
Сурет: sknews.kz
Жолаушылар Наурыз мейрамы туысқан екі елде қалай тойланатынын тамашалап, ұлттық дәстүрлердің ерекше үйлесімін сезіне алады. «Керуен Экспресс» туристік пойызы Алматыдан жол тартып, Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Тараз –Алматы бағытында жүреді. Саяхат ұзақтығы – 7 күн, 21–27 наурыз аралығында жол тартады.
«Jibek Joly» пойызы да Алматыдан жолға шығып, Алматы-Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Алматы бағытымен қатынайды. Тур 6 күнге созылады, 20–25 наурыз аралығында өтеді.
Туристік пойыздар заманауи отандық өндірістен шыққан жаңа вагондардан құралған, іші-сырты ұлттық ою-өрнектермен безендірілген. «Керуен Экспресс» пойызында 5 вагон бар: 4 купе, 1 мейрамхана вагоны. «Jibek Joly» пойызы 7 вагоннан тұрады: 6 купе, 1 мейрамхана вагоны.
Түркістанда туристер киелі орындар мен тарихи сәулет өнерінің жауһарларымен танысады. Олардың қатарында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Ұлы Жібек жолы дәуірінің ерекше атмосферасын қайта жаңғыртқан «Керуен-сарай» кешені бар.
Ташкентте туристер Хазрати Имам тарихи кешені, Барақ хан медресесі, Әбу Бәкір Каффал Шаши, Төле би кесенелері сынды тарихи орындарды аралап, көне сәулет өнерінің сырларына қанығады. Сонымен қатар «Magic City» тақырыптық саябағы, басқа да заманауи демалыс орындарында уақыттарын қызықты өткізе алады.
Самарқандта туристер Шахи-Зинда кешені, Гур-Эмир кесенесі, әйгілі Регистан алаңындағы Шер-Дор, Тіллә-Кари, Ұлықбек медреселерін аралап, көне өркениеттің тарихи мұраларымен жақынырақ танысады.
Туристік пойыздың қорытынды аялдамасы – еліміздің көне шаһарларының бірі Тараз қаласы. Мұнда туристер өңірдің тарихи-мәдени мұралармен танысып, бай архитектуралық жәдігерлерін тамашалай алады.
Турпакет құнына комфортты туристік пойыздағы жол жүру, жоғары деңгейдегі сервис, кәсіби гидтер жетекшілігіндегі экскурсиялар, тамақтану, кіру билеттері, трансфер қызметтері қамтылған.
Тур ҚТЖ-ның ұйымдастыруымен, «Өзбекстан темір жолдары» компаниясы, Туризм комитеті, Көлік министрлігі, «Kazakh Tourism», Тараз қаласы, Түркістан облысы әкімдіктерінің қолдауымен жүзеге асырылады.