Халық • 26 Ақпан, 2025

Бірлік жауапкершіліктен басталады

80 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тарихқа үңілсек, әлемнің барлық мемлекеті бірлік формуласын іздейді екен. Себебі бұл – мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Ал біздің ел бірлік формуласын 30 жыл бойы Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы іске асырып келеді.

Бірлік жауапкершіліктен басталады

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бүгінде бұл ұйымның қажеттілігін халықаралық ұйымдар да, алып мем­лекеттер де мойындаған. Мәсе­лен, Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымы (ОБСЕ) Ассам­блея­ның қызметін зерттеп, зерделеп, өзінің құрамындағы 56 елдің тіліне аударып, таратты. Зерттеу қорытындысын жариялаған ұйым төрағасы «Бұл инс­титут Еуропада жұмыс істеу үшін біз қазақтарды көшіріп алуымыз керек», деп ұлтымызға баға берген еді.

Себебі біз еліміздегі әр ұлтқа санына қарай пайызбен өлшеп құқық берген жоқпыз. Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығар­машылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар. Ата заңымыз да өзге ұлт өкілдеріне қоғамдық бірлестіктерге бас біріктіріп, тілін, салт-дәстүрі мен тарихын зерделеуге мүмкіндік берді. Сондағы мақсат – тамырына үңіліп, өзінің кім екенін білу, өйткені өзінің кім екенін білмеген адам өзгені де сыйлай алмайды. Бұл шешім нәтиже берді, өз тарихын білу арқылы әр этнос өкілі қазақ жеріне қалай келгенін, қалай аман қалғанын білді. Білім – қашанда рухани байлық. Міне, осы білім өзгелер мен қазақтың арасындағы достықты нығайта түсті. Ешбір мәжбүрлеусіз Отанының алдындағы парызды түсіндірді, негізгі ұлтқа деген сый-құрметін арттырды. Қазақ ұлты – мемлекеттің негізін құраушы ортақ баған, тірек, қоғамдағы жүйелі ұйымдастырушы, мемлекетіміздің тұтастығын, этносаралық қатынас мәдениетін қалыптастырушы ретінде ерекше орын алды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының өткен жолы, 30 жылдық тарихы ұлтына, дініне қарамастан берілген тең құқық беру арқылы тең жауап­кер­шілік артудың дұрыстығын растады. Елімізді әлемдік өркениетке бейбітшіл ұстанымымен танытып, тұрақтылығымен инвестицияның құйылуына негіз, ұлттың ұйысуына себепші болып отырған ҚХА инсти­тутының ерекше мән-маңызы мен ерекшелігі де – осында.

Ассамблея – әрқашан қоғамның қажет­тілігіне, сұранысына, өзекті мәсе­лелерге сәйкес жұмыс істеп отыр­ған ұйым. Мысалы, Аналар кеңе­сінің құрылуына қоғамда кейінгі жылдары өршіп бара жатқан отбасындағы зорлық-зомбылық, балаларға деген қатыгездік, ажырасу, суицидке бейімділік сияқты мәселелер себеп болды. Ұлтына, дініне қарамастан әр ана осы елдің азаматын тәрбиелеп отыр, сол ананың шай ішіп отырғанда айтқан сөзі баласының даладағы іс-әрекетінен көрініс табады. Баланың тілін, ел тарихын білуі, салт-дәстүрін қадірлеуі, бойына ұлт намысын сіңіруі ең алдымен анаға байланысты. Ананың білімді, мәдениетті болуы – ұлттың мәдениетті болуының негізі.

ҚХА Аналар кеңесінің басты мақсаты – отбасында отансүйгіштік, бірлік, достық, толеранттылықты тәр­бие­леу. Бұл – қазіргі уақыттың ең өзекті мәселелерінің бірі және көпэтносты мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ескеретін болсақ, үлкен маңызға ие мәселе. Біз басқа мәдениет­терге, басқа тілдерге құрметпен қарауға, өркениетті елдің талаптарын орындау қажеттігін бала кезден тәрбиелеуге тиіспіз.

Аналар кеңесі жұмысының негіз­гі бағыты – отбасы институтын сақ­­тау мен нығайтуға ықпал ету, өске­лең ұрпақ тәрбиесіне, олардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Барлық өңірлік кеңестер ерлі-зайыптылардың ажы­ра­­суының алдын алуға, отбасы­лық құндылықтарды сақтауға бағыт­тал­­ған жұмыстарды жүргізеді. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен қолға алынған «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының мақсаты қоғамда әйел мен ананың рөлін, отбасы құндылықтары мен отбасы институтының маңызын, сондай-ақ жастар мен болашақ ұр­пақты адамгершілікке, елшілдікке тәрбие­леудегі ата-аналардың рөлін арттыру.

Ассамблея Аналары кеңесінің 12 мыңға жуық мүшесі – еріктілер. Бүгінгі таңда кеңесші орган ретінде ауылдық жерлерді қамтып, өзінің оң әлеуетімен саналы қоғам қалып­тас­тыру бағытындағы жұмысын тиімді атқарып отыр. Үш жыл бұрын қоғамға қажетті жұмысқа белсене атсалысып, өз өңірінде туындаған тұрмыстық мәселелерді шешуге үлес қосқан, ортасында беделді, баршаға сөзі өтімді, өмір жолы өнегелі, ең белсенді ананы ұлықтайтын қоғамдық марапатымызды бере бастадық. Бұл – республикалық Аналар кеңесінің «Ел анасы» құрметті атағы. Осынау марапаттың тұңғыш иегері – Павлодар облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Бақытжамал Максилова. Одан соң атыраулық Балғаным Хасенқызы, жетісулық Несіпжамал Баймадиева марапатталды.

Сонымен қатар ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған балаларға жүрек жылуын арнап, жетім балалар үйінен кейін жер-жердегі «Жастар үйлерінде» тәрбиеленіп жатқан жас­тар­дың жақсы азамат болып қалып­тасуына, өмірден өз жолын табуына үлес қосқан адамдарға арналған «Аялы алақан» марапатын белгіледік. Осы санаттағы жастарға арналған үйлердің ішінде «Ақтөбе облысының білім басқармасы» мемлекеттік меке­месінің «Мейірім» жастарды әлеу­меттік бейімдеу орталығының басшысы Жанна Дүйсенбина аталған марапаттың тұңғыш иегері атанды. Сондай-ақ қыстың көзі қырауда қазандығы жарылған Екібастұздағы апатта қарамағындағы қамқорсыз ұл-қыздарды құшағына алып жылытқан қаладағы өмірлік қиын жағдайға тап бол­ған балаларды қолдау орта­лығы­ның басшысы Нағима Абдрах­манова, Шығыс Қазақстан облысы «Үміт» балалар үйінің директоры Мария Бейсеканова да осы марапатты иеленді.

Ассамблеяны отаншылдыққа тәрбиелейтін патриотизм мектебі деуге болады. Аналарымыз білім беру ұйымдарымен бірлесе жұмыс істеп, оқушылар мен жастардың Отанымызды тануға, мемлекеттік тілді құрметтеуге, салт-дәстүрлеріміздің қадір-қасиетін ұғуға бағытталған іс-шараларға белсене қатысып тұрады. Мәселен, кейінгі жылдары Аналар кеңесі қоғамдағы әскери борышты өтеу­ге бару, әскери қызмет саласын­да қызмет атқаруға жастардың қызы­ғушылығы төмендеп кеткеніне назар аударып, осы бағытта жұмыс істей бастады. Ұлттық ұлан Әскери инс­титутымен жасалған меморандум аясында кәсіби психологтеріміз студенттер мен әскери борышын өтеп жүргендерге құмар ойындарына тәуелділіктен құтылу, суицидтің алдын алу, күйзелістен шығу жолдары туралы жүйелі түрде интерактивті дәріс өткізіп келеді.

Бүгінде Ассамблея аналарын мем­лекеттік органдар да, үкіметтік емес ұйымдар да салмақты қоғамдық инс­титут ретінде қабылдайды. Мысалы, прокуратура, медфармбақылау, полиция, жергілікті мемлекет органдарымен бірлесе «Жасыл сертификат» жобасы іске асырылып жатыр. Мұнда дәріханалардың құрамында есірткісі бар дәрі-дәрмектерді сатудан бас тартуына бағытталған қоғамдық бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар Парламент депутаттары, Денсаулық министрлігінің Фармакология коми­тетімен бірлесіп, балалардың вейпке әуестенуіне қарсы бағытталған «Вейпке тыйым» жобасы жүргізіліп, нәтижесінде, тыйым салынатын заң­ның қабылдануына қол жеткіздік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқ­ты әлеуметтік кеселдермен кү­ре­суде маңызды рөл атқарады. Ұлтына, дініне, нәсіліне, әлеуметтік жағ­дайына қарамай, оған барлығы атсалысуы керек», деген еді. Қатерлі құбылыстармен күресте ҚХА-ға айрықша міндет жүктелуі осы ұйымның әлеуеті мен мүмкіндігіне деген сенімді көрсетеді. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын орындау мақсатында «Саламатты сана» жобасы қолға алынды. Жобаның мақсаты – әлеуметтік кеселдердің алдын алу, оларға тап болудың себеп-салдары мен келтіретін зиянын түсіндіру, бұл қоғамдық дерттерге қарсы тұрудың жолдарын көрсету, қоғамда осындай келеңсіз әрекеттерге толық қарсы болу мәдениетін қалыптастыру. Бұл жоба бүгінде республикаға таралды. Мысалы, Маңғыстау облысы әкімінің тікелей бақылауында 46 адамнан құрылған жұмыс тобы осы бағыттағы мәселелерді қолға алып отыр. Атырау облысында бұл жобаның іске асырылуы облыс мәслихатының депутатына жүктелген, ал Абай облысында облыс әкімі орынбасарының деңгейіндегі комиссияның құзыретіне кіреді. Өңірлерде бұл бағыттағы жұмыс «Адал жол», «Бақыт отбасынан басталады», «Зорлық-зомбылықтан қалай сақтанамын», «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ», «Берік отбасы – адам­ның сенімді тірегі», «Менің балам – менің басты жауапкершілігім» секілді тақырыптарымен жүргізіліп келеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесі өзінің белсенді, салмақты қоғамдық бірлестік екенін танытты. Оның мүшелері жыл сайын еселеніп, жаңа жобалармен қатар қоғамда ықпалы да артты.

 

Нәзипа ШАНАИ,

ҚХА Кеңесінің мүшесі,

Аналар кеңесінің төрағасы