
Микаил Аушевтың ата-анасы депортация жылдары өзге этностармен Қап тауынан Қазақстанға ауып келген. Қазақ халқының қонақжайлылығы мен қамқорлығының арқасында Арқа жерінің ыстық-суығына төзіп, күрделі кезеңді бастан өткерді. Михаилдің әкесі 12 жасында, анасы одан да кіші жеткіншек шағында Ертіс-Баян өңірінің қасиетті топырағына табан тіреген. Сталиннің пәрменімен өкпеден өткен ызғарда суық вагондарда қойша айдалған бауырлас халық алда не тағдыр күтіп тұрғанын білмегені анық.
«Күшпен көшіру тақырыбы бала шағымызда айтылмайтын. Тек есейіп, өмірге араласа бастаған шақта ата-анамыз там-тұмдап жеткізе бастады. «Жаратқан бізді мұсылман елге тап келтірмегенде тағдыр-талайымыздың қалай боларын кім білген... Сақырлаған аязда жанымызға жылу берген қазақтардың арқасында жан сақтадық», дейтін марқұм әке-шешем. Әкем 91-ге, анам 85-ке келіп өмірден озды. Олардың қазақ халқына деген ықылас-құрметі ерекше-тұғын. Бір тілім нан табу бақыт болған заманның теперішін көрмесек те, үлкендердің айтуымен сезіндік. Қонақжайлылық – жергілікті халықтың ұлттық колориті деп ойлаймын. Бір мезетте чешен, ингуш, неміс, кәріс, т.б. сандаған этносқа пана болу қазақ халқының ғана қолынан келген», деп бастады әңгімесін Микаил Османұлы.
Ол бүгінде Павлодар облыстық «Халкъан барт» («Халық бірлігі») чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы болып қызмет атқарады. Орталыққа биыл 30 жыл толып отыр. Мұнда аталған ұлт өкілдерінің мәдениеті мен ана тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жаңғырту, Қазақстан халқының тарихы мен мемлекеттік тілді, мәдениеті мен құндылықтарын үйрету мақсат етіледі.
Былтырғы су тасқыны кезеңінде аталған орталық атынан зардап шегушілерге айтарлықтай материалдық және ақшалай көмек көрсетілді. Дей тұрғанмен, Михаил Османұлы мұқтаждарға бірлестіктің және өз отбасы атынан берген көмекті санамалап айтуға ыңғайсызданатынын жеткізді. «Бастысы, жасап жатқан көмегім Жаратқанға аян», дейді. Бір жылдары еліміздің оңтүстігіндегі әскери қоймада жарылыс болғанда оның шаруашылығы 25 тонна картоп жөнелткенін білеміз.
М.Аушевтің Ассамблеядағы қызметінен бөлек, жұрт оны ірі шаруашылық басшысы ретінде жақсы таниды. Железин ауданындағы «Пахарь» ШҚ» ЖШС-ін ұзақ жылдардан бері басқарып, тың жерден агроқалашық тұрғызды. Шаңы шығып жатқан қу тақыр жерде құрылысы 2011 жылы басталған агроқалашық арада бес жыл өткенде жалпы саны 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтитын іргелі шаруашылыққа айналды. Бүгінде мұнда шаруашылық ғимараттарына қоса, тұрғын үйлер салынған. Жалпы саны 48 пәтер бар. Баспаналар орталықтандырылған жылу, су, кәріз жүйелеріне қосылған. Жайлы пәтерлерді паналаған отбасылар пәтер ақысы мен коммуналдық төлемдерден босатылған. Бастысы, шаруашылықтың жұмысына адалдық танытып, ортақ мүлікке ұқыпты болса, жетіп жатыр. Шаруашылықта 9,2 мың гектарға егін салынып, асыл тұқымды мал ұсталады. Заманға сай тұрғызылған тауарлы сүт фермасында мыңдаған сиыр бар. Малдың жем-шөбіне арналған арнайы база, көкөніс қоймалары, машина-трактор паркі, т.б. ауқымдылығымен көрген жанды тамсантады.
«Пахарь» ШҚ суармалы егіншілік бойынша елімізді қойып, ТМД-дағы ең ірі шаруашылықтардың бірі саналады. 9,2 мың гектардың шамамен 60 пайызы қолдан жасалған су жинағыштан ағып шығатын каналдан суарылады. Бұл каналдың жалпы ұзындығы – 92 шақырым.
«Облыстық тұрақтандыру қорына жыл сайын картоп береміз. Биылғы қысқа килограмын 100 теңгеден 680 тонна өнім тапсырдық. Бұл жердегі негізгі мәселе әл-ауқаты төмен отбасыларды бағасы арзан азық түрімен қамтамасыз ету болғандықтан, үйлестіру органдары қанша өнім сұраса да беруге дайынбыз. Себебі жергілікті астықтың ырыздығын ең әуелі өзіміздің тұрғындар көріп, сезінуі керек. Халық алдында белгілі бір міндеттемелеріміз бар екенін әрдайым ұмытпаймыз. Шаруашылығымыз 2023 жылы жергілікті бюджетке 143 млн, былтыр 102 млн теңге салық төледі», дейді ол.
Сөз соңында Микаил Османұлы жас ұрпаққа отаншылдық рухының дәнін егу бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін айтып өтті.
«Балаларыма үнемі Қазақстанның патриоты болыңдар, қажет болса, Отанымызды қорғауға дайын тұрыңдар деп айтып отырамын. Себебі біздің Отанымыз біреу, ол – Қазақ елі! Қасиетті қазақ жерінің топырағын мекендеп, кәсіп етіп, нан тауып отырған әр саналы азамат осылай ойлайтынына дауым жоқ», деп кейіпкеріміз сөзін түйіндеді.
Павлодар облысы