Жастар • 22 Ақпан, 2025

Әминаның озық тәжірибесі

110 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көкшетаулық Әмина Рахымбергенова Сан-Франциско қала­сындағы «Minerva» университетінде білім алады. Қазірдің өзінде ІТ саласында бірнеше жаңалық ашқан өнертапқыш. Бір­неше халықаралық байқауға қатысып, жеңімпаз болды. Батыс­тың атағынан ат үркетін ірі компанияларында жұмыс та істеп үлгерді.

Әминаның озық тәжірибесі

Әминаның математика пәніне бейімі ерте бай­қал­ған болатын. 16 жасын­да Америка Құрама Штаттарының «TechGirls» халықаралық жазғы тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған байқау жеңімпаздарының бірі. Сол кезде беделді ІТ портал Әминадан сұхбат алып, веб-сайт және мобильдік қосымшалардың бағдар­лама­ларын түзу туралы пікірін жариялаған болатын. Астана қаласындағы Назарбаев интеллектуалды мектебін бітір­геннен кейін осы салада тынымсыз еңбектеніп, жаңалық ашуға ұмтылды. Интеллектуалды мек­теп­­тің алдынан үміт күттіре­тін озық оқушыларының бірі, мектеп қауымдастығының пре­зи­денті, физика, математика, информатика пәндері бойынша өткізілген көптеген олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпазы білім шыңын бағын­дыруды армандайтын.

Табиғат сыйлаған қабілетінің арқасында білім саласында қол жеткізген табысының нәти­­жесінде Әмина АҚШ-тың ең атақты «Minerva» универ­сите­тінің студенті атанды. Ендігі бағыт – компьютер ғылымы мен математика.

«Мен мектепте оқып жүр­генде-ақ ғылыми жұмыс­тар­мен айналыса бастадым, – дейді Әмина Еркінқызы. – Біз фотобио­реактор құрылғысын құрас­тырып, балдыр өсіре бастадық. Одан экология­лық жағынан таза, шығын аз жұм­­салатын биоотын жасауға болатын. Әрине, біз зертханада жұмыс істедік. Қазіргі күні Швейцарияда мұндай жоғары технологияны қолдану қатты дамыған. Онда балдырды кәдімгі көлдерге өсіреді. Мұның пайдалы жағы да бар, су айдындарындағы эколо­гиялық жүйе жақсара түседі әрі барлық жағынан тиімді отын алынады».

Әминаның пайымдауына қарағанда, мұндай экология­лық жағынан таза биоотынды елімізде де өндіруге әбден болады екен. Тек бастапқы бетте технологияның өзі біршама қымбатқа түсуі мүмкін. Арзан болуы үшін үлкен көлемде жұмыс істеуі керек.

Әмина таңдаған университет студенттердің ғылыммен айналысуына барлық жағ­дай туғызып отыр. Олар әлем­­­­нің бірнеше ірі орта­лық­та­рын­да ғылыми жұ­мыс­­пен шұғыл­да­нады. Әмина алғашқы жылы АҚШ-та ғылыммен айналысса, уни­вер­ситеттің екінші курсында білім алғанда жарты жыл бойы Тай­ваньда тұрып оқып, ғылыми жұмыспен шұ­ғыл­дан­ған. Келесі семестр Корея­ның Сеул қаласында өткен. Одан соң жас ғалымның сапары Буэнос-Айрес, Берлин, Токиода жалғаспақ.

Әмина – екінші курс студенті. Соның өзінде ондаған жоба мен ғылыми зерттеуге қатысып үлгерген. Бізбен тілдескенде осы тақырыпта көп-көп әсерлі әңгіме айтты. Әсіресе Сан-Францискодағы оқу барысы. Бірінші курста оқып жүргенінде жергілікті компанияда тәжірибеден өткен. Олар робот дайындау жұмысын қолға алыпты. Зерттеушінің ­айтуы­­на қарағанда, робот жұмыс барысы кезінде адамдардың барлық іс-қимылын мүлтіксіз орындай алады. Ал Әмина болса, роботқа көз орнатуды қолға алған. Кәдімгі бейнекамера арқылы тиісті бағ­дарламасын жасап, іске қосқан кезде робот төңіректегі бар іс-қимылды көріп тұрады. Міндеті де аз емес. Камерадан бөлек, қаптаған приборлар мен микро компьютерлердің жұмысын үйлестіру қажет. Жанар ұшына іліккен кескін­демелерді көріп қана қоймай, түсіну және қажетінше қимыл­дау қажет. Америкалық жас компания қарапайым қазақ қызының ойлап тапқан жаңа­лы­ғын жылы қабылдапты. Сан-Францисколықтар қазір стартапты енгізу үшін инвесторлар іздестіріп жатыр.

Әмина Хакатон ІТ жобаларын сараптау ісіне де бірнеше мәрте қатысқан. Хакатон деге­німіз – 24 сағаттың ішінде команда жаңа идеяларды өмірге әкеліп, бағдарлама, сайт және ұсыныс дайындап, өздерінің мақсат-мұратын жүзеге асы­ру­­лары қажет. Стэнфорд уни­верситетінде Әмина ко­ман­­да мүшелерімен бірге кәсіпкерлерге қажетті онлайн­ дүкен ашу үшін қосымша әзірледі. Қосымшаның көмегі­мен мобильді телефонның камерасы арқылы 10 секунд­тың ішінде тауардың 3D-моделін құруға болады. Тай­­ваньда жаңалыққа жаны құмар жастармен бірлесіп ауру­ханаға келушілер мен дәрігерге дейінгі қабылдауды жеделдететін бағдарлама ойлап тапты. Осындай байқауға олар Калифорниядағы NASA-ның штаб-пәтері арқылы қа­тысты.

«Мұндай байқаулардың бір жақсы жері өзіңнің де үйренерің аз еместігі», дейді Әмина, – ең бастысы ойыңа келген идея мен оның жүзеге асырылуы адамдарға пайдалы болуы керек. Бүгінде жұмыс атқаруға екпін түсіріліп жатыр. Бұл, әрине, экономикалық жағы­нан арзанға түседі. Адамдарды ауыр еңбекке пайдаланған­ша, роботтың атқарғаны көп жақсы әрі тәжірибеден көрініп тұр­ғанындай, роботтар сирек қате­леседі. Жасанды интеллект адамзаттың ақыл-ойын тола­йым ауыстыра алмайды. Адам­ның ойы мен қиялы шексіз».

Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, алыс-жақын шетелдерде өзі танып-білген білімді жастар аз емес екен. Түптің түбінде сол жастар атажұртқа қай­тып оралып, үй­ренген озық тәжірибе, мол білі­мін ел бо­ла­ша­ғына жұмсаса, келе­шек­тің кеңістігі сәулелене түсер еді.

 

Көкшетау