
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек
Көрермендердің зор ықыласына ие болған «Алтын бесік – туған ел!» концерті осымен өңірімізде екінші рет өткізіліп отыр. Иса Байзақов атындағы облыстық филармония ұйытқы болған рухани іс-шарада бірқатар әндер оркестрдің сүйемелдеуімен орындалып, ансамбльдер мен жеке орындаушылар көңіл хошын ашатын шығармалармен құлақ құрышын қандырды.
Жоба авторы, Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Талғат Кәрімов Арқа даласындағы ән орындаушылық өнері осындай концерттер арқылы жалғасып, жаңғырып отыратынын айтады.
– Кешегі Жарылғапберді, Жаяу Мұса, Иса, Естай, Майра, Иманжүсіп сияқты халық композиторлары ән-жырға бөлеген Ертіс–Баян өңірінде бүгінде ұлттық колоритіміз – дәстүрлі әншілік өз деңгейінде сақталып отыр. Қаншама жастарымыз ел жадынан өшіп бара жатқан көне шығармаларды қайта жаңғыртты. Енді бірі заманға сай лайықтап, кейбір әндерге екінші өмір сыйлады. «Алтын бесік – туған ел!» жобасының мақсаты – ел ішіндегі таланттарымызды үлкен сахнаға жетелеу, жергілікті композиторлардың әндерін насихаттау. Баянауылдағы «Беу, жігіттер» халық ансамблінің орындауында ұзақ жылдар орындалып келе жатқан Аман Баязитовтің «Баяным», марқұм композитор Қайырбек Сәтиевтің «Ақмарал» әндері бүгін оркестрмен орындалып, жұрт жылы қабылдағанын көзіміз шалды. Біз үшін биыл жас күйші Ұғыбайдолла Мүфтәннің «Алаш аманаты», белгілі күйші, Мәдениет саласының үздігі Серік Сыздықовтың «Терісқақпа толғауы», «Тұрар Ақжелең» күйлері ерекше жаңалық болып отыр. Ұ.Мүфтәннің аталған туындысын біздің оркестр былтырғы Домбыра күнінде Ертіс жағалауында орналасқан «Ertis Promenade» сахнасында орындап, көрермендер зор қошеметпен қабылдаған еді, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Талғат Кәрімов.
Биыл «Беу, жігіттер» ансамблінің құрылғанына 40 жыл толып отыр. Халық ансамблінің мүшелері осы жылдар ішінде үш мәрте ауысқан. 1986 жылы Баянауыл ауданындағы мәдениет үйінің жанынан үгіт-насихат бригадасы ретінде құрылған өнер ұжымының алғашқы жетекшісі – Жүрсінбай Мұқаев еді. Кілең жігіттерден құралған ансамбль 1991 жылы Қабардин – Балқар елінде өткен дүниежүзілік түркітілдес фестивалінде және 1993 жылы Дағыстанда өткен «Радига» фестивалінде өнер көрсетіп, лауреат атанады. Одан бері де көптеген республикалық және халықаралық концерттер мен кештерге қатысып, Арқа даласының өнерін паш етті. Жуықта Алматы қаласында өткен республикалық «Самғау» байқауында дәстүрлі ән аталымы бойынша жүлделі орынға ие болды.
– Тұңғыш рет оркестрдің сүйемелдеуімен үлкен сахнада ән орындадық. Иса Байзақов атындағы облыстық филармония ұжымы бізге осындай мүмкіндік сыйлағанына ризамыз. Биыл желтоқсан айында ансамбліміздің құрылғанына 40 жыл толғалы отыр. Соған орай бірнеше әнді репертуарымызға қоспақ ойымыз бар. Мысалы, сөзін әйгілі Мұзафар Әлімбаев жазған «Маралдым» әнін, Нұрғиса Тілендиевтің «Баянауыл вальсін» өзгеше мәнерде, жаңаша ырғақта жазып жатырмыз. Жыл соңында Павлодар және Қарағанды облыстарының аудан-қалаларын аралап, концерт беру ойымызда тұр, – деп жоспарларымен бөлісті «Беу, жігіттердің» орындаушысы Жандос Адамов.
Талғат Кәрімов атап өткендей, дәстүрге айналып келе жатқан биылғы концерт Жаяу Мұсаның – 190, Абайдың – 180, Майраның – 135, сондай-ақ Иса Байзақовтың 125 жылдығына арналды. Алдағы уақытта жергілікті авторлардың ән-жыры таспаға түсіріліп, саз жинағын шығару ойда бар. Ал одан соң мұндай рухани кештерді өзге аудан-қалаларда ұйымдастыру көзделіп отыр.
Концерттік кеште жергілікті композиторлардың 20-дан астам ән-күйі орындалды. Кеште Р.Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінен бөлек, «Шернияз» би ансамблі, камералық хор, «Samiyan» вокалдық тобы, «Ретро» вокалдық ансамблі, филармонияның жеке орындаушылары, әншілер Ерболат Бортыбай, Арман Рай, Алтынгүл Бақытхан, Есім Бейбітхан, «RUH» этно-микс ансамблі, Дәуренбек Сләмғали, Шыңғыс Асығатұлы, тағы басқалары өнер көрсетті.
Павлодар облысы