
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Біздің балалық шағымызда ауыл қызық еді. Көңілді болатын. Бірақ 90-жылдардағы экономикалық қиыншылық ауылға қатты соққы болып тиді. Қатты күйретіп кетті. Ұжымдық шаруашылық жабылғаннан кейін жұмыссыздық белең алды. Жұрт «екі қолға – бір күрек» іздеп, басқа жаққа көше бастады. Көпшілігі қалаға қоныс аударды. Сөйтіп, ауылда біраз үйлер бос қалды. Студентпін. Бірінші курсты аяқтап, жазғы демалысқа келген едім. Ауылдың ортасында ну орман секілді үлкен саябақ бар-тұғын. Аумағы да атшаптырым. Жазда жастар кешқұрым соған жиналады. Саябақтың қасында Мәдениет үйі орналасқан. Мен де асығып осы жерге келдім. Көптен көрмеген құрдастарыммен кездесіп, мәре-сәремін. Бір кезде клубқа қарасам, орнында жоқ. Тып-типыл. Төмпешік болып жатыр. Шошып кеттім.
Бұл Мәдениет үйі сонау 60-жылдары бой көтерген. Ауылға айрықша көрік берген сәулетті ғимарат болатын. Оның сахнасында кімдер ән салмады дерсіз? Ақжол Мейірбеков, Құдайберген Бекіш, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева секілді мәдениет майталмандары өнер көрсетті. Бұрынғы Торғай облысының атағы кең жайылған «Шертер» фольклорлық-
этнографиялық ансамблінің өнерпаздары да жиі келетін. Оның үстіне ауылға қонаққа келген қаншама ақын-жазушы, ел ағаларымен осында талай мәрте кездесу өтті. Мәдениет үйінің бір жағында ауылдың орталық кітапханасы орналасқан еді. Оның кітап қоры өте бай болатын. Сондай-ақ бала күнімізде клубта күнде кино көрсететін. Сонымен қатар сенбі-жексенбі күндері жастар би кешін өткізетін. Міне, осындай тарихы бар ғимарат кеңшар тарағаннан кейін қараусыз қалды. Жылу жүйесі істен шықты. Тоналды. Ақыры, иесіз қалған дүниені бір күні ауыл адамдары бұзып, материалын ту-талақай бөліп алған.
Бірде анамнан шай үстінде осы оқиғаның мән-жайын сұрадым. Менің сұрағыма апам ұзақ ойланып барып, жауап қатты. «Біздің жастық шағымыздың көзі еді сол клуб. Бір күнде бұзып тастады. Оның бір-екі заты қай жыртыққа жамау боларын білмеймін. Бір жағынан, қазіргі пенделердің пейілі өзгерді ме деп ойлаймын. Клубтың сахнасында ел сыйлаған қаншама жан өнер көрсетті. Сөз сөйледі. Мұнда осы елге еңбегі сіңген ата-әжелеріміздің де табанының ізі қалды. Олардың арасында киелі адамдар болды. Солардың киесі ұрар деп ешкім ойлаған жоқ. Мен содан қорықтым», деп күрсінген еді.
Ауылға барған сайын баяғы клубтың төмпешік болып қалған орнын көремін. Сонда марқұм анамның кие туралы айтқаны ойыма түседі.