
Мәжіліс төрағасы алдымен «Respublica» партиясының тізімі негізінде сайланған Руслан Берденовтің депутаттық өкілеттілігі тоқтатылғанын хабарлады. Ол Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Осыған орай палата отырысында Орталық сайлау комиссиясы оның қызметін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыным енгізуімен арнайы қаулы қабылдады. Ерлан Қошанов Руслан Берденовтің Парламенттегі жұмысын атап өтіп, Алғысхат табыстады. Ал бос мандат «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Екатерина Смоляковаға берілді. Ол қатысушылар алдында депутат ретінде ант берді. Сонымен қатар Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына сайланды.
Кейін күн тәртібіне сәйкес депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол саласын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының қорытынды әзірлеуін қарады. Құжаттағы ең маңызды нормалармен Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов таныстырды.
– Заң жобасы автомобиль жолдарының сапасын арттыруға және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында әзірленді. Құжатта жол битумын бөлу үдерісін регламенттеу және битумды тұтыну көлемін болжау, ақылы автомобиль жолдарынан алынған қаражатты автомобиль жолдарының учаскелерін салуға, жөндеуге және күтіп ұстауға бағыттау қарастырылған, – деді Н.Сабильянов.
Бұдан соң жалпы отырысқа «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, құжат дарынды оқушыларды қолдау, ономастика, «Ақылман» картасын енгізу, кітапхана қорын дамыту сынды мәселелерді реттеуді көздейді.
– Біз қарастырып отырған заң жобасында ең беделді халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздарына және оларды дайындаған ұстаздарға бір реттік сыйақы беру туралы норма енгізіліп отыр. Бұл шара жастардың ғылыми әлеуетін дамытуға және талантты оқушыларды ынталандыру үшін маңызды деп санаймыз. Сондай-ақ кейінгі жылдары жекеменшік білім беру мекемелері көбейіп, сәйкесінше оларға түрлі тұлғалардың есімін ешқандай ресми келісімсіз беруі жиілеп кетті. Кейбір фактілер қоғамда резонанс тудырды. Енді жекеменшік білім беру ұйымдары тұлғалардың есімін бермес бұрын, облыстық ономастикалық комиссияның ресми мақұлдауын алуға міндетті болады. Ал «Ақылман картасы» мектеп оқушыларына мәдени ұйымдарға баруға мүмкіндік береді, осылайша олардың елдің мәдени өміріне араласу деңгейін арттырады. Мұндай бастамалар Франция, Германия, Италия, Испания сияқты елдерде сәтті жүзеге асырылып жатыр, – деді депутат.
Бұған қоса, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы елімізде мемлекеттік кітапханада білім беру және мәдени іс-шараларды ақылы өткізу құқығы берілуі мүмкін екенін айтты. Жаңашылдық кітапханалардың рөлін тек кітап сақтау орны ретінде емес, заманауи мәдени-білім беру орталығы ретінде нығайтуға ықпалдасады деп отыр.
Құжаттағы тағы бір маңызды аспекті – 10–11-сыныпта оқитын оқушылар үшін мектеп бағдарламасымен қатар, сұранысқа ие мамандықтар бойынша кəсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беру туралы норма. Бұл осындай мүмкіндігі бар жерлерде оқушылардың қалауымен іске асырылмақшы. Мәселен, аудан орталықтарында оқушылар бір ауысымда оқиды. Олар түстен кейін сол жердегі колледжге барып, қосымша жұмысшы мамандығы бойынша білім ала алады. Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев қалалардағы мектеп оқушыларын ауыл шаруашылығы көрмелеріне жиі апаруды ұсынды.
– Біз кеңестік кезеңде мектепте оқыдық. Сол кезде жыл сайын күзде балалар ауыл шаруашылығы жұмыстарына баратын. Ауыл тұрғындары осыны жақсы біледі. Ауылдағы балалар шаруаның өнімді алу үшін маңдай терін төгіп жүргенін, өнім қалай алынатынын біледі. Қазір халықаралық конвенцияға байланысты балалардың еңбегіне тыйым салуды қабылдадық. Бірақ қазіргі жастарға қарасақ, ысырапшыл. Далада картоп немесе сәбіз жатса, жерден алып көтермейді. Одан қалды, азық-түліктің бәрі егістікте емес, дүкен сөресінде өседі деп ойлайды. Сондықтан мектеп оқушыларын, студенттерді ауыл шаруашылығына неге жұмылдырмаймыз? Ауыл шаруашылығына қатысты түрлі тегін көрмелерге барғаны дұрыс болар еді. Жыл сайын осындай 4–5 көрме ұйымдастырылады. Мұнда балалар техникамен танысып, малды бағу жұмыстарынан жалпы түсінік алады, – деді ол.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан балаларды еңбекке баулу қазір жаңа формада жүзеге асырылып жатқанын айтып, жауап қатты.
– Оқушылар еңбек пәні аясында тәлім алып жатыр. Сондай-ақ мектептің айналасында жылыжайларды құруға жұмыс істеп жатырмыз. Бұл іс-шаралар тәрбие бағытында жүргізіледі. Балаларды даладағы еңбекке жаппай тарту ұсынысын қолдамаймыз. Бірақ оқушыларды еңбек алаңдарының қызметімен таныстыруды, көрмелерге баруды ұйымдастырамыз. Биыл жұмысшы мамандықтар жылы аясында тиісті іс-шаралар бекітілген. Онда жоғары сынып оқушыларын өндіріс алаңдарына алып бару ескерілген, – деді вице-министр.
Ал депутат Мақсат Толықбаев елімізде фонограммамен ән салуға тыйым салу керек екенін тағы да қозғады. Жалпы қолданыстағы заң бойынша фонограммамен ән айтқан кезде концерт ұйымдастырушылары көрермендерді ескертуге міндеттелген. Алайда оның айтуынша, бұл ереже ескерілмей жүр.
– Біз бұл заң жобасында фонограммамен ән салуға тыйым салуды белгілеуге бағытталған түзетулер енгізуді ұсындық, бірақ жауапты орындар қолдамай отыр. Айтатын сылтау көп, «өңірлердегі техникалық құралдардың 70%-ы тозған» дейді. «Жарайды» деп норманы жеңілдетіп бердік, «концерт залы техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілсе, фонограмманы пайдалануға тыйым салынады» дедік, бірақ бұл норма да өтпей отыр. Одан қалды, білікті дыбыс режиссерлері жетіспейді екен. Сұраныс болмаған соң, әрине, жетіспейді. Фонограмманы алып тастаса, ең қымбат гонорарды дыбыс режиссерлері алады. Бұған қоса тағы бір жеңілдік ұсындық, егер концерт өтетін орын жабдықталмаса, мысалы, концерт стадионда өтсе, аудиторияны хабардар ете отырып, фонограмманы пайдалануға рұқсат етіледі дедік, бұған да қарсы болып отырсыздар, – деді М.Толықбаев.
Осылайша, Мәжілістің жалпы отырысында мәселе көтерген депутатқа Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов түсінік берді.
– Фонограммаға қатысты бірнеше жұмыс тобының отырысы өтті. Қызу талқыланып жатыр. Мемлекеттік орган ретінде мамандардың пікірін тыңдап, мүдделі жандардың басын қосып, ашық талқылау керек деген мәмілеге келдік. 11 наурызда шоу-бизнес өкілдері, мәдени мекемелер басшылары, режиссерлер және басқа мамандармен сіздер ұсынған механизмдерді талқылап, егжей-тегжейлі пысықтап, Мәжілістегі заң жобасының екінші оқылымына дейін бір шешімге келеміз деген сенімдемін, – деді А.Сыдықов.
Нормалар жан-жақты қарастырылып, көптің қолдауымен заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Сондай-ақ депутаттар көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы, инвестициялар құру, қызметі және оларды жүзеге асыру туралы келісімді ратификациялады. Құжат ТМД-ға мүше елдердің көрсетілетін қызметтерінің еркін сауда аймағын қалыптастыруды көздейді.
– Заң жобасы 2023 жылғы 8 маусымда Сочиде жасалған көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы, инвестициялар құру, қызметі және оларды жүзеге асыру туралы келісімді ратификациялауға бағытталған. Келісім ТМД-ға мүше мемлекеттердің қызмет берушілері үшін серіктестер нарығында неғұрлым тиімді шарттар ұсыну туралы міндеттемелерді бекітуге мүмкіндік береді. Әрі құжат ТМД кеңістігінде неғұрлым қолайлы инвестициялық ахуалды құрады, – деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Жалпы отырыста негізгі үш мәселе қаралған соң, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов депутаттық сауалдарға кезек берді. Жиында депутат Таңсәуле Серіков ата-анасын қарттар үйіне тапсырған жандардың жалақысының 50 пайызын ұстау керек деген ұсыныс білдірді.
– Бүгінде қарттар үйіндегі қаракөз қариялардың 90 пайызы – қазақ ұлтынан. Қарттар үйі қара шаңырақ па еді? Не себепті ата-аналарын қарттар үйіне тапсырады? Неке және отбасы туралы кодексінің «Кәмелетке толған балалардың ата-аналарын күтіп-бағу жөніндегі міндеттерінің» 145-бабының 1-бөлімінде «Еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-анасын күтіп-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті» және «балаларынан алимент өндіріп алуға құқылы, ол сот тәртібімен алынады». Ешбір кейуана өз баласына шағым түсірмейді, ешбір ата-ана алимент өндіруге не денсаулығы, не намысы жібермейді. Сол себепті бұл бап орындалмайды. Сондықтан ата-анасын қарттар үйіне тапсырған, қараусыз қалдырған балалар, ата-аналарының есепшотына тапқан жалақысының 50 пайызын мөлшерлеп міндеттеу керекпіз. Әрине, бұл қаражат ата-анаға деген құрметке тең келмейді, дегенмен материалдық өтеуі болуы керек. Сонымен қатар 70 жастан асқан қариялардың атында жылжымайтын мүлкі болса, өле-өлгенше басқа адамның атына рәсімдеуге тыйым салуымыз керек, – деп ол Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаевтың атына депутаттық сауал жолдады.
Бұған қоса жиында әлеуметтік желілерде лотерея ұйымдастырушылардың заңсыз әрекеттерінің жиілеп кеткені, медицина саласындағы олқылықтар, үй сатып алу үшін азаматтардың ақшасын тікелей немесе жанама түрде тартатын кооперативтердің көбейіп кеткені, олардың қызметін қатаң түрде бақылау қажет екені туралы мәселелер көтерілді.