Президент • 20 Ақпан, 2025

Қазақстан – Иордания: Сенім мен ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

110 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әл-Хусейния сарайында Иордан Хашимит Корольдігіне ресми сапармен барған Қазақстан Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекет басшысын Король II Абдалла бен әл-Хусейн мен Тақ мұрагері Әл-Хусейн күтіп алды.

Қазақстан – Иордания: Сенім мен ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Экономикалық байланысты жандандыратын мүмкіндік

Мәртебелі мейманның құрметіне сарай алдындағы алаңда Құрмет қарауы­лы сап түзеп тұрды. Әскери оркестр Қазақстан мен Иорданияның мемле­кеттік әнұрандарын орындады. Құрмет қара­уылы ротасы бастығының рапорты­нан кейін мемлекеттер басшылары келіссөз залына барды.

Президент, ең алдымен, Король II Абдалланың билік басына келгеніне ширек ғасыр толуымен құттықтап, оның Иордания халқының өсіп-өркендеуіне және елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету мен халықаралық аренадағы абырой-беделін арттыруға бағытталған жасампаз бастамаларының сәтті жүзеге асырылуы­на тілектестік білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасын­дағы достық пен ынтымақтастықты ны­ғайтуға үлес қосып келе жатқаны үшін Иордания көшбасшысына алғыс айтты.

р

Президенттің пікірінше, Иордания – бей­бітшілік пен тұрақтылықты сақ­тау­ға бейіл ел ретінде халықаралық қоғам­дастық тарапынан мойындалған мемлекет.

– Бұл сапарымның мақсаты – біздің қа­рым-қатынастарымызға, достығымыз бен сауда-экономикалық байланыс­тары­мызға тың серпін беру. Әлемде орын алып жатқан үдерістерге қатысты көзқарасымыз бен оған беретін бағамыз ортақ деп санаймын. Сонымен қатар біз саяси деңгейдегі ынтымақтастығымызды тереңдете түсуге ниеттіміз. Біздің айқын жоспарымыз бар. Таяу болашақта нақты уағдаластықтарға қол жеткізіп, оның оң нәтижелерін көретінімізге сенімдімін. Біз өзара ықпалдастығымыздың аясында аянбай жұмыс істеуге дайынбыз. Иорданияны достас мемлекет деп санаймыз. Екі елді байланыстыратын дүние көп, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгін қабылданатын Бірлескен мәлімдеме мен келісімдер Қазақстан –Иордания ынтымақтастығын екіжақты және көпжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша арттыруға қос тарап та мүдделі екенін білдіреді.

Өз кезегінде Иордания Королі II Абдалла Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары екі ел ара­сындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды одан әрі кеңейтуге мол мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Өзіңізді және Сіздің құрметті деле­гацияңызды Иорданияда қарсы алға­ныма қуаныштымын. Бүгін эконо­микалық байланыстарды жандандыруға және жеке сектор үшін мол мүмкіндіктер ашылады. Бұл өте маңызды, – деді Иордания Королі.

Келіссөз барысында тараптар сау­да, инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруа­шылығы, көлік-логистика, туризм, энергетика, цифрландыру және фармацевтика секілді негізгі секторлардағы өзара тиімді ынтымақтастықтың келешегін егжей-тегжейлі талқылады.

Екі елдің мәдени-гуманитарлық ықпалдастығын кеңейту мәселелеріне айрықша мән берілді. Қазіргі кезде Қазақстанның медициналық оқу орындарында Иорданияның 300-ге жуық азаматы білім алып жатыр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мен Иордания Королі халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Кездесу соңында Президент Иордания Королін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

 

Бірлескен мәлімдеме

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордан Хашимит Корольдігінің Королі II Абдалла бен әл-Хусейн Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Мемлекет басшысы Бірлескен мәлімдемеде Корольді таққа отырғанына 25 жыл толуымен құттықтады. Бұл мерейлі дата былтыр тойланған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Мәрте­белінің парасатты басшылығымен сая­си, әлеуметтік-экономикалық, әкім­шілік және басқа да салаларды қам­ти­тын ауқымды реформалар жүзеге асырыл­ғанын атап өтті.

а

Король II Абдалла бен әл-Хусейн Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық бастамаларына, Қазақстанда экономиканы жаңғырту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әлеуметтік әділдікті нығайту бағытында жүргізіп жатқан реформаларын қолдайтынын жеткізді.

Мемлекеттер басшылары ортақ құндылықтар мен мүдделерге негізделген екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтудың маңызын, барлық деңгейдегі жан-жақты диалогті алдағы уақытта да жандандыруға ұмтылыстарын растады.

Бірлескен мәлімдемеде энергетика, ауыл шаруашылығы, инфра­құрылым, ақпараттық технологиялар, өңдеу өнеркәсібі және фармацевтика сияқты салаларда өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету қажет екені айтылған. Сауда-экономикалық байланыстарды арттыру және түрлі секторларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңа мүмкіндіктерді зерделеуге уағдаластық жасалды.

Тараптар атом саласындағы ынты­мақтастықтың аясын кеңейтуге дайын екенін растады.

Екі ел арасындағы сауда-экономи­калық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін көлік және логистика бағыттарын, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытудың маңызына назар аударылды. Аталған салалардағы әртүрлі жобаларды іске асыру келешегін зерделеуге ниет танытып, туризм саласын дамыту мен іскерлік байланыстарды жандандыру үшін екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін қарастыруға қос тарап та мүдделі екенін білдірді.

Мемлекеттер басшылары білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, соның ішінде студенттер мен оқытушылар алмасуға, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулерді әзірлеуге келісті. Олар сондай-ақ халықтар арасындағы достық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін көрмелер мен мәдени күндер секілді бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру арқылы мәдени байланыстарды терең­детуге ниетті екенін айтты.

Тараптар биыл Астана мен Амман қалалары бауырластығының 20 жылдығы аясында фестивальдар, көрмелер және орнықты даму мен технологиялар саласында тәжірибе алмасу секілді бірлескен мәдени және іскерлік шаралар өткізуге дайын екенін жеткізді.

Мемлекеттер басшылары екіжақты қарым-қатынастарға тың серпін беріп, мүлдем жаңа деңгейге шығаруға ықпал ететін келіссөздердің нәтижесіне көңіл толатынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн екі ел үкіметтеріне Сауда-экономикалық, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан – Иордания үкіметаралық комиссиясының отырыстарын тұрақты түрде өткізуді, сондай-ақ сауда-эконо­ми­калық және инвестициялық ынтымақ­тастықтың келешегі зор бағыттарын анықтау үшін Іскерлік кеңестің қызметін жандандыруды тапсырды.

Бұған қоса тараптар халықаралық және өңірлік мәселелер, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдай жөнінде пікір алмасты.

 

Корольді «Алтын Қыран» орденімен марапаттады

Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнге Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыстады.

Президент марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде Қазақстан мен Иордан Хашимит Корольдігінің арасында берік серіктестік қатынастар орнағанын, Король ІІ Абдалланың қазақ-иордан байланыстарын нығайтуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.

– Ұлы Мәртебелі Корольдің айнымас ниетінің арқасында біз экономика мен инвестициялық ықпалдастықтан бастап мәдени және білім салаларына дейін өзара мүддемізге сай келетін ынтымақтастығымызды нығайттық. Аса көрнекті мемлекет қайраткері, бейбітшіліктің қорғаны әрі даналықтың үлгісі ретінде Сіздің ісіңіз әлемдегі көп адамға жігер береді. Қазақстан хал­қы Сізді ерекше құрметтейді. Иорда­нияның тек серіктес қана емес, на­ғыз достас ел екенін мақтан тұтамыз. Ұлы Мәртебелі Корольдің байыпты басшы­лығымен Иордания өңірдегі тұрақты­лықты, дінаралық диалогті және гу­ма­нитарлық қызметті ілгерілетуде шешуші рөл атқарып отыр. Бұл құндылықтар Қазақ­станның бейбітшілікті, толерант­тылық пен дипломатияны жақтай­тын ұстанымына сай келеді. Сіздің зор күш-жігеріңіз бен ұдайы қолдауы­ңыздың арқасында біз өзара ынтымақ­тасты­ғымыздың келешегіне зор үмітпен қараймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Король II Абдалла бен әл-Хусейн Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік марапатына лайық көргені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бауырлас қазақ халқына ризашылығын білдірді.

 

Иордания музейіне барды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Амманға ресми сапары аясында Иор­да­ния музейін аралап көрді. Мемлекет бас­шысын аталған нысанда ханзада Әли бен әл-Хусейн, Иордания музейі Қам­қор­шы­лар кеңесі төрағасының орынба­­сары, ханшайым Сумайя бинт Хасан мен музей директоры Ихаб Амарин қарсы алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев көрме залдарын аралап көріп, музей қорында сақталып тұрған сирек жәдігерлермен және экспонаттармен танысты. Сондай-ақ Мем­лекет басшысына Иордан Хаши­мит Корольдігіндегі ең үлкен музейдің құрылу тарихы жөнінде мәлімет берілді.

Музейдегі ерекше көрменің бірі – Кумран қолжазбалары. Онда тарихи құндылығы зор мыс қолжазбалардың фрагменттерімен танысуға болады.

Иордания музейі тұрақты экспозициядан бөлек, ұлттық тарих пен мәдениетті дәріптеу үшін уақытша көрмелер, дәрістер, семинарлар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырады.

Президент нысанды аралап көрген соң Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15