
Дода былтыр Астанада өтуге тиіс еді. Кейіннен IBA шешімін өзгертті. Сөйтіп, жарыстың өтетін мерзімімен қоса, оны қабылдайтын жер де ауыстырылды. Айта кетерлік бір жайт, Сербиядағы сайыстың жүлде қоры аса қомақты. Мәселен, алтыннан алқа таққан боксшы 100 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады. Ақтық сында ұтылғандар сол соманың тең жартысына ие болады. Қола медальды мойнына ілгендерге 25 000 тиесілі. Тіптен, ширек финалда сүрінгендер де үйлеріне құралақан қайтпайды. Олар 10 000 долларды қалтаға басады.
Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 2001 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Тұсаукесер турнирді АҚШ-тың Скрантон қаласы қабылдады. Одан кейінгі жарыстар 2002 жылы Түркияның Антальясы мен 2005 жылы Ресейдің Подольскісінде өтті. Еліміздің құрамасы өзінің алғашқы жүлдесіне 2006 жылы қол жеткізді. Нью-Делиде шымылдығы түрілген додада 46 кг салмақта сынға түскен Назгүл Боранбаева қола медальды мойнында жарқыратты. 2008 жылы Қытайдың Нинбосында Елена Кольцова (70 кг) дәл сол межеден көрінді.
2010 жылы Барбадостың бас шаһары – Бриджтаунда екі аруымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Назгүл Боранбаева (48 кг) өзінің төрт жыл бұрынғы нәтижесін қайталаса, Марина Вольнова (81 кг) финалда ұтылды.
2011 жылы дәл сондай көрсеткішке қол жеткіздік. Қытайдың Циньхуандаосында ең жеңіл және аса ауыр салмақтағы спортшыларымыз үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтсақ, Юлдуз Маматқұлова (+81 кг) екінші, Назым Қызайбай (48 кг) үшінші орынды иеленді.
2014 жылы Оңтүстік Кореяның Ченджу қаласында қазақтың қос аруы финалға шықты. Шешуші тұста үндістандық Сарджубала Девиді ұтқан Назым Қызайбайдың (48 кг) есімі әйелдер боксын серік еткен отандастармыздың арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихта қалды. Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) соңғы сында ресейлік Зенфира Магомедалиевадан жеңілді.
2016 жылғы әлем чемпионаты Астанада өтті. Аса жауапты жарысқа тыңғылықты даярланған бұрымдыларымыз өрелі өнерлерімен өз жанкүйерлерін қуантты. Арқа төсінде Назым Қызайбай (48 кг), Дина Жоламан (54 кг), Валентина Хальзова (64 кг), Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) қарсылас шық келтірмесе, Жайна Шекербекова (51 кг) мен Айжан Қожабекова (57 кг) үздік үштікті түйіндеді. Нәтижесінде, 4 алтын мен 2 қоланы олжалаған отандастарымыз өз тарихында тұңғыш рет жалпы командалық есепте жеке-дара көш бастады.
2018 жылы жер-жаһанның мықтылары Үндістанның бас шаһарында тоғысты. Нью-Делиде Жайна Шекербекованың (51 кг) күмісі мен Карина Ибрагимованың (60 кг) қоласын қанағат тұттық. 2019 жылы Улан-Удэде қоржынымызға қос қола медаль түсті. Оны Милана Сафронова (64 кг) мен Дина Исламбекова (81 кг) иеленді. 2022 жылы Ыстанбұлда Алуа Балқыбекова (48 кг) күміспен күптелсе, Жайна Шекербекова (51 кг), Дина Жоламан (54 кг), Карина Ибрагимова (60 кг), Валентина Хальзова (64 кг) қолаға қол жеткізді.
Соңғы әлемдік дода осыдан екі жыл бұрын қайта Нью-Делиде ұйымдастырылды. Үндістанда Карина Ибрагимова (60 кг) мен Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) ақтық сынға алқынбай жеткенімен, шешуші тұста жеңілістің кермек дәмін татты. Карина италиялық Ирма Тестаға, Ләззат марокколық Хадиджа әл-Мардиге жол берді. Алуа Балқыбекова (48 кг), Надежда Рябец (66 кг), Валентина Хальзова (75 кг), Фариза Шолтай (81 кг) үшінші сатыға тұрақтады.
Ниш қаласында жерлестеріміздің қандай құрамда өнер көрсететіні белгілі болды. Еліміз құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалиннің таңдауы мына былғары қолғап шеберлеріне түсті: 48 кг – Назым Қызайбай, 50 кг – Алуа Балқыбекова, 52 кг – Анита Әдішева, 54 кг – Жайна Шекербекова, 57 кг – Карина Ибрагимова, 60 кг – Виктория Графеева, 63 кг – Аида Әбікеева, 66 кг – Жасмин Қизатова, 70 кг – Наталья Богданова, 75 кг – Надежда Рябец, 81 кг – Гүлсая Ержан, +81 кг – Елдана Тәліпова.
Есімдері аталған бұрымдылардың дені талай дүрмекте ысылған сақа спортшылар. Назым Қызайбай – екі дүркін әлем чемпионы, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері. Осыдан төрт жыл бұрын Дубайдағы Азия біріншілігінде дараланды. Жасы 31-ден асса да Назым әлі бабында. Әр жылдары Жайна Шекербекова, Карина Ибрагимова, Надежда Рябец Олимпия ойындарына қатысты. Төртжылдықтың басты додасында бағы жанбағанымен, әлем, құрлық чемпионаттарында сан мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Алуа Балқыбекова дүниежүзілік додада бірнеше рет жүлдегерлер қатарынан көрініп, Азияда екі рет алтыннан алқа тақты. Сол секілді басқа да жерлестеріміздің бағындырған белестері бір төбе.