Қоғам • 25 Ақпан, 2025

Маңызы айқын «Мәміле»

161 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елдегі түрлі этнос өкілдерін ұйыстырып, олардың дәс­түрлері мен мәдениетін сақ­­­­тауда Қазақстан хал­қы Ассамблеяның құ­ры­­­­лым­­дары маңызды рөл ат­қа­рады. Ұйымның бірік­­­ті­руші әлеуеті әсіре­се өмір­­шең жобаларында көрі­не­ді. Сондай әлеу­мет­тік ма­ңызы бар бас­та­ма­ның бірі – «Мәміле» пікір­та­лас клубы.

Маңызы айқын «Мәміле»

Мемлекеттік тілді қол­дану аясын кеңей­туді көздеген «Мә­міле» пікірталас клубы елі­міз­дің әр өңіріндегі Достық үй­лерінде бар. Онда этномәдени бірлестік өкілдері әңгімелесу, ситуациялық жаттығулар, ойын­дар арқылы қазақ тілінде еркін сөйлеуге машықтанады. Тек ынта-ықылас керек екенін айтады Астана қаласы бойынша жо­баға жауапты маман Ақжалын Сәулебек.

– Оқыту бағдарламасы қа­тысу­шылардың қазақ тілін мең­геру деңгейіне қарай кезең-кезеңімен ұйымдастырылады. Мәселен, бас­тапқы деңгей (A1 – A2) – 3/6 ай қа­ра­­пайым сөздер мен сөйлемдерді мең­геруге арналады, яғни танысу, амандасу сынды сұрақтарға жауап берумен бағаланады. Сабақ барысында сөздік қорды кеңейту үшін интерактивті жаттығулар мен ойындар кірістірілген. Ал орта деңгей­де (B1 – B2) 6 ай – 1 жылға жуық уа­қытта азаматтардың оқиғаны баян­­дай алуы­на, пікір білдіруіне, өз ойын еркін жеткізуіне көбірек мән беріледі. Соңғы жоғары деңгейде (C1 – C2) – шамамен 1 жылдан 3 жылға дейін аралықта тілді тәп-тәуір меңгеріп алғандар өзара пікірталасқа қаты­са­ды. Бай­қасаңыз, бағдарлама толық коммуникативті әдістерге негіз­делген, – деді ол.

А.Сәулебек «Мәміле» клубы­ның қатысушыларына білім деңгейін нақтылайтын және оқуды аяқтағаны жөніндегі серти­фикат берілеті­нін, тіпті арнайы марапаттау кеші өткізіле­тінін айтып қалды.

– Оқыту офлайн форматта да өтеді. Әр айдың төр­тінші бейсенбісі 16.30 деп уақытын бекітіп қойдық. Қатысу­шы­лар­дың қазақ тілін тиімді меңгеруі үшін тек сабақтармен шектелмей, қосымша ресурстарды да ұсынамыз. Олардың ішінде мобильді қосымшалар, кітаптар, аудиоматериалдар және тілдік ортаға енуге көмектесетін әдіс­тер бар. Бұған қоса елдегі ұлт­тық іс-шараларға қатысу, өз мә­де­ниеттерінің бір бөлшегін көр­сете отырып, тілді үйрену де қа­растырылған. Осылайша, жоба ҚХА-ның негізгі міндеттерімен үндесіп, қоғамдық келісім мен ұлт­тық бірлікті нығайтуға, қазақ тілін үйрету арқылы этностар арасындағы өзара түсіністік пен бірлікті, ынты­мақтастықты арттыруға баса назар аударады, – деді А.Сәулебек.

Маңыздысы – жоба қатысу­шы­лардың жасына мән бер­мейді. Яғни қазақ тілін меңгеруге ниеттенген кез келген жастағы азаматқа клубтың сабақтары­на тіркелуіне болады. Зейнет ­жасында осы игілікті пайдаланып, мемлекеттік тілді үйренуді мақсат еткен Ольга Доценко қазір көптің алдында ойын емін-еркін жеткізіп жүр.

– Шығыс Қазақстан облысы, қазіргі Абай облысының тумасымын. Шекара қызметінде жұ­мыс істедім. Қазіргі таңда әскери зей­неткермін. Жасым болса, 60-қа­ таяды. Сонда да таза қазақша сөй­легім келеді. Қазақ тілі клубы туралы ҚХА-ның ортақ чатынан көріп қалдым. Бірден жазылып, сабақтарына қалмай барып жүрмін. Бір жағынан үйде де жалпақ тіл­де сөйлесе береміз. Мұғалімім – Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» КММ оқытушысы Сағым Барлық­бай­қызы Естемісова. Қазақ тілін меңгеру арқылы мәдениетін, салт-дәстүрлерін де тереңірек түсіне бастадым. Айналамда қазақтың тілі мен дәстүрін терең меңгерген өзге ұлт өкілдері баршылық. Елімізде жыл санап олардың қатары да көбейіп келеді. Сондықтан мемле­кеттік тілді үйрететін осындай жоба­лар­дың көп болғаны дұрыс, – деді қатысушы.

Бүгінде клубтағы 25 қатысу­шының 17-і орта деңгейді толық меңгерген. Қалғандары да өз ойын еркін жеткізе алады. Жо­баның ендігі мақсаты – онлайн форматтағы сабақ­тарды көбейтіп, шетелдегі қазақ диас­поралары мен қызығушылық танытқан шетел азаматтарына да қолжетімді ету. Қазақ тілін үйренуге арналған мобильді қосымша не веб-платформа жасақтау және тілдік лагерьлер ұйымдастыру.

Жалпы, «Мәміле» клубы­ се­кілді ҚХА-ны дамытудың 2022–2026 жылдарға арналған тұжы­рымдамасы негізінде жыл са­йын мемлекеттік тілді ілге­рі­лету­ге бағытталған ассам­б­леяның тұ­шымды жобалары мен іс-шарала­ры жүйелі іске асырылып келеді. Мәселен, «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы 2019 жылдан бері өткізіліп келеді. Жиында қазақ тілін еркін меңгерген азаматтар мемлекеттік тілді үйрену бо­йынша тәжірибелерімен бөліседі. Оған қоса 2017 жылдан бастап ҚХА этномәдени бірлестіктерінің жас­тарына арналған жазғы лагерь түрін­дегі «Тіл мектебі», мәдени-ағар­ту­шылықты көздейтін, кемі 300 мыңға жуық бала қатысатын «Мың бала», Қазақстан халқы тіл­дері күніне орайластырылған жалпықазақстандық ашық диктант, үйден шықпай-ақ қызықты форматта тілді үйренуге жағдай жасайтын «Үйде сөйле» жобасы және тағы басқалары бар.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамб­лея­сы­ның «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жаңа жобасы іске қосылды. Оның аясында былтыр маусым айында Астана қаласы­ның Достық үйінде «Мемлекет­тік тіл – этносаралық қарым-қатынас тілі» атты дөңгелек үстел өткізілді. Басқосуда оқыту семинары ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен қазақ тілін еркін меңгерген этнос өкілдері тілді үйре­ну тәжі­ри­бесімен, мемлекеттік тіл­дің қолданылу аясын кеңейту жө­ніндегі ұсыныстарымен бөліс­ті және этносаралық қаты­нас тілі ретінде мемлекеттік тіл­дің рөлін күшейту әдістерін талқылады.

«Хабар» телеарнасында мем­­ле­кеттік тілді еркін мең­гер­­ген түрлі этнос өкіл­де­рінің қатысуымен «Қазақшаңыз қалай?», «Таңғы ас» және «Менің кәсібім» айдарлары көрерменге жол тартты. Бұған қоса қазақ тілін ілгерілету мақсатында былтыр «Қазақ тілі» халықаралық қоғамымен және Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО-мен меморандумдарға қол қой­ды.­ Құжат негізінде «Қазақ­стан халқының рухани-мәдени құн­ды­лықтары» кітаптар сериясын шығару көз­дел­ген. Бұл жинақ ҚХА-ның 30 жыл­ды­ғына арналған. Әзірге бірінші бөлігі этностардың 8 тіліне аударылып, сараптама комиссиясының мақұл­дауымен баспасөзге жібе­рі­леді. 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше