Қазақстан – әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекаралардың біріне ие мемлекет. Ата-бабадан қалған ұлан-ғайыр атыраптың жалпы ұзындығы 15 мың шақырымды құрайды. Осынау орасан аумақты күндіз-түні қырағылықпен күзету, заңсыз көші-қон, контрабанда секілді түрлі қауіптен қорғау, кейде қарулы қарсыласқа қарамастан, жанқиярлықпен күресу – шекарашылардың төл міндеті.
Ел тарихында әр жылдары осы қызметтің үдесінен шығып, патриоттық рухтың үлгісін көрсеткен, ерлікпен қаза тапқан сарбаздар болды. Мәселен, 2009 жылы 8 қыркүйекте қазақ-өзбек шекарасында әскери борышын өтеу барысында 10 шекарашы ажал құшты. «Өзбекстандағы түрменің бірінен қашып шыққан бір топ қарулы қылмыскер тау асып, Қазақстан аумағына өтуі мүмкін» деген ақпаратқа сүйенген қазақстандық сарбаздар таулы аймақтарды ұшақпен барлау барысында Өгем шатқалында қыратқа соғылады. Салдарынан «МИ-8» тікұшағындағы 13 әскери қызметкердің 10-ы көз жұмады. Жауынгерлік тапсырманы орындаймын деп шейіт болғандардың бірі – полковник Руслан Зәкиев.
Ол әскердегі қызметін 1988 жылы Тәжік Республикасының «Озерная» шекара заставасында бастаған. 1992 жылы ғана елге оралып, Күршім шекара отрядында «Зеленый лог» заставасының бастығы болып тағайындалды. Кейін «Оңтүстік» аймақтық басқармасының штаб бастығы қызметін атқарды. Жауапкершілік жүгі ауыр салада қырағылық танытқаны үшін полковник І дәрежелі «Шекара қызметінің үздігі», «Мінсіз қызметі», «Тәуелсіздікке 10 жыл», «Шекараны үздік күзеткені үшін» медальдарымен марапатталды. Отан алдындағы парызын адал орындаған Руслан Әлимолдаұлына 2009 жылдың 5 қазанында «Айбын» ордені берілді. Оған қоса 2018 жылдың 3 сәуірінен 2017 әскери бөліміне қарасты «Шаған-Оба» шекара заставасы «полковник Руслан Зәкиев атындағы застава» деп аталды.
Жауынгерлік міндетін адал атқарғандардың тағы бірі – Ерғанат Көшербаев. Алматы шекара институтының түлегі 2017 жылы 34 жасында қызмет барысында қайтыс болды. Арнаулы мақсаттағы қызметінің орталық нұсқаушысы, майор кейін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Бүгінде шекара сапында адал қызмет еткен осындай азаматтардың ізін жалғаған антқа берік, рухы асқақ қыз-жігіттер еңбек етеді. Олардың қатарында Бексейіт Кәдірбек те бар. Түркістандық азамат жақында республикадағы 295 офицердің ішінен озық шығып, «Шекараны үздік күзеткені үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ Отан тыныштығын сақтауда сүбелі үлес қосқан шекарашыға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал-лейтенант Ермек Сағымбаевтың, Шекара қызметі директоры генерал-майор Ерлан Алдажұмановтың Алғыс хаттары табысталды.
Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Келтемашат ауылының тумасы – небәрі 24 жаста. Кішкентайынан темірдей тәртіпті құп көріп, әскери салаға қызыққан ол қазір Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы шегенделген шекараны күзетіп жүрген қырағы офицерге айналды.
– Әскери салаға келуіме ең алдымен үйдегі ата-анам себепші болды. Олар бала кезден ұқыптылық, тиянақтылық секілді қасиеттерді дәріптеп, шыдамды әрі мықты болуға тәрбиеледі. Жауынгерлік рух та отбасында қалыптасты. Сөйтіп, арман жетелеп, Алматыдағы ҰҚК Шекара академиясына қабылдандым. Оқу орнын абыроймен аяқтап, төрт жылда лейтенант болдым. Алғаш бұйрықпен ШҚО бойынша департаменті Күршім ауданы басқармасының Теректі бөлімінде еңбек жолымды бастадым. Жаңа жер, жаңа қызмет адамды алға жетелеп қана қоймай, орасан зор тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Қазір жас маман ретінде әскери саланы толық меңгеріп жатырмын, – дейді Бексейіт Қаныбекұлы.
Бүгінде ел іргесін күзеткен 30 мыңнан аса шекарашы бар. Олардың шамамен 12 мыңы күн сайын жауынгерлік кезекшілікке шығады. Жас офицер әңгіме барысында бұл нағыз ер азаматтарды шыңдайтын бірден бір сала екенін айтады.
– Міндетіміз – шекараны қорғау болған соң, күн мен түн арасындағы аса қатты айырмашылықты сезінбейміз. Қызметте сақтық пен қырағылық, ісіңе деген үлкен жауапкершілік және тактикалық тұрғыдан мықты болу керек-ақ. Базада әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Барлығын саралап, ақылмен іс-қимыл жасауың шарт. Көбіне контрабанда мүшелерінің мемлекеттік шекарадан заңсыз өту фактілері жиі тіркеледі. Қару-жарақ, медициналық дәрі-дәрмектер немесе шығу тегі белгісіз заттар тасымалдайтын мигранттар да көптеп кездеседі. Бірақ қас қақпай күзеткен шекарашылар барлығын қатаң бақылауда ұстайды, – дейді үздік шекарашы.
Осыдан төрт жыл бұрын Президент пәрменімен салада реформа жүргізілді. Осылайша элиталы әскер саналатын шекара қызметі жаңашылдыққа бет алды. Қазір елдің аумақтық тұстастығын, ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде заманауи әдістер де қолданылады. Мәселен, бекеттерде электронды кезек жүйесін енгізу, биометриялық бақылау, цифрлық құжаттар, тіпті кей бекеттерде инфрақұрылым жаңартылып жатыр.
Жыл басынан бері шекара арқылы 1,4 млрд теңгеден аса шетел валютасын заңсыз алып кету фактісінің жолы кесілді. Еліміздің заңын бұзған 3 785 азамат ұсталды. 7 килодан аса есірткі, 113 қару мен оқ-дәрі, 30 діни әдебиет пен 139 дана бекіре тұқымдас балықты шекара асырмақ болған пысықайлар да қырағы шекарашылардың күшімен дер кезінде анықталды.