Қазақстан • 27 Ақпан, 2025

Жаһандық аренада ел беделін көтерген қадамдар

45 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Халықаралық қарым-қатынастар жүйесінің трансформациясы тұсында «орта державалардың» әлемдік саясаттағы салмағы артып келеді. Бұл мәртебеде еліміз берік орнықты деуге болады. Әсіресе Еуразиялық кеңістікте қауіпсіздікті, жүйелі даму мен өркендеуді қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып отыр.

Жаһандық аренада ел беделін көтерген қадамдар

Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап сыртқы саясатта бейбітшілік, тұрақтылық және көпвекторлы дипломатия қағидаларын ұстанып келеді. Еліміздің геосаяси орналасуы, Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық аймақта болуы халықаралық аренада маңызды ойыншылардың біріне айналдырып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қатаң ұстана отырып, көп жақты ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін мәлімдеген еді.

«Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдардың терроризмге, экстремизмге, заңсыз көші-қонға, климаттың өзгеруіне және өзге де қауіп-қатерлерге қарсы күресу жолындағы тал­пы­ныстарын құптаймыз. Сондай-ақ Бірік­кен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметін, қарусыздануға қатысты бастамаларын барынша қолдаймыз, қарулы қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешу қажет», дей келе Президент халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелерін шешуге белсенді атсалысатынын жеткізді.

Осылайша былтыр еліміз өңірлік және жаһандық деңгейде күн тәртібінде тұрған бірқатар өзекті мәселені шешуге ықпалдасты. Бұған Қазақстанның беделді халықаралық ұйымдар мен платфор­маларға төрағалық етуі сеп болды. Дипломатиялық мүмкіндіктерді кеңейтуде Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім саралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ), Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) негізгі рөл атқарды. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консуль­та­тивтік кездесуінде жетекшілік етуі халық­аралық беделдің одан әрі нығаюына серпін берді.

Ашып айтсақ, Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету барысында экономикалық ынтымақтастық, қауіпсіздік, экологиялық бастамалар мен цифрлық трансформа­цияны қоса алғанда, кең ауқымды тақы­рыптарды қамтитын 160-тан аса іс-шара өтті. Нәтижесінде, қатысушы елдер ара­сын­дағы шарттық база 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Бұған қоса еліміз ұйым­ның Еуразия экономикасының, сауда, көлік және логистикалық байланысының континенттік белдеуін қалыптастыруға бағытталған 2035 жылға дейінгі даму стратегиясына бастамашы болды.

Негізі ШЫҰ құрылғалы бері еліміз ұйымға төртінші мәрте төрағалық етті. Алайда алғаш рет саммит «ШЫҰ плюс» форма­тында өтті. Астанадағы жиынның маңызы сол, осы жолғы саммитке Шанхай ынты­мақтастық ұйымына ешқандай қатысы жоқ мемлекеттер де арнайы келіп қатыс­ты. Бұл Қазақстанның жаһандық сая­саттағы беделінің бар екенін көрсетті.

Ал АӨСШК төрағалығындағы негізгі жетістік – институционалдық дамудың жаңа кезеңіне көшуі. Тізбектесек, Жарғы мен рәсім ережелері әзірленді, сенім шараларының каталогі жаңартылды, Даналар кеңесі, Талдау орталықтарының форумы және АӨСШК қоры құрылды. Бастысы – Қазақстан қатысушы елдердің өзара іс-қимылын цифрландыру бойынша бастама көтеріп, деректер мен талдамалық материалдармен алмасу платформасын іске қосты.

Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ету «TURKTIME» ауқымды бағдарламасының іске қосылуымен ерек­шеленді. Оған қоса мәдени және эко­номикалық интеграцияның нығаюына септесті. Мемлекет басшысының бастамасы негізінде білім, ғылыми зерттеулер және кәсіпкерлік салада жаңа жобалар іске асырылды. Тұрақты өкілдер механизмі құрылып, мемлекеттік рәміздер біріздендірілді, стратегиялық жобаларды қолдауға бағытталған Инвестициялық қор құрылды. Қатысушы елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың артып келе жатқанын өзара сауданың 45 млрд доллардан асуынан байқауға болады.

ҰҚШҰ-ға төрағалық етуде еліміз транс­шекаралық қылмыс, терроризм мен есірткінің заңсыз айналымы сияқты өзекті қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі бас­тамаларды ілгерілетуге назар аударды. Мемлекет басшыларының кездесулерін, тақырыптық дөңгелек үстелдер мен әскери жаттығуларды қоса алғанда, барлығы 80-нен аса іс-шара өткізілді. Тәжік-ауған шекарасын нығайту бағдарламасы бойынша 10 жылдық жұмысты аяқтауға ерекше назар аударылды.

Халықаралық Аралды құтқару қорын­дағы Қазақстан төрағалығының (2024–2026 жылдары) күш-жігері ХАҚҚ жетілдіру үдерісін аяқтауға, өңірдің су-энергетикалық ресурстарын басқарудың өзара тиімді механизмін әзірлеуге, экологиялық бағдар­ламалардың уақтылы және сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ климаттың өзгеруінің салдарын еңсеру мақсатында келісілген шаралар қабылдауға шоғырланды.

Қазақстанның Су дипломатиясы аясында былтыр Қытай, Ресей және Орталық Азия елдерімен трансшекаралық өзендер бойынша 35-ке жуық отырыс ұйымдастырылды. Қырғызстан және Өзбекстанмен Шу, Талас және Сырдария трансшекаралық өзендері арқылы су алу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қытаймен Ертіс және Іле сияқты 20-дан аса өзендер бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Еліміздің БҰҰ-дың Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенциясына қосылуы маңызды қадам болды.

Жалпы, Орталық Азия мемлекеттерімен көпжоспарлы ынтымақтастық жылдан-жылға нығайып келеді. Мемлекет бас­шысының «Орталық Азияның ренессансы: орнықты даму мен өркендеу жолында» бағдарламалық мақаласы аймақтардағы бауырластық қатынастардың, стратегиялық серіктестіктің форматын белгіледі.

Әзербайжан Президенті, БҰҰ Бас хатшысының ОА жөніндегі арнайы өкілі және БҰҰ Орталық Азия үшін превентивті дипломатиясы жөніндегі өңірлік орталығының басшысының қаты­суымен Орталық Азия мемлекеттері бас­шыларының консультативтік кездесуінің 6-отырысын өткізуде елдер арасындағы қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге көтерді. Өйткені саммит қорытындысында «ОА-2040» Өңірлік кооперацияны дамыту тұжырымдамасына, 2025–2027 жылдарға арналған Өңірлік ынтымақтастықтың жол картасына, 2025–2027 жылдарға арнал­ған Өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарына қол қойылды.

Еліміздің сыртқы саясаты қазіргі геосаяси сілкіністер аясында да жүйелілігімен, салмақтылығымен және бейбітшілікті жақтаушылығымен ерекшеленеді. Мәселен, Астана процесі аясында Сириядағы дағдарысты реттеу­ге келіссөздер алаңын ұсынды. Бұған қоса, Қазақстан өңірлік қақтығыстарды шешу үшін халықаралық медиация орталығын құру туралы бастама көтерді. Әрі қарай да бейбітшілікке бағытталған саясатты ұстану көзделген. Алдымызда БҰҰ, ДСҰ және басқа да ха­лықаралық ұйымдардың жаһандық бастамаларына қатысуды кеңейту, жетекші державалармен стратегиялық серіктестікті дамыту мен экономикалық дипломатияны тереңдету мақсаты тұр.

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше