Тұлға • 05 Наурыз, 2025

Байырғы түрік мұрасын зерделеген

170 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шынайы ғалым – саналы ғұмыры мен шығармашылық ой еңбегін ғылымға арнап, үздіксіз ізденіс үстінде жүретін адам. Отандық түркология ғылымының ілгерілеуіне сүбелі үлес қосқан марқұм ұстазымыз Айман Досымбаева сондай жан еді.

Байырғы түрік мұрасын зерделеген

Тарих ғылымдарының докторы Айман Ме­деу­­­байқызымен алғаш 2003 жылы маусым айын­да Мер­кі ғибадатханасындағы (Жамбыл облысы Меркі ауданы) архео­ло­гиялық іс-шара барысында таныс­тым. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті тарих факультетінің 10 студенті күндіз осы ескерткішке зерттеу жүргізіп, кешкісін алау­ды алқақотан айнала отырып, экспедиция жетекшісі Айман Медеубайқызының дәрісін тыңдаймыз. Ол бәрімізді бір шолып шығып: «Мына біз зерттеп жатқан ескерткіштер – батыс түріктердің негізін қалаған «бес тайпа дулу», «бес тайпа нүшеби» аталатын ежелгі «Он оқ» халқының мұралары. Ертеде түрік қағаны әрбір тағайындалған бектікке биліктің нышаны ретінде бір-бір оқтан (жебе) таратып, оларды «Он оқ елі» деп атапты. Олар сонау Алтайдан Қара теңізге дейінгі ұлан-ғайыр аймақта Батыс Түрік қағанаты атты үлкен мемлекет құруға үлес қосқан», деп дәрісін жалғай түсетін. Біз сонда ұстазымыздың терең біліміне, қызығы мен қиындығы қатар жүретін археолог мамандығын таңдағанына қызыға қараушы едік.

Еңбек жолын 1985 жылы Мемлекеттік орталық музейін­де ғы­лыми қызметкер ретінде бас­тап, сол жылдың со­ңында Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих, архео­­логия және этнография институтының ортағасырлық археология бөліміне ауысады. 1991 жылы Ә.Марғұлан атында­ғы Археология институтының құ­рылуына байланысты қызме­тін сонда жалғастырады. Археоло­­гия институтында «Түрік мұра­сы» бөлімінің меңгерушісіне дейін өседі. Кейін ғалымдық жолын ұстаздықпен ұштастырып, шә­кірт тәрбиелеп, жоғары білім саласының да биігін бағындырады. Қазақ ұлттық университетінде, Еуразия ұлттық университетінде, Тараз мемлекеттік университетінде профессор болды. Президенттік мәдениет орталығында бөлім мең­герушісі қызметін жемісті атқарды.

ва

Профессор Айман Досымбаева – тарих пен археологияны, этнология мен мифологияны салыстыра зерттеп, түркология ғылымының көкжиегін кеңейткен ғалым. Оның зерттеу нысанасы қазақ халқының этностық қалыптасуына үлес қосқан ежелгі үйсіннен бастап, түрік, түргеш, қарахан және қазақ хандығына дейінгі аралықтағы тұтас дәуірлерді қамтиды. Ғалым алдымен К.Ақышев, Г.Кушаев сынды аға буын ғалымдардың ізімен Жетісу өңіріндегі Берікқара, Бесшатыр, Қызылауыз, Жуантөбе, Қадырбай, Өтеген, Қызыл Еспе, Шормақ, т.б. белгілі-белгісіз талай қорғанды ашып, оларға типологиялық талдау жасады. Осы ізденістерінің нәтижесінде 1998 жылы Жетісудағы үйсін ескеркіштеріне қатысты кан­дидаттық диссертациясын жо­ғары деңгейде қорғап шықты.

Ғалым бұдан кейінгі іргелі жұ­мысында Батыс Түрік қағанатына тән Меркі, Жайсан, Құмай мәдени мұраларына қатысты зерттеу жүр­гізді. Мұнда Қазақстан мен Шығыс Еуропадағы ғибадатханалар мен тас мүсіндерді қарастырып, түрік-қыпшақ мәдениетін және аталған халықтардың ізімен құрылған қа­зақ халқының этномәдени байла­ныс­тарын сабақтастықта зерделе­ді. Бұл ретте шығыс ареалдағы (Ал­­тай) түріктердің ескерткіштері­мен байланысты зерттеулері, ғылы­ми тұ­жырымдары да ұтымды шық­қанын ерекше айтуымыз керек. Иін қандырып жазған доктор­лық диссертациясы «Жетісудағы орта­ғасырлық түріктердің дәстүрлі дү­ниетанымы» деп аталды.

Әрине, Айман Медеубай­қызы­ның білікті ғалым, көрнекті археолог ретінде қалыптасуына аға буын ғалымдардың жанашырлық ақыл-кеңесі ықпал еткені сөзсіз. Әсіресе белгілі қыпшақтанушы-ғалым Сержан Ахынжанов, ар­хеолог-ға­лым Элеонора Нов­городова, әйгі­лі синолог Юрий Зуев сынды майтал­ман мамандардың қамқорлы­ғы, олардың жөн сілтеп, бағдар беруі ғалымның болашағына даңғыл жол ашты. Ал белгілі археолог-ака­демик Кемел Ақышев: «Айман, сені ұлттық бағытта қолдайтын, жанашыр ағаң осы кісі», деп әйгілі түрколог-әдебиеттанушы Мырза­тай Жолдасбековке аманаттап табыстауы ғалымның әлеуетін жаңа белеске көтерді. Кейін осы ғы­лым қайраткерімен бірлесіп «Батыс Түрік қағанатының Атласы» атты елеулі еңбек жариялады.

Айман Медеубайқызы халық­ара­лық деңгейдегі Қазақстан-Мажарстан (2006), Қазақстан-Фин­ляндия (2007), Қазақстан-Түркия (2008) бірқатар ар­хеологиялық экс­педицияларға жетек­шілік етті.

Ғалымның қарымды қала­мы­нан туған «Меркі – Жетісу тү­рік­терінің киелі жері», «Батыс Түрік қағанаты. Қазақ даласының мә­­дени мұрасы», «Жетісу түрік көш­­пелілерінің мәдени ке­шені», «Түрік халықтарының тарихы. Түрік­тердің дәстүрлі дүние­та­ны­мы», «Құмай түрік ар­хеоло­гия­лық-этнографиялық ке­шені», «Түр­кология. Тарихи-ар­хеологиялық аспект», «Жайсан – Шу өзені ал­қа­бы түріктерінің киелі жері», «Еуразиядағы түрік мұрасы. VI-VIII ғғ», «Әулиеатаның киелі бейнесі», т.б. іргелі еңбектер мен 300-ден астам мақала – отандық ғылым олжасы.

Профессор Айман Досым­баева­ның зерттеулері негізінен адам­зат өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан байыр­ғы түріктердің мәдениетіне ар­налған. Ол бай мәдениетімізді жоққа шығаратын еуроцентристік көзқарастағы қасаң қағидалар мен қиғаш пікірлерді дәлелмен терістеп, көңілге қо­нымды ой-тұжырым ұсына білді. Орталық Азиядағы түріктер тарихына байланысты бұған дейінгі ғылыми және энциклопедиялық жарияланымдарға «түрік тайпалары қазіргі қазақ даласына аннексиялау жолымен қоныстанған, олардың түп отаны Алтай мен Моңғолияның ауқымымен ғана шектеледі» деген орашолақ ұстанымдарға тос­қауыл қойып, Қазақстан – Ба­тыс Түрік қағанатының қара ша­ңырағы екенін ғылыми тұрғыда дәйектеді. Сонымен қатар «бөрі», «Ұмай», «Тәңір», «Құт» сынды ұғымдардың, тас мүсіндер мен рулық таңбалардың және «ант беру», «құрбандық шалу» сынды ғұрыптық жоралғылардың се­ман­тикалық мәнін ашып, жаңа пайымдаулар ұсынды.

Аяулы ұстазымыз Айман Ме­деу­байқызының үлкен арманы – түріктен аманат болып қалған бай тарихи мұраны көздің қара­шығындай сақтап, «Меркі-Жайсан ұлттық табиғи паркін» құру еді. Тіпті осы жолда кездескен бар­лық қиындықпен, кедергілермен табандап тұрып күресті. Бұл жобаны қолдаған ұлт жанашырла­ры да болды. Ол туралы ұлт қай­раткері Мырзатай Жолдасбе­ков бір сұхбатында: «Бізде Айман Досымбаева деген ғажап археолог ғалым бар. Сол ғалым Шудан бас­тап, Меркі, Құлан, Тараз, Таласқа дейінгі жерлердің Батыс Түрік қағанатының әкімшілік орталығы болғанын, олардың осында орда тіккенін назарға алып, ашық аспан астындағы музей жасақтаймын деп жүр. Құдай қаласа, Үкіметтің назарын осы жерге аударып, осынау игілікті шараны да қолға алсақ па деп отырмын», деп археолог бастамасын жоғары бағалайды.

Шындығында Айман Медеу­байқызы аталған Ұлттық паркті құру бағытында бірқатар іс-шара ұйымдастырып, Үкіметке хаттар жазып, тұжырымдамалар ұсын­ды. Мәселен, осы мақсатта түрік мұрасын зерттеу және сақ­тау мәселесіне арналған 1998 жы­лы рес­публикалық, 2006 жылғы 25-26 мамырда Тараз қаласын­да «Түрік өркениетінің бастау­ла­ры» атты екі халықаралық да­ла­лық семинар, 2008 жылы елор­дадағы Президенттік Мәдениет орталығында «Қазақстан: өткені, бүгіні, болашағы (Батыс Түрік қа­ғанаты)» атты халықаралық кон­фе­ренция және басқа да ғылыми іс-шаралар ұйымдастырды. Нә­тижесінде, 2006 жылы «Меркі-­Жай­сан ұлттық табиғи және этно­мә­дени паркінің» ғылыми негіз­де­­ме­сі Үкімет қаулысымен бекітілді.

Өкінішке қарай, Айман Медеубайқызы 2024 жылы отандық архео­логия мен түркология ғы­лымына әлі де берері мол шақта то­сын дерттен бақиға озды. Бүгінде артында қалған отбасы, ізбасар шәкірттері ғалымның мұрасын на­сихаттауға, жоспарлаған жобаларын орындауға жұмылып отыр.

 

Нұрболат Бөгенбаев,

Түркі академиясының сарапшысы, PhD