
Аталған жоба – партия мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлескен бастамасы. Оған облыстар мен қалалардың жергілікті атқарушы органдары да атсалысып жүр.
– Жастар зияткерлік, инновациялық және еңбек әлеуетінің резерві бола отырып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін бере алады. Бүгінде экономикалық белсенді жастардың үлесі жұмыс күші жалпы санының 39 пайызын құрайды. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек нарығында талап етілетін дағдыларға баулу үшін кәсіптік стандарттар мен жаңа оқу бағдарламаларын бекіту, жұмыс берушілер, мектептер мен колледждер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, тәлімгерлік институтын дамыту, қауіпсіз жұмыс орнын құру, сондай-ақ жұмысшы кәсіптерінің имиджін арттыру бағытындағы іс-шаралар көзделген. Алдағы 6 жылда кадрларға сұраныс 1,6 млн адамды құрауы мүмкін деп болжанады. Оның ішінде әсіресе, кәсіптік-техникалық білімі бар жұмыскерлерге қажеттілік артпақ, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.
Былтыр 1,5 мыңнан аса іс-шара өткізіліп, 150 мың жас қамтылды. Жұмыс берушілермен 5 мыңнан аса меморандумға қол қойылды. Соның бірі – Петропавл қаласындағы Киров атындағы кәсіпорын. Мұнда нағыз кәсіби мамандар топтасқан. Олар шеберлігін, қарым-қабілетін көрсетіп, ең бастысы адалдығымен отандық өндірістің ілгерілеуіне септігін тигізіп жүр. Осындай мамандардың бірі – 5-санаттағы темір ұстасы Санат Мақанов. Ол зауытта 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Осы аралықта білікті маман «Үздік темір ұстасы» байқауының жеңімпазы атанып та үлгерген. Бұған қоса кәсіби жетістіктері үшін облыс және қала әкімдіктерінен, Индустрия және құрылыс министрлігінен бірнеше рет грамота алып, еңбегі еленген. Ал 2020 жылы «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Күнделікті өмір салтынан спортты да тыс қалдырған емес, 2017 жылы «Ринг патшасы» турнирінің жеңімпазы атанды. Кәсіпорын басшылығы да ұстаның еңбегін жоғары бағалап, әрдайым қолдау білдіріп келеді. Бастапқыда зауыттың жатақханасында тұрған Санат кәсіподақ арқылы тиімді ипотекалық бағдарламамен пәтер сатып алған.
– Жұмысшы мамандар маңдай термен, қара күшпен еліміздің ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Былайша айтқанда, белгілі бір кәсіпорын, өндіріс не зауыт бір ғана адамның, отбасының қамы үшін емес, бүтін Қазақ елінің болашағына да үлес қосады. Өзімнің жауапкершілігі мол салада еңбек етіп жүргеніме ризамын. Сондықтан жастардың осындай ортадан өз орнын тапқанын, еңбек жолын зауыттан бастағанын қалаймын, – дейді С.Мақанов.
Еліміздің барлық өңірінде 200-ге жуық бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, оған 5,2 мың ұйым қатысқан. Нәтижесінде, 55 мыңнан аса адам жұмысқа шақырту алып, 562-сі еңбекке араласып кетті.
Ілкімді істің игілігін көргендердің бірі – түркістандық Сұлушаш Оразбай. Сайрам ауданында тұратын жас алдымен Жұмыспен қамту орталығына барып тіркелген. Кейін мамандар «Бос орындар жәрмеңкесі» өтетінін хабарлап, сол алаңнан жұмыс іздеуге қолқа салған.
– Орайы келіп, сәті түсіп Қасымбек датқа ауылындағы №64 орта мектепке іс жүргізуші болып орналастым. Ауылда көбіне мұғалім мен дәрігерге жұмыс табылады. Егер кәсіпорын, өндіріс орны, тағы сол сияқты зауыт аумағындағы елді мекен болса, тіпті жақсы, өзге де мамандықтар бойынша еңбек етуге болады. Жалпы бағыт-бағдар беріп, жөн сілтейтін бағдарламалардың болғаны қуантады, – дейді Сұлушаш.