста жедел штаб құрылған.

– Былтыр көктемдегі ауыртпалықты ескере отырып, жаз бен күзде 18,89 км қор­ғаныс бөгеттері тұрғызылды. 4,8 км бұр­ма арналары жөнделіп, кей­бірі қай­та салынды. Автомобиль, темір­жолдардың астына 24 су өткізу құры­лыс­тары орнатылып, ауыстырылды. Арналар мен өзендердің учаскелерінде 7,8 км тереңдету жүргізілді. Инженерлік жұмыстар жоспарымен 31 іс-шара іске асырылды. Жергілікті атқарушы органдар су тасқыны кезеңіне 5 973 тон­на инертті материал, 35 мың дана­дан астам қап, 68,6 тонна жанар-жағармай әзірлеп, жарылыс жұмыс­тарына 7 шарт жасасты. Сонымен қатар мемлекет­тік материалдық резервтен қоз­ғалт­қы­шының қуаттылығы 100 кВт, секундына 625 литр су айдайтын екі жыл­жымалы сорғы стансасы (АЕМ 500/10) берілді, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рустамбек Әмірин.

Ықтимал су тасқынымен күресуге 2 327 адам, 699 инженерлік, арнайы техникалар, 23 жүзу құралы, 355 мотопомпа дайындалып қойған. Қажет болған жағдайда Ертіс өзені бойында, оған кіретін өзендерде жарылыс жұмыстарын жүргізуге Аққулы, Май, Железин, Ертіс, Тереңкөл, Ақтоғай аудандарында, Ақсу қаласында 7 шарт жасалған.

– Бүгінде Шығыс Қазақстандағы Шүлбі суқоймасындағы судың көлемі – 81,5% (өткен жылмен салыстырғанда 3,5%-ға артық). Осыған байланысты Павлодар, Ақсу қалаларының әкімдіктері қысқа мерзімде Ертіс өзенінің жағасын нығайту жұмыстарына кірісуі қажет, –  деді департамент бастығы.

 

«Дайындығымыз мығым»

Су тасқынының алдын алу іс-шара­ларына облыстағы бюджеттерден 603,4 млн теңге бөлу көзделіп отыр. Қаражат қаптар, инертті материалдар, мотор сорғылары, шлангтар мен құбыршек, жанар-жағармай материалдарын сатып алу, еріген суды сору, тырмалау, қар шығаруға, т.б. жаратылады.

Аймақта қар еріп, өзен-көлдер көте­ріл­ген уақытта 52 елді мекенді су басу қаупі бар. Су басу қаупіне неғұр­лым бейім ауылдық жерлердегі тәуекел­дер­ді төмендету мақсатында Атамекен кентінде, Кенжекөл ауылы мен Ақсу қаласы маңында қорғаныс үйінділерін нығайту жүргізілген. Өткен жылы су тасқыны кезінде ең көп зардап шеккен Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында жалпы сыйымдылығы 200 мың текше метр болатын 3 қазаншұңқыр қазылып, ұзындығы 2,3 км, биіктігі 3 метр­ге дейін топырақ үйінділері салынды. Баянауыл ауданының Қаныш Сәтбаев, Ұзынбұлақ, Жаңажол, Жаңатілек ауылдарында лиманды суару жүйелерін реконструкция­лау жөніндегі жобалар іске асырылып жатыр. Жобалар Айдос, Қарасу, Ащы өзендерінен келетін тасқын суларды жинақтауға, оларды лиманды суармалы жерлерге бөлуге бағытталған. Соның нәтижесінде Баянауылдағы 17 елді мекенді су басу қаупі азаяды.

– Өткен жылдардың қателігі облысқа сабақ болды. Кейбір жерлерде көктемгі су басудың қауіп-қатерін азайтуға қатысты кешенді түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы құны 6,5 млрд теңге қара­жатқа бірқатар инвестициялық жоба­лар тыңғылықты жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Сілеті өзенінің облыс шекарасындағы арнасын тазартып, түбін тереңдету, жағалауды нығайту, Башмачное ауылында жағалауды бекі­ту жұмыстары сәтімен орындалды. Қазір ау­мағымызда орналасқан 23 гидротех­никалық құрылыс (суқоймалары, бөгет­тер, т.б.) тұрақты мониторингте тұр. Ав­то­жолдарда орналасқан 1 278 су өткі­зу құбыры бар. Қалалар мен аудан­дар­дың әкімдеріне 20 ақпанға дейін қар шығару жұмыстарын жүргізу, 1 наурызға дейін «ҚазАвтоЖол» филиа­лымен бірлесіп, жолдардағы су өткізу құбырларын ашу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды. Өңіріміз «Жасыл аймаққа» жатқызылғанына қарамастан, дайындығымыз жоғары деңгейде болуы керек. Баянауыл, Ақтоғай, Павлодар, Май аудандары ерекше назарда болады. Аудан әкімдері су басатын тарихи орындарды зерделеп, ауа райына, су айдындарының толуына мониторинг жүргізіп, халықты, инфрақұрылымды қорғау мақсатында барлық алдын алу шараларын қабылдауы қажет. Жалпы, дайындығымыз мығым, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов.

 

Аудандардағы ахуал қалай?

Мамандардың сөзіне құлақ түрсек, биыл негізгі қауіп Ақтоғай, Баянауыл, Павлодар аудандарында туындауы мүм­кін. Ендеше, аталған аудандардың дайындығы көңілден шыға ма? Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, таулар мен далада жиналған қар қорынан бөлек, бірнеше суқоймасы орналасқан Қарағанды облысынан да мол су келеді.

– Су тасқынына жедел ден қою мақсатында көлік құралдары мен құрал-жабдықтар, жанармай қоры, инертті материалдар дайындалды. Ауданның автожолдарында 378 су өткізетін құбыр ашылады. Ауылдық аумақтардан қазірге дейін 2 625 тонна қар шығарылды. Баянауылдағы су тасқыны жағдайының күрделенуі негізінен Ащысу өзенімен байланысты. Қолдағы мәліметтерге сүйенсек, Қарағандыдағы «Қаратоқа» суқой­масының жобалық көлемі 3 млн шаршы метр болса, қазір оған 1 млн шаршы метрдей су жиналған. 4,2 млн текше метр су сыятын «Ақжар» суқоймасы қазіргі күні 71%-ға толған. Бұл жағдай бізді алаңдатады, – деді А.Кісентаев.

Ақтоғай ауданында 7 елді мекен бақылауға алынған. Шұға, Шілікті, Жа­лау­лы ауылдарына қалың түскен қар­дың еруі, Шолақсор ауылына Ақмола облысындағы Сілетіден келетін су, Әуелбек, Жаңабет, Жамбыл ауылдарына Ертіс өзенінің тасуы қауіп төндіреді. Жеті ауылда жалпы саны 2043 адам тұрып жатыр.

– Былтыр Жалаулы ауылында оннан астам үйді төтеннен келген топан су басып қалған еді. Елді мекенде 3 қазаншұңқыр салынды, биыл келетін мол суды сол «құйып» ала ма деген үмітіміз зор. Шұға ауылының аумағында, Басқамыс – Қарақоға – Шұға – Жолболды автожолында 8 су өткізгіш құбыр бар. Көктемгі кезеңде еріген суды төменгі учаскелерге бұру жұмыстары қосымша жоспарланып қойды. Әуелбек, Жаңабет, Жамбыл ауылдарында өткен жылы биіктігі 2–2,5 метр болатын топырақ үйінділері тұрғызылды. Ауылішілік жолдарды қысқы күтіп ұстауға, оның ішінде қар шығаруға аудандық бюджеттен 30,1 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ шұғыл шығындарға 24,6 млн теңге қарастырылып қойды, – деді Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов.

Павлодар ауданында да дайындықтар пысықталып жатыр. Аудан басшысы Дидар Ибраев жақында қауіп туындауы ық­тимал Розовка, Рождественка, Ефре­мов­ка, Заря ауылдары тексерілгенін мә­лім етті. Мичурин, Жаңақала, Чер­нояр­ка, Сычевка, Каракөл, Пресное ауылда­рында 3,8 км қорғаныс бөгеттері тұр­ғызылып, нығайтылған. Биыл мұн­дағы елді мекендерден 12 мың тоннаға жуық қар шығарылады деп болжанып отыр.

 

Су арнасында комиссия құрылды

Сәтбаев атындағы каналда су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу, олардың салдарын жою жөніндегі комиссия құрылды. Мұндағы өндірістік нысандарға қатысты іс-шаралар жоспары жасалып, 1 наурыздан бастап бө­лім­шелерде тәуліктік кезекшілік ұйым­дастыру көзделіп отыр. Су ресурста­ры және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК Павлодар филиалының басшысы Арман Оспановтың айтуынша, арна бо­йында 8 техника дайындалған.

– Павлодар филиалының нысанда­ры мен гидротехникалық құрылыстары­нан елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Қа­зірде филиал нысандарында бөгеттерді, кірме жолдар мен гидротехникалық құры­лыстарды қардан тазарту жұмыста­ры жүргізіліп жатыр. Павлодар, Май, Ақто­ғай аудандарында жалпы аумағы 16,7 мың гектар тұрақты суармалы жерлерді қалпына келтіруге қатысты төрт жоба іске асырылады. Су шаруашылығын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес Аққулы, Май, Ақтоғай аудандарында суару жүйе­лерін (сағаларды) қайта құру жоспарланып отыр, – деді кәсіпорын басшысы.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15