Форум • 26 Ақпан, 2025

Қоғамдағы ізгілік мәдениетінің қуаты

96 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сөз түзелсе, ел түзеледі. Бүгінде қоғамды әлеумет­тік желі мен мессенджерлер тәрбиелеп жатыр десек, артық айтқандық емес. Соның ішінде руханият тақырыбында сөз қозғайтын дін қызмет­керлері, яғни уағызшы­лар халық арасында беделге ие. Олардың ізгілікке негізделген насихаты – қоғам тұрақтылығы мен бірлігінің басты ұстыны.

Қоғамдағы ізгілік мәдениетінің қуаты

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Мешітте, түрлі жиында, сондай-ақ әлеуметтік желіде сан мыңдаған адамның санасына иман сәулесін құйған дін қыз­меткерлерінің қоғам­ды адам­гершілік жолына тәрбиелеудегі еңбегі ұшан-теңіз. Дегенмен кейде базбір уағызшының қате тұжырым жасап қойып, қоғам­дық пікірталасқа түрткі бола­тын кездері де бар. «Жаңыл­майтын жақ жоқ» дегенмен, дүйім елді аузына қаратқан діни көшбасшылардың жұрт алдындағы сөйлейтін сөзін жеті рет өлшеп, бір рет пішіп айт­қаны дұрыс-ақ. Кеше Астана­да Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдас­тыруымен өткен «Қоғамда ізгілікті насихаттаудың мәдениеті» ІІ Республикалық уағызшылар форумында осы мәселе көтеріліп, кеңінен талқыға салынды.

Жиынға қатысқан Мемлекет­тік кеңесші Ерлан Қарин Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген адамгершілік пен жауапкершілік, әділдік пен адалдық, бірлік пен ынтымақ сынды құндылықтарды қоғамда кеңінен дәріптеудің маңызына айрықша тоқталды. Сонымен қатар Президент атап өткен әлеуметтік кеселдермен күресудің өзектілігін тілге тиек етті.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы асыл дінімізді дамытуға, оның ұлтты ұйыстыру жолындағы рөліне жоғары мән береді. Шын мәнінде біздің басты байлығымыз – елдің бірлігі мен тұрақтылығы. Ынтымағымызды нығайту жолында бәріміз еңбек етуіміз керек. Осы тұрғыда бұл форумның идея­сы мен мақсаты дұрыс. Сіздердің елді имандылыққа ұйытудағы, ауызбіршілік пен адамгершілікке шақырудағы еңбектеріңіз зор», деді Е.Қарин.

п

Мемлекеттік кеңесші сөз арасында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының діни термин­дерді қазақша айту туралы ойын құптады. ҚМДБ төрағасы жас буын өкілдерінің ауызашарды «ифтар», сәресін «сухур» деп айтып жүргені көңілге қаяу түсіретінін айтқан еді. Бабалар жолын ұстанған ұрпақ ретінде өзге тілден енген діни терминдерден барынша аулақ болып, өзіміздің ата-бабамыздан қал­ған жақсы сөздерді қолданып, ана тілімізге құрмет көрсетуге шақырды.

Форумда сөз алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы былтыр бірінші рет уағызшылар форумын өткізіп, «Уағыз-насихат айтудың әдебі мен мәдениеті» құжаты қабылданғанын атап өтті.

«Мұндағы мақсатымыз – уағыз­шылардың қоғам алдын­дағы жауапкершілігін арттыру. Өйткені уағыз айту – үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Уағызшы ең алдымен өзінің әдебі мен мәдениетін жетілдіріп, жылы сөзбен, сабырлықпен, дәлелді түрде насихат айтса, адамдардың жүрегіне иман құндылық­тары ұялайды. Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасы отба­сындағы өзара мейірімділік, ізгілік, адамгершілік сынды асыл қасиеттерімізді жаңғырту үшін 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құнды­лығы» жылы деп жарияладық. Алла қаласа, игі бастама аясында бірнеше іс-шараны жүзеге асырамыз. Осы ретте уағызшыларды ел арасында отбасы құндылығы жайлы белсенді насихат айтуға шақырамын», деді Бас мүфти.

Жиын барысында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, наиб мүфтилер Кенжетай Дүйсенбай мен Сансызбай Шоқанов, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің мең­герушісі Батыржан Мансұров, Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі Дін істері комитетінің басқарма басшысы Жапал Долиев сөз алып, қоғамдағы уағыз айту мәдениетіне қатысты ойларын ортаға салды.

Форум аясында имамдарға арналған ақпараттық-оқу семинары өтіп, уағызшыларға қоғамда түсінбеушілік тудыратын тақырыптарды қозғамау, біржақты пәтуа бермеу, ҚМДБ бекіткен пәтуаларға сүйену, сондай-ақ дәстүрлі рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау қажеттілігі түсіндірілді. Іс-шара соңында «Үгіт-насихат айтудың тәртіптік ережесі» құжаты қабылданды.