Аймақтар • 19 Ақпан, 2025

Жайықтың суы жайылмасын десек...

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақпан айының 14-інен бастап Ресей Жайық өзенінің бастауындағы Иреклі суқоймасынан жіберілетін су көлемін секундына 60 текше метрден 108 текше метрге көбейтті.

Жайықтың суы жайылмасын десек...

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бұл – солтүстік көршіміздің былтырғы алапат су тас­қы­­­­нынан сабақ алып, ертерек қам жасаған қарекеті. Қазірдің өзін­де Иреклі суқоймасы 76%-ға толып тұр. Былтыр көктемде күрт еріген қар суы қоймадан шығып үлгермей, жолын­дағының бәрін жайпап, Жайық өзенінің жоғарғы жағындағы халықты да біраз әбігерге салды.

Облыс басшылығы Ресей Феде­ра­ция­сының Орын­бор, Саратов об­лыс­тарындағы гидро­техникалық ке­шен­дердің жай-күйі, төменге түсіп жатқан су мөлшері туралы күнделікті ақпарат алмасып отыр. Облыс әкімі бастаған арнайы делегация Орынбор облысының мүдделі ведомстволарымен кездесіп қайтты.

Көп жылғы есептеуге қарағанда, Ирекліден құлаған су Батыс Қазақстан облысына жеткенше бір айдай уақыт өтеді. Мамандар әзірге тасқын қаупі жоқ екенін айтып отыр. Қазір Орал қа­ла­сының тұсында судың деңгейі 1,6 метр ғана. Су 6 метрлік деңгейден асқан­да ғана арнасынан шығып, саяжайларды баса бастайды.

Жақында облыс әкімдігінде көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша мәжіліс өтті. Гидрологтер, метеорологтер, төтенше жағдай қызметі алдағы ық­ти­мал тасқынның болжамын жасап, дайындықты күшейткен.

«Наурыз айында күн күрт жылынып, нөсер болса, тоң еріп үлгермей, су жерге сіңе алмай, еріген қар суынан тасқын пайда болуы мүмкін. Әсіресе Орал қаласында, Тасқала, Қазталов, Те­­ректі, Бөрлі, Шыңғырлау, Сырым, Қаратөбе, Ақжайық, Бәйтерек аудандарында тасқын қаупі жоғары», дейді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы.

Бүгінде облыста су басу қаупі бар 186 елді мекен есепке алынған. 2025 жылғы су тасқыны кезеңінде елді мекендерді қарғын судан қор­ғауға 3,9 млрд теңгеге жалпы ұзын­дығы 107 шақырым 53 қорғаныс бө­геті тұрғызылған. Оның ішінде Шың­ғырлау өзенінде ұзындығы 25,2 км 8 бөгет, Қалдығайты өзенінде 3 км 2 бөгет, Өлеңті өзенінде 6,5 км, Бұл­дырты өзенінде 1,2 км, Елек өзенінде 13,2 км 5 бөгет, Қайыңды өзенінде 1 км, Жақсыбай өзенінде 3,2 км, Сарыөзенде 0,5 км, Быков өзенінде 3 км бөгет салынды. Жайық өзені жағалауларына жалпы ұзындығы 23,8 км 14 бөгет түс­ті. Далада еріген қар суын қауіпсіз жақ­тарға бағыттауға арналған 26,4 км 18 бөгет соғылған. Сонымен бірге 9 км су бұру каналы, 93 км арық салынды, елді мекендердің ішінде 582 метр су өткізу құбырлары орнатылды. 74 км ма­гистралдық каналдар тазартылды. Көшім, Быков өзендерінің түбін тереңдету, тазалау жұмысы жүр­­гізілді.

 

Батыс Қазақстан облысы