
Павлодар облысындағы су тасқыны қыстай жиналған қардың еруімен тікелей байланысты. Мамандар ылғалдың түсуі жөнінде кейінгі 10 жылдағы мәліметтер аса құбылмалы екенін, соған орай жауын-шашын мен қыстағы қардың белгілі заңды мөлшерін белгілеу оңайға түспей тұрғанын айтады.
– Кейінгі онжылдықта жылдың суық мезгіліндегі ылғалдың мөлшері туралы мәліметтерді талдау жауын-шашынның заңдылығын анықтауға мүмкіндік бермейді. Көрсеткіштердің ұлғаюы немесе төмендеуіне қатысты үрдіс анықталған жоқ. Мәселен, 2015–2016 жылдар маусымында ылғал мөлшері облыстың басым бөлігінде нормадан 51-89%-ға төмен болса, 2016–2017 жылдары қалыпты жағдайды көрсетті. 2017 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде жауын-шашын нормадан төмен түсті (33-тен 85%-ға дейін азайды). 2021–2023 жылдары қалыпты шекте байқалса (91-107%), 2023–2024 жылдары жауын-шашын мөлшері нормадан 30-91%-ға артты. 2024 жылғы қарашадан 2025 жылғы 31 қаңтарға дейінгі ылғалдың мөлшері нормадан 16-33%-ға артық. Бірақ бұл өткен маусыммен салыстырғанда аз. Көріп отырғанымыздай, әр жылдардағы өзгерістерді шамаласақ, ылғалдың түсу заңдылығын белгілеу оңай шаруа емес, –дейді «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының директоры Галина Шпак.
Оның сөзінше, ұзақмерзімді гидрологиялық деректерді талдау, сондай-ақ жауын-шашынның жиналуын, топырақтың қату тереңдігін, топырақтағы ылғалды ескере отырып, қауіпті аймақтарды үш санатқа бөлуге болады: су тасқыны қаупі жоғары аймақ – Баянауыл ауданы; қауіптілік деңгейі орташа – Май, Аққулы, Павлодар, Ақтоғай аудандары, Ақсу қаласы, оған іргелес ауылдық аймақ, Екібастұз қаласы, оған іргелес ауылдық аймақ; су тасқыны қаупі төмен – Шарбақты, Успен, Железин, Ертіс, Тереңкөл аудандары.
Көпжылғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қардың күрт еруі наурыздың үшінші онкүндігінде болады. Мамандар 25 наурыздан қар күрт ери бастайды деп шамалайды. Өзен-көлдердегі мұздың жібуі де осы кезеңге тиесілі. Наурыздың соңы – сәуірдің алғашқы онкүндігінде мұз көбесі сөгіліп, сең жүруі ықтимал.
– Қазір Павлодар облысының аумағы арқылы өтетін Ертіс өзенінің гидрологиялық режімі су қоймаларының каскадымен реттеледі. Олардың негізгісі – шығыстағы Шүлбі су қоймасы. Біздің мекеме гидрометеорологиялық бақылауды тек Ертіс өзені мен Сабындыкөлде жүргізеді. Ақпан айының ортасындағы жағдай бойынша Ертіс өзеніндегі мұздың қалыңдығы 47 см-ден 65 см-ге дейін жетіп тұр. Тұтастай алғанда, мұздың қалыңдығы өткен жылғы көрсеткіштерден аз, былтыр 74 см-ге дейін болған. Тағы бір ескеретін мәселе, Шүлбі, Сілеті су қоймаларынан су жіберілгенде мұз кептелістері пайда болуы мүмкін. Бұл су деңгейінің көтерілуіне ықпал етіп, елді мекендерді, жайылымдарды, жолдарды, инфрақұрылымды су басу қаупін тудырады, – дейді Г.Шпак.
Биыл Ертіс бойында орналасқан Ақтоғай, Ертіс, Тереңкөл аудандарында қыстай жауған қардың мөлшері нормадан 16-33%-ға жоғары. Баянауыл ауданының бірқатар бөлігінде, Екібастұздың ауылдық аймағында, Успен ауданының солтүстік-шығыс бөлігінде де ылғалдың мол екені байқалады. Жергілікті мемлекеттік органдар осы факторларды ескеруі керек. Жергілікті тұрғындар мен жауапты қызметтер «Қазгидрометтің» болжамдары мен дауылды ескертулерін дер кезінде қаперге алып, бөгеттерді нығайту, суды қайтару арналарын тазалау, азық-түлік қорын дайындау сынды су тасқынының алдын алу шараларын уақтылы қабылдауы қажет.
Ауа райын болжаушылар су тасқынының пайда болу шарттары жыл сайын айтарлықтай өзгеріп отыратынын, соның салдарынан кейбір жағдайда ықтимал апатты тап басу болжау қиын екенін айтады. Қазір «Қазгидромет» РМК-нің Павлодар облысындағы филиалы өңірдегі, көршілес аймақтардағы ауа райы жағдайына мониторинг жүргізіп, Ертіс өзенінің су деңгейі мен ағынын жиі бақылауға көшті.
Павлодар облысы