
Суретті түсірген – Валерий БУГАЕВ
«Биыл жөнделуге тиіс 417 шақырымның 96 шақырымы – республикалық маңызы бар жолдар. Ауылдық елді мекендердегі көшелерді жөндеу бойынша жалпы ұзындығы 89,9 км болатын 38 жоба іске асады. Өңірде ауылдардың кірме жолдарын жөндеуге маңыз беріліп отыр. Кейінгі екі жылда 59 кірме жол жөнделсе, тағы 62 жолды келер жылдың соңына дейін аяқтау керек. Биыл жергілікті автокөлік жол мен көшелерді жөндеуге 25,3 млрд теңге бөлінген. Былтыр 795 км жолды қайта жаңартып, жөндеуге 68 млрд теңге жұмсалды», дейді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нариман Омар.
96 шақырымдық автожолдың 3 учаскесіне қаржы бөлінбек: Атамекен – Ертіс – Русская Поляна, Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара, Астана – Ерейментау – Шідерті. Маманның сөзінше, аймақ автожолдарында төрт кезеңнен тұратын сапаны бақылау жүргізіледі. Ұлттық жол активтері сапасы орталығының бақылауы, авторлық және техникалық бақылау, сондай-ақ қоғамдық бақылау бар. Жыл басынан бері 3 031 шақырым автожол тексеріліп, 200-ге жуық ақау анықталып, кемшіліктерді жою бойынша 137 нұсқама берілген.
«Автожолдарды тиісті деңгейде ұстамағаны, сондай-ақ жолдарда жұмыс жүргізу қағидасын бұзғаны үшін 21 лауазымды және заңды тұлғаға 800 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Жолдарда жұмыс жүргізу, жол мен жол құрылысын күтіп ұстау ережелерін бұзғаны үшін Ақтоғай және Тереңкөл аудандарындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар ведомстволық бағынысты учаскені күтіп ұстау бойынша талаптарды орындамаған. Шенеуніктердің әрқайсысына 39 320 теңге айыппұл салынды», деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Олқылықтар республикалық маңызы бар Павлодар – Қызылорда автожолында да кездесіп қалады. Әйткенмен Ертіс–Баян өңіріндегі автожолдардың шамамен 90%-дан астамы қанағаттанарлық деңгейде деп бағаланады.
Павлодар облысы