Аймақтар • 20 Ақпан, 2025

Жылу жүйесін жаңарту көңіл көншітпейді

103 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Павлодар облысында биыл жылу желілерін жаңартуға қазынадан 31,9 млрд теңге бөлінген. Қаражат есебінен 30 км жылу жүйелері жаңартылуы керек.

Жылу жүйесін жаңарту көңіл көншітпейді

Суретті түсірген – Валерий БУГАЕВ

Ертіс-Баян өңіріндегі үш қала­да – Павлодар, Екібастұз, Ақсуда жылу желілері мейлінше тозып тұр. Қазына қаражаты есебінен жыл сайын там-тұмдап жөндеу жүргізілгенімен, жеке фирмалар мен тұлғалар жүйенің жағдайына аса алаңдамайды. Тозудың жыл са­йын ұлғаюына бұл да үлкен себепкер. Кейінгі үш жылда Павло­дар қаласындағы кең ауқымды жаңар­ту жұмысына қарамастан, мұн­дағы тозу көрсеткіші небәрі 7%-ға ғана жақсарған (2022 жылы – 89%). Аймақтағы жылумен жаб­дықтау желілерінің ұзындығы 1438 километрді құраса, басым бө­лігі Павлодар қаласына тиесілі – 828,1 км.

Өңірлік энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық басқармасының мәліметіне сүйенсек, ең күрделі мәселе Екі­бастұз қаласында, жылумен жаб­дықтау желілерінің жалпы тозуы – 79,7%. Павлодар қаласында бұл көрсеткіш 81,8% болса, Ақсуда 54,5%-ды құрап отыр. Cу жеткізетін құбырлардың тозуы – 47,1%. Бұл ретте жаңартуды ең көп қажет ететіні – облыс орталы­ғы, мұндағы су құбырларының ­70,2%-ы көнерген.

– Биыл жалпы ұзындығы 30 км жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту, салу бойынша 8 жо­баға жобалау-сметалық құ­жат­тама, оның ішінде Павлодар қала­сы бойынша 15,1 млрд теңге сомасы­­на жылумен жабдықтау желілерін ­(12 км) салу, қайта жаңарту бойын­ша 3 жоба, Екібастұз бойынша 11,3 млрд теңгеге 3 жоба (5,5 км), Ақсу бойынша 5,5 млрд теңге сомасына 2 жоба (12,5 км) әзірленген. Сон­дай-ақ сумен жабдықтау бойынша ­4,5 млрд теңге сомасына 2,4 км же­лі­ні қайта жаңартуға қатысты 5 жо­ба­ға жобалау-сметалық құжат­­тама дайын, – дейді өңірлік энерге­­­тика және тұрғын үй-коммунал­­дық шаруашылық басқармасының ­басшысы Ержан Иманзайыпов.

Еске сала кетелік, 2022 жылдың соңында Арқада сақылдаған сары аяз табандап тұрып алып, 27 қа­раша күні Екібастұз ЖЭО-да үл­кен апат болды. Қала тұрғындары жы­лусыз қалды. Қысты көмірлі қала­ның жұрты пәтерлерінде бүр­сең қағып өткізді. Кейінгі екі жылда қазынадан миллиард­тап қаражат бөлініп, қаусап тұр­ған жылу желілері жөнделді, жер­гілікті ЖЭО-ның жабдықтары жа­ңарды. Былтыр жыл ортасында оли­гархтар Клебанов пен Кан Екі­бастұз жылу орталығын қала билігіне өткізді. Жалпы, құны 3,7 млрд теңге тұратын мүліктерді Екібастұз қаласы әкімдігі өз балансына қабылдап алғанымен, кейін орталықты «Самұрық-Энер­гоға» сенімгерлік басқаруға берді. Акционерлік қоғам стансаны «Energy Solution Center» ЖШС еншілес компаниясы арқылы бас­қарып отыр. Биылғы қыс Екібастұз қаласының тұрғындары үшін алаң­сыз өтіп жатыр.

Өкінішке қарай, 50 мыңнан астам адам тұратын Ақсу қала­сын­дағы жылу-энергия орталы­ғы жиі сыр беріп тұр. Жергілікті ферроқорытпа зауытының аума­ғында орналасқан ескі орталық­тың желілік сорғылары 2024 жылғы желтоқсан айында екі мәрте тоқтап қалды. 2019 жылы жаңадан салынып, әлі күнге қаңтарылып тұрған жаңа қазандықтың қашан іске қосылары әзірге белгісіз. Кейінгі жылдары Ақсуда жаңадан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар көптеп салынып жатқаны себепті, жылу тапшылығы айқын сезіле бастады. Ескі қазандықтың қуаты шаһарды жылытуға әрең жетіп отыр. Алдағы сәуір айында жаңа қазандықта сынақ жұмыстары жүргізіледі. Егер барлығы сәтті шықса, комиссия нысанды қабыл­дауы ықтимал. Бірақ бұл жерде тағы бір кілтипанның басы қыл­тиып тұр. Жаңа қазандықтан шы­ғатын жылудың бағасы үш есеге жуық қымбаттап кетуі мүмкін.

– Ақсу қаласын жылытуға ар­налған жаңа қазандықтың құ­ры­лысында әу баста инженерлік қателік кеткенін бұған дейін де айтқанбыз. Қазандықтан шы­ғатын жылудың температурасы 110 градус, қысымы шар­шы сан­тиметріне 9,5 кг болуы керек. Алғашқы сынақтарда бұл норма­ны бағындыру қиынға түсіп, кемшіліктерді жою ұзақ­қа созылды. Ендігі жерде одан шығатын жылудың тым қымбат­қа түсетіні белгілі болып отыр. Егер биыл қазандық іске қосы­лар болса, қаладағы жылу тарифі бірден 2,5 есе өсіп шыға келетін еді. Бұл жағдайды болдырмас үшін бюджеттік мекемелерге арналған тарифті 5 есе, жеке тұ­тынушыларға 20% арттыруды ұсынып отырмыз. Тек осылай­ша ғана қала тұрғындарына ауыртпалық түсірмейміз, – дейді өңір басшысы Асайын Байханов.

Облыс әкімдігінің дерегін­ше, қазіргі қарқынмен барлық жылу құбырларын жаңалап шығу­ға 17 жылдай уақыт кетеді. Жылу жүйесінің мамандары қаражат­ты көбірек бөліп, жаңартылатын құбырлардың санын еселеп арттыру керек дейді. Әйтпесе желілерді тозу көрсеткішін реттеу қол жетпес армандай болып қала бермекші.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15