
Биыл Павлодардағы Усолка шағын ауданында экопарктің құрылысы басталады. Усолка өзенінің жағасында орналасқан тоғай арасын күн жылы мезгілде теріс өмір салтын ұстанатындар, қаңғыбастар жайлап, үнемі күл-қоқыс шашылып жататын. Экологтердің дабыл қағуымен парк жобасы қабылданып, енді жұртшылық оның тез арада жүзеге асуын асыға күтіп отыр.
– Биыл облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ауқымды жоба – Усолка шағын ауданында экопарк салу жұмыстарын бастағалы отырмыз. Қаланы аралау барысында экопарк салынатын аумақты тексеріп шықтым. Алда қолға алынатын жұмыстар туралы баяндамаларын тыңдадым. Мердігерге қойылатын негізгі талап – табиғатқа барынша аз әсер ету, экологиялық материалдарды пайдалану. Жалпы алғанда, шамамен алпыс гектарды құрайтын аумақта құрылыс-монтаж жұмыстарын бастамас бұрын, су басудың алдын алу мақсатында ұзындығы 2,2 км болатын дамбаны нығайту қажет. Бұл жұмыстарға ақпан айының соңғы онкүндігінде кірісіп, Ертіс өзенінің суы тасығанға дейін аяқтауды тапсырдым, –деді Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков.
Паркте шамамен 30 гектардай көгал жабыны, 10 суландыру жүйесі болады. Жайлы орындықтар, жаяу жүргіншілер жолы, балаларға арналған ойын алаңдары, ана мен бала бөлмесі, дәретхана қарастырылған.
Бұған қоса жергілікті билік биылғы көктемде қансорғыш жәндіктерге қарсы күресті күшейте түспек ниетте. Облыста шыбын-шіркейге қарсы 172 мың гектар алқап өңделеді. Әуеден өңдеу шараларының аясы биыл бірден 45 мың гектарға ұлғайып отыр. Осыған орай қосымша ұшақтар мен техникалар тарту көзделген. Дезинсекция жөніндегі жұмыстар 2024 жылы жасалған үш жылдық келісімшарттың аясында жалғасады. Павлодар қаласының 32 мың гектар жайылма аумағын, Ақсу қаласында, Павлодар ауданында 30 мың гектар, Тереңкөл, Ақтоғай аудандарында 20 мың гектар, Ертіс ауданында 40 мың гектар жайылма алқабын қамту жоспарланған. Айта кетелік, былтыр Павлодарда шыбын-шіркейге қарсы улау жұмыстары шілденің ортасына дейін жалғасқан еді.
«Облыс әкімі Асайын Байханов әуеден өңделетін алқаптың көлемін ұлғайтуды ескере отырып, қосымша техниканы тарту қажеттігін атап өтті. АН-2 маркалы 8 ұшаққа верификациядан кейін тағы екі борт келуі керек. Сондай-ақ тосқауылмен өңдеу кезінде қолданылатын екі аэрозольді реттелетін дисперсия генераторына тағы екеуі қосылады. Олардың әрқайсысының қамту қашықтығы – 500 метрге, сыйымдылығы – 1500 литрге дейін. Қолданылатын препараттың көлемі пропорционалды түрде 14,5 мың литрге дейін артады. Байер препараттарынан басқа, поляк өндірісінің жаңа жетілдірілген құралдарын қолдану жоспарланып отыр. Олар наурыздың екінші онкүндігінде жеткізіледі», деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Қазгидрометтің болжамы бойынша, биыл Павлодарға көктем ерте келеді. Ауаның температурасы нормадан 2 градусқа жоғары болады. Бүгінде Бұқтырма су қоймасында 38 текше километр су бар. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,6 текше километрге артық. Бұқтырма, Шүлбі су қоймаларына келетін су көлемінің болжамды ағыны орташа көпжылдық мәндерден 15-тен 40%-ға дейін жоғары.
Павлодар облысы