
Сурет: primeminister.kz
Қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетіледі
Отырыста күн тәртібіндегі негізгі мәселені талқыламас бұрын Олжас Бектенов Ұлытау облысында болған қайғылы жағдайға тоқталды.
«Үкімет атынан шахтадағы апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр», деді Премьер-министр.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен апаттың себептерін тексеру және зардаптарын жою бойынша үкіметтік комиссия құрылды. Жүргізіліп жатқан жұмыс туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың есебі тыңдалды. Екі күн бұрын «Қазақмыс» корпорациясының «Жомарт» кеніші шахтасында апат орын алғаны атап өтілді. 7 адам қаза тапты. Бұл ретте 402 адам өз бетінше эвакуацияланды.
Аталған жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық жедел штабы құрылды. Сенім телефонына 23 қоңырау түскен. Премьер-министрге үкіметтік комиссия апаттың себептерін тергеу бойынша жұмысты бастағаны, тиісті сараптамалар жүргізілетінін баяндады.
Алдын ала мәлімет бойынша, шахтада табиғи газ жарылған. Комиссия басшысы мен мүшелері оқиға орнында болып, қаза тапқандардың отбасыларымен кездесу өткізді. Қазір шахтадағы жұмыс тоқтатылды. Арнайы екі шағын комиссия құрылды. Біреуі апаттың себептерін, екіншісі қауіпсіздік ережелерін бұзу фактілерін анықтайды. Шағын комиссиялар өз жұмысын 10 күн ішінде аяқтауы керек.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қолдау шаралары көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясы ұжымдық шартқа сәйкес, жерлеу рәсімін ұйымдастыру, жылдық орташа жалақының 10 еселенген мөлшерін төлеуге, балалардың оқу ақысын төлеу, қаза тапқан жұмысшылардың несиелері мен қарыздарын өтеуге көмек көрсетеді.
Сонымен қатар қолданыстағы заңнама шеңберінде кеншілердің отбасыларына бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Сондай-ақ жерлеуге арналған төлемдер жүргізіледі. Жалпы, комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін тергеу нәтижелері ұсынылады.
Авиация саласы – даму үдерісінде
Кейінгі бес жылда сала көрсеткіштері екі есеге өсті. Былтыр отандық әуе компаниялар 14 млн 700 мың жолаушыны тасымалдады. Ол 2023 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 11%-ға көп. Әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушы саны 14%-ға өсіп, 29 млн 700 мың адамды құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев айтты.
«Ұшу қауіпсіздігі – азаматтық авиацияның басты міндеті. Еліміздегі бұл жетістікті Батыс Еуропа елдерінің көрсеткішімен қатар қоюға болады. Халықаралық авиациялық ұйымының бағалауы бойынша 82%-ды құрайды. Бұл әлемдік орташа деңгейден (70,8%) 11,2%-ға жоғары. Өткен жылы Еурокомиссия Қазақстан авиакомпаниялары үшін Еуропа одағына ұшуға қатысты «Қара тізімдегі» барлық шектеулерді толығымен алып тастады», деді Т.Ластаев.
Алдағы шілде айында Мемлекет басшысының шақыруымен алғаш рет ИКАО Кеңесінің президенті Сальваторе Шаккитано ресми сапармен елімізге келеді. Бұл Қазақстан мен ИКАО арасындағы ынтымақтастықтың жаңа сатысы болады.
Саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуде – әуе маршруттарының көбеюі мен әуе флотының жаңаруы маңызды рөл атқарады. Елімізде ішкі әуе тасымалын 6 әуе компаниясы 56 бағыт бойынша жүзеге асырады. Былтыр маршруттар саны 10%-ға артты. Бұл ел ішіндегі көлік қолжетімділігінің өсіп келе жатқанын көрсетеді. Әуе рейстерінің тұрақтылығы 75%-ды құрайды. Бұл әлемдік көрсеткішке сәйкес. Әуе тасымалы сапасын арттыру және рейстердің кешігуін азайтудың негізгі факторларының бірі – әуе кемелері паркін жаңарту және ұлғайту. Отандық әуе компаниялары жыл сайын 10-15 жаңа заманауи ұшақ сатып алады. Қазір елдің әуе паркінде 104 ұшақ бар. Биыл әуе паркі екі жаңа Airbus A320 NEO лайнерімен толықты. Жыл соңына дейін тағы 14 ұшақтың келуі күтілуде, бұл тасымалдау сыйымдылығын 15%-ға арттыруға мүмкіндік береді.
«Авиахабтарды дамыту мен ел әуежайларындағы жүк ағынын ұлғайту бойынша 6 әуежай анықталды. Осы мақсатта Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Ақтау әуежайларында инфрақұрылымды жаңарту мен логистикалық үдерістерді жеңілдетуге бағытталған 5 негізгі шара қарастырылған. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін 2 млрд 100 млн доллар көлемінде жеке инвестиция тарту жоспарланған. Атап айтсақ, Ақтауда әуе, автокөлік, теміржол және теңіз тасымалдарын біріктіріп, жүк ағынын қамтамасыз ететін толыққанды мультимодальды хаб құру көзделген. Хаб құрылымында ұшақтарға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу орталығы, сондай-ақ мамандарды даярлау бойынша оқу орталығы қарастырылған», деді вице-министр.
Әуежайлардың сапасы маңызды
Халықаралық әуе рейстерінің саны жыл сайын артып келеді. Қазір 31 елдің 58 қаласына 119 бағытта рейс орындалады. Былтыр 22 халықаралық бағытта 6 жаңа қалаға 12 рейс ашылды. Олардың қатарында Мумбай (Үндістан), Джидда (Сауд Арабиясы), Прага (Чехия) сияқты ірі қалалар бар. Сонымен қатар 10 бағыттағы рейстер қайта жанданды. Биыл 16 жаңа бағыт ашу жоспарланған. Еліміздің халықаралық әуе нарығына 4 жаңа шетелдік лоукостердің келуімен жолаушыларға бюджеттік әуе бағыттарын ұсыну мүмкіндігі артады.
Авиация саласындағы цифрлық трансформация жалғасып жатыр. Мемлекет-жекешелік әріптестігі аясында жүк тасымалдауда электрондық құжат айналымы жүйесі «E-freight» және әуе жолаушылары туралы деректерді жинау үшін API/PNR жүйелері енгізілді. Отандық әуежайларда жолаушыларға қағаз құжаттарды көрсетпей-ақ тіркеуден және бақылаудан өтуге мүмкіндік беретін «E-doc-airport» электрондық жүйесі енді. Қазір жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру, ұшақтың ұшу уақытын қысқарту және отын шығынын азайту үшін 8 маршрутты оңтайландыру, сондай-ақ рейстердің кешігуі кезінде цифрлық сақтандыру қызметтері – енгізу сатысында.
Бұл қызмет әуе билеттерін сату қосымшасына енгізілетін арнайы сервис болады. Ол жолаушыға рейс кешігуіне қарсы сақтандыру жасауға және рейс кешіккен жағдайда жедел түрде өтемақы алуға мүмкіндік береді.
«Еліміздің ең ірі 6 әуежайының аумағында арнайы экономикалық аймақ ашу туралы шешім қабылдап отырмыз. Олар халықаралық аренада бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Сондықтан инфрақұрылымды дамытуға және жүк тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылады. Келесі кезеңде осы әуежайлар барлық халықаралық стандарттар бойынша мультимодальды орталыққа айналуға тиіс. Бұл әртүрлі көлік түрлерімен жеткізілетін жүктерді қабылдау және тарату қызметтерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», деді О.Бектенов.
Туризмді дамытуда авиация саласының орны ерекше. Кендірлі, Зайсан және Қатонқарағай курорттық аймақтарында жаңа әуежайлардың құрылыс жұмыстары жақында басталып, биыл аяқталады. Көлік министрлігі осындай әуежайларға ұшу үшін шағын авиацияны дамыту жұмыстарын күшейтуі керек.
Жалпы бүгінде авиация саласының өсу резервтері және алдағы жылға арналған міндеттер айқындалды. Дегенмен шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Премьер-министр тиісті сала басшыларын соларға назар аударуға шақырды.
«Бірінші, халықаралық тәжірибеге сәйкес, әуе апатын тергеу және оған жол бермеу шараларын қабылдауды жеке ведомство жүзеге асырады. Алайда министрлік заңнамаға қажетті түзетулер енгізуді ұзаққа созып жіберді. Тездетіңіздер. Бұл қызмет биылдан қалмай жұмыс істеуге тиіс. Екінші, біздің алдымызда 2028 жылға қарай Қазақстан арқылы жүктерді әуе көлігімен тасымалдау көлемін екі есеге арттыру міндеті тұр. Сондықтан Көлік министрлігіне халықаралық нарықта лайықты орын алатын жүк тасымалдаушы ұлттық әуе компаниясын құру жұмысын жеделдетуді тапсырамын. Үшінші, ішкі ұшу сапарларының жиілігін арттыру, сондай-ақ халықаралық ұшу сапарларының географиясын кеңейту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ әуе рейстерінің кешігу жағдайлары да орын алады. Көбінесе бұл әуе компаниялары мен әуежайлардың арасындағы ретсіз жұмыстардың кесірінен туындап жатады. Сондықтан министрлікке өзара іс-қимылдың тиісті тетіктерін пысықтауды тапсырамын. Төртінші, жолаушылар тасымалын дамыту мақсатында қолданыстағы әуе кемелерінің паркін үнемі толықтырып, жаңартып отыру қажет. Әуе компаниялары қарыз алу және лизинг тетіктерін пайдаланады. Бұл жұмысқа даму институттарын, соның ішінде квазимемлекеттік даму институттарын да белсенді тарту керек. Көлік министрлігіне Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, әуе компанияларын, әсіресе шағын әуе компанияларын қолдау шараларын пысықтауды тапсырамын. Бесінші, Көлік министрлігі Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу арқылы саладағы бизнес-процестерді автоматтандыру бойынша жұмысты күшейтуі қажет», деді Премьер-министр.
Жалпы үйлестіру Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярға жүктелді.