Тұлға • 07 Наурыз, 2025

«О, өлең! Табады дертімнің ол емін...»

57 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Биыл біртуар ақын Тоқаш Бердияровтың туғанына – 100 жыл! Жеңіске 80 жыл екен. Мұны айтып отырған себебім, Тоқаң соғысқа қатысқан майдангер ақын. Соғыстан кейін сүңгуір қайықта теңізші болған.
Кейбір тұлғалардың трагедиясы сол, соңында іздеушісі болмаса, сол бойы ұмытылады. Ел үшін істеген есіл еңбегі еленбей, ескерілмей жата береді. Әгәрәки, тарихтың тегершігі кері айналып, адасқан әр шындық өз орнын әділеттілікпен табар болса, ол жерде ең алдымен тұғырынан байқаусызда жылжып кеткен тұлғалар табысар еді. Қазақ әдебиеті тарихында өшпестей аты қалған, таланты «тоналған», даңқы «ұрланған» арқалы ақын Тоқаш Бердияров тап осындай тұлғалардың қатарынан екені анық.

«О, өлең! Табады дертімнің ол емін...»

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«О, өлең! Табады дертімнің ол емін, – Поэзия эстафетасын, 2000-жылдарға алып барады, Менің ең кенже өлеңім». Философ ақынның астары терең осы бір ғажа­йып өлеңін әдебиеттегі ізбасар інілері бүгінде тебірене айтып жүр. Неге десеңіз, олар ұстаз алдындағы рухани қарызын жақсы түсінеді. Әттең, «Қолымызда билік жоқ. Билігің болмаған соң, көрген күнің күн емес, ақын өлеңін оқудан басқа не істей аламыз?» дейді олар. Айтып отыр­ған уәждерін еріксіз мойындайсың. Әйте­уір, игі жақсылар бас қосқан жиындарда әкім-қаралар «Тоқаңды ұмытпаймыз, ол ұмытылатын ақын емес» деп неше жылдан бері ұрандаумен келеді. Әзірге ақын атын арқалаған ауылындағы шағын мектептен басқа ештеңе бұйырмай тұр.

Басқа қалаларды айтпағанда бүкіл саналы ғұмырын өткерген, небір тамаша ­туындысын дүниеге әкеліп, өмірлік қызығы мен шыжығын қатар көрген Алматы­ның өзінде не мектеп, не көше, не ақынға арнап тұрғызылған ескерткіш жоқ. Ол-ол ма, тіпті ақын тұрған үйге кез келгенге бұйырып жатқан ескерткіш тақта да орнатылмаған. Мұндай ұлықтауларды Тоқаңның туып-өскен жері шы­райлы Шымкенттен де, киелі Түркістан қала­сынан да таба алмайсың. Неге бұлай? Туған топырақ белсенділері неге үнсіз? Әлде, оңтүстікке ақын керек емес пе? Әлде, алыс ауылдағы шағын мектепке ғана шүкіршілік етіп отыр ма?

1995 жылы туған жері Келес ауданын­да өткен ақынның 70 жылдық мерейтойында арнайы баяндама жасаған бел­гілі жазушы, марқұм Мархабат Байғұт «Шымкентте Тоқаш Бердияров­тың атына көше берілетін болды!» деп сүйін­шілегенін әлі ел ұмытқан жоқ. Сол жылы лебіз барша Түркістан жұртының жадында. Билік басындағылар Келес ауданында бір емес, екі рет кездесетін елді мекен аттарын шатастырмас үшін ақын туған ауылға Тоқаш Бердияров атын беруге де уәде еткен болатын. Міне, содан бері отыз жыл өтті. Ақынның туған топырағы тырп етер емес. Сонда берілген уәде әлі күнге дейін сағызша созылып, нақты шешімін таппай келеді. 2015 жылы ақынның 90 жылдығында сөйлеген сөзінде аудан әкімі Б.Парманов: «Бұл мәселемен арнайы шұғылданамыз», деп халық алдында уағда байласқанымен, жеме-жемге келгенде ол да аяқсыз қалды.

Айтпақшы, осы тұста халық қызмет­шілерінің есіне салатын бір нәрсе: ақын Тоқаш Бердияров өткен ғасырдың 80-жылдары өзінің баспадан шыққан кітабының қаламақысына (яғни өз қаражатына) туған ауылы Ұшқынға асфальт жол төсеттіріп бергенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Ол осы әрекетімен кезінде қаншама адамға үлгі-өнеге болды, елге қалай қызмет көрсетудің жолын көрсетті.

Т.Бердияров туралы естеліктер де, зерттеулер де өте көп. Оқырман қауымға енді ғана таныла бастаған жас ақын­ның «Мен өмір сүремін» атты поэмасы кезінде сын тезіне ұшырады. Әдебиетші-ғалым, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин баспасөз бетінде елге белгілі бір топ ақынның шығармашылығын сөз ете келе, Тоқаңның аталған поэмасын сынап, «Мұхтар Әуезовке хат» деген мақала («Қазақ әдебиеті», 28 қыркүйек, 1955 жыл) жазады.

Өзінің шығармалары жөнінде әділет­сіз көзқарасқа төзбеген Тоқаш та ұлы Мұқаңа хат жазуға мәжбүр болған (589-папка). Сонда жас ақынның хаты­на түсіністікпен қараған сұңғыла жазушы оны орынсыз дау-дамайдан арашалап қалады. Мұқаңның «Мәлік Ғабдуллинге жауап хат» атты мақаласы «Қазақ әде­биеті» газетінің 1955 жылы 11 қараша күн­гі санында жарық көрді. Онда Мұқаң былай дейді: «...Мәлік, сіз жеке жолда­рын сынағанмен, әңгіме желісін қабыл­дамағаныңызбен, мен өзім тың табыс деп жас Тоқаштың жаңа поэмасы – «Мен өмір сүремінді» айтар едім.

...Образ іздену жөнінде батылдық керек. Жолдас Мәлік, бұл жөнінде сіздің Тоқаш Бердияровтың поэмасына жалпы берген бағаңыз мен үшін түгелімен даулы. Сіздің сыныңыз бұл жөнінде әділ емес. Достоевский прозасының өзінде «Карамазовтың маңдайы жез еді» дейді. Ардың маңдайы боп, оның жез болғанын неше атадан көріп едік? Образ жөніндегі және түр-тұсындағы ізденулерге соққанда тегі біздің сыншылар, әсіресе әдебиет сабағын жүргізетін оқытушыларымыз үйреншіктіден басқаны жатырқағыш мінезді аз қолдану керек. Орыс әдебиеті сыны көлемінде ондайды «академизм» деп атайды...».

Осы жерде жазушы М.Горькийдің ке­меңгерлігі еске түседі. Оның кемең­гер­лігінің сыры сонда – өзі сонау Италия­да жатып, «Есенинді мінезіне қарап емес, ­таланты үшін сыйлап, бағалау керек, сақтау керек», деп А.В.Луначарскийге бір емес, бірнеше рет хат жазған екен. М.Әуезовтің мықтылығы да осында. Кемеңгер жазушымыз көрегендік танытып, Тоқашты әділетсіз дау-дамайдан осылайша арашалап қалған. Ал клас­сиктің ізгі ниетінен қанаттанған ақын шын­туайтында қазақ поэзиясына тыңнан түрен салғаны мәлім.

Белгілі әдебиет сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құлбек Ергөбек айтады: «Тоқаш Бердияров – қазақ поэ­зиясына қайталанбас олжа салған сарабдал ақын болғанына дау жоқ. Ол өз алдына, қазақ поэзиясына ақындық жаңа леп ала келген ақын поэзиясы рухында ақындық жаңа лек қалыптасты. М.Мақатаев, Т.Айбергенов, Ө.Нұрғалиев сынды тегеурінді таланттарымыз Тоқаш поэзиясынан көп үйренген. Ол тапқан өлең өрнегін іліп алып кетіп, дамытып, өз жолын тауып жатты олар. Ол тапқан образды шәкірттері дамыта жырлап, тамаша жемістер үзгені мәлім». Ақын Өтежан Нұрғалиев: «Тоқаш – бәріміздің ұстазымыз. Бізге лириканы сол ақын үйретті. Оған дейінгі өлеңдеріміз ішіп алған адамның сөзі сияқты арсы-гүрсі келетін. Ал Тоқаңның мәнері ісмер етік­шінің әдебіндей болатын», деп еске алады.

Жаза берсек, «аяқталмайтын әңгіме» сияқты (Е.Раушанов) Тоқаш Бердия­ров жайлы мағлұмат жеткілікті. Десе де бұл бағытта әлі атқарылатын, зерттелетін жайттар аз емес. Ал біздің айтпағы­мыз, қазақтың Тоқаштай ақынының атында туып-өскен оңтүстіктегі Шымкент, Түр­кістаннан бастап, өзі сүйсіне жырға қосқан Алматы қаласынан бір көшенің бұйырмауы ұят-ақ. Әр туған күні өткен сайын әдебиет ақсақалдары мен ізбасар ақын-жазушылар осы мәселені жабыла сөз еткенімен, тиісті жеріне жетпей, орта жолда қалып қойып жатқаны өкінішті. Енді қараңыз: 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болған Шымкент қаласы аумағынан ақынға көше атын беру туралы ұсыныстар айтылды. Тоқаштың 90 жылдық мерейтойында. Жұртшылықтың сүйікті ақынына деген шексіз махаббатынан рухтанған біз осы ұсыныстардың негізінде Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Б.Атамқұловтың атына арнайы ұсыныс хат жазуымызға тура келді. Хатқа Мемлекеттік сыйлықтың лауреат­тары Темірхан Медетбек, Есенғали Раушанов, академик Бақтияр Сманов, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәуірбек Рузиддинов, физика ғылымдарының докторы Бекболат Тоқболатұлы бастаған бір топ зиялы қауым өкілі мен мәдениет саласының қызметкерлері қол қойды. «Туған жерін жырға қосқан Тоқаш еді» деген та­қырыппен «Ана тілі» газетінің 2016 жылғы 9 маусымдағы санында жарияланған ұсыныс хат барлық ресми заңдылығы сақталып, тиісті жеріне жолданды. Көп күттірмей Оңтүстік Қазақстан облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы қол қойған, атау беру және қайта атау мәселесіне уақытша мораторий жарияланғаны, бү­гінгі күнде мораторийді тоқтату, бұл ба­ғыт­та жұмысты жалғастыру мүмкін емес­тігі айтылған жауап хат қолымызға тиді.

Кейін бұл істің анық-қанығына көз жеткізу мақсатымен басқарма басшысы Н.Шарафиевке жеке хабарластық. «Көше беру-бермеу – менің құзырымдағы нәр­се емес. Егер ел азаматтары құжаттар­ды мұқияттап әкелсе, көмектесуге дайынмын. Алайда бір нәрсені ескеру керек. Шымкент қаласынан көше беру облыс әкімдігінің құзырына кірмей­ді. Заңға сәйкес ол қалалық әкімдіктің өкі­леттігіне жатады», деді ол.

Біз уақыт созбай Шымкент қаласы­ның әкімі М.Әйтеновтің атына қайыра хат жаздық. «Талантымен тамсандырған Тоқаш еді» деген тақырыппен ол хат та «Ана тілі» газетінде (27 ақпан, 2020 жыл) жарық көрді. Хатта: «Ұлт әдебиетіне сіңірген зор еңбегін ескере отырып, өзі­ңіз басқаратын Шымкент қаласынан қазақтың біртуар ақыны Тоқаш Бер­дия­ровқа қаланың жаңа түсіп жатқан аудан­дарының бірінен көше берілсе, сол көшенің бойынан ескерткіші орнатылса» деген ұсыныс айтқан болатынбыз. Одан кейін аталған газет бетінде «Тоқаш есімі ұмытылмауға тиіс» деген тақырыппен ­(14 мамыр, 2020 жыл) бір топ мәде­ниет және әдебиет қайраткерінің Шым­кент қаласынан ақынға көше беру және ескерткіш тұрғызу туралы ұсынысы­мыз­ға қолдау көрсеткен хаттары жария­ланды. Осылардың барлығын мұқият жинап, қаттап, тиісті жерлерге жібердік. Алайда Шымкент қалалық әкімдігі­нен де «бұл мәселеге байланысты мораторий жарияланғандықтан, оны шешу мүмкін емес» деген сыңайда сырғытпа жауап келді. Қысқасы, Тоқаш Бердияров атына көше беру мәселесі баяғы жартас, сол жартас күйінде әлі тұр.

Аты аңызға айналған ақынға көше атын беруге, ескерткіш орнатуға Шымкент қаласының қауқары да, қаржысы да жетеді. «Ескертпеді, ұсынбады» деп кінәні басқаға арта салу да дұрыс бай­лам емес. Бұл мәселеде тек шырай­лы Шымкент қаласын басқарып отыр­ған халық қызметшілерінің сүйікті ақыны­мызға ықыласы түспей тұр-ау деп қана жорамалдауға болатындай. Халық ұсы­нысы – «сен тимесең, мен тименге» ұқсап бара жатқандай...

Өмірімен де, өлеңімен де оқырман­дарын таңғалдырып өткен ерекше жаратылыс иесінің өлімі де күтпеген жерден болыпты. Таудағы бір демалыс үйінде басқышпен түсіп келе жатқанда жазата­йым аяғы тайып құлаған ақын тасқа дәл қарақұсымен түсіпті, сол күйі тіл тарт­пай кеткен. Арда азамат, Екінші дүниежүзі­­лік соғыс ардагері, дарабоз ақын 1988 жылы 29 шілдеде осылайша кенеттен қай­тыс болған.

Тосын Тоқаңа топырақ та туған же­рінен бұйырған. Ол Келес өңіріндегі Көк­тен ата қорымында мәңгі тыныстап жатыр.

Көз көргендердің айтуынша, Тоқаң өмірінің соңғы кезеңдерінде ел жақ­қа көшуді ойластырып жүріпті. Жерлес­теріне: «Мен елге қайтуды ойластырып жүрмін. Маған Нұх бабам кемесін қайырған Қазығұрттың басынан бір ағаш үй салып берсеңдер болды, сендерден басқа ештеңе сұрамаймын», дей­ді екен әзіл-шыны аралас. «Біз көзі тірісінде Тоқаңның сол арманын орындай алмадық» деп өкініш білдіреді ақынның жерлестері бүгінде. Мүмкін, бүкіл болмыс-бітімімен туған жерін сүйіп өткен марқұмның арманы енді орындалатын шығар. Шымкент қаласының төрінен қазақ поэзиясында өз қолтаңбасы айқын, шын мәніндегі халықтық ақынға айналған Тоқаш Бердияровқа көше беріліп, сол көше бойынан еңселі ескерткіші тұрғызылып жатса... Бұдан асқан құрмет бар ма? Халықтың күткені де осы емес пе?

Иә, биыл дарабоз ақын, майдангер Тоқаш Бердияровтың туғанына –100 жыл. Жеңіске – 80 жыл. Түркістандықтарға даңқты жерлестерін қалай құрметтеп, ұлықтаймын десе де жарасады. Он жылда бір келетін бір реттік мерейтойын өткізіп, аста-төк ас берумен іс бітпейді. Тарихи тұлғаның есімі көшеге, мәдениет ордасына берілсе, ескерткіш тұрғызылса, біздіңше, өскелең ұрпаққа қамқорлық деген сол.

Ал ақынды ардақтау, атын ұлықтау өз қолымызда екені айқын.

 

Болат ШАРАХЫМБАЙ,

ақын, Тоқаш Бердияров мұрасын зерттеуші