Таным • 07 Наурыз, 2025

Қазақ қылқаламының қарлығашы

790 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақтан шыққан тұңғыш әйел суретшілер туралы айтқанда ойымызға алдымен Айша Ғалымбаева мен Гүлфайрус Исмаилова келеді. Иә, бұл апаларымыз 40-жылдары Алматы көркемсурет училищесінде білім алып, кәсіби суретші атанғаны рас. Бірақ олардан көп бұрын қылқалам мен кенепті серік еткен қазақ қызы Зәуреш Бөкеева туралы білеміз бе?

Қазақ қылқаламының қарлығашы

Суреттерде: 1. 1933 жылы Шәңгерейдің өлеңдер жинағына басылған сурет. 2. (Сол­дан оңға қарай) Зәуреш Бөкеева мен құрбысы Әйнек Ерәлиева. Бұл сурет Шолпанай Аман­жолованың жеке қорынан алынған. 3. Қажы­ғали Мәмековтің хаты.

Батыс Қазақстан облысы энцик­лопедиясында Зәуреш Мұха­медкерейқызы жайында «1867 жылы Бөкей ордасында туған, 1956 жылы Ташкентте қайтыс болды. Жәңгір хан әулетінен. Әкесінің інісі Шәңгерей Бөкеевтің қолында тәрбиеленген. Оның арнайы шақыруымен келген италиялық суретшіден дәріс алған. Бірнеше шет тілін меңгерген. Жаһанша Сейдалин, Ахмет Бірімжанов, Алпысбай Қалменов, Ғұмар Қараш секілді қазақ зиялыларымен пікірлесіп тұрған. Зәуреш салған суреттер Азамат соғысы жылдарында және одан кейінгі кезеңдерде жоғалып, бүгінгі күнге дейін жетпеді» деген азғантай ғана ақпарат жарияланған.

Бұл жолдардың авторы Шолпанай Аманжолова Зәуреш әжесін егде тартқан шағында көрген, тәлім-тәрбиесін алғанын айтады.  

– Зәуреш апа – мені баққан адам. Ол кісінің сурет салғанын өз көзіммен көрдім. Біз бала кезімізде Ташкентте тұрдық қой, үлкендер шаруамен әр жақ­қа кеткенде бізді Терек апа (Зәуреш апай­ды солай атаған екен – Қ.Қ.) қарап қа­ла­тын. Сол кезде бізге түрлі ертегі айтады. Әр айтқан ертегісіне орай сурет салып отыратын. Аю туралы айтса, аюдың суретін, тышқан туралы айтса тышқанның суретін сала қоятын. Біз тұрған үйдің қабырғасында Зәуреш әжеміз салған екі картина ілулі тұратын. Оның бірі – А.Пушкинді баққан Арина Родионқызының бөренеден қиып салған үйі екені есімде қалды. Қазір менің қолымда Зәуреш әже тоқыған кішкентай сүлгі бар, қастерлеп сақтап отырмын, – дейді Шолпанай Асқарқызы.

ап

Зәурештің әкесі Мұхамедкерей – Шәң­герей Бөкеевтің туған ағасы. Шәң­герейдің өз баласы болмаған соң Зәу­решті кішкентайынан бауырына басып, өз қызындай өсірген. Шолпанай апай Зәурештің кішкентайынан қата­рынан озық тәрбие алғанын, тіпті Ита­лиядан арнайы алдырылған кәсіби сурет­шіден көркемсурет өнерінің әліппесін үйренгенін айтады. Зәуреш Қасым деген кісіге ұзатылып, Бәкеш есімді балалы болған. Бірақ Қасым ерте қайтып, Зәуреш Шәңгерей үйіне қайтып келген. Сөйтіп, Шәңгерей қайтыс болғанға дейін жанында болған.

Жәңгір ханның немересі Шәңгерей Бөкеев – Орынбор кадет корпусында, Астрахан гимназиясында оқыған көзі ашық адам болғанын, Хан атасының жаз­ғы ордасында – Сарытау (Саратов) мен Самара аралығындағы ата қонысы Көлборсыда салтанатты өмір кешке­нін, аңшылық-саятшылықты, табиғат сұлу­лығын, ән-күйді, көркем сөз өнерін ұнатып, өзі де өлең жазғанын, асыл тұқымды мал өсіріп, егіншілікпен айна­лысқан озық өнерлі адам болғанын, тіпті қазақтан шыққан тұңғыш фотограф деген анықтауыш та осы кісіге тиесілі еке­нін көзі­қарақты оқырман жақсы білетін шығар.

«Ол (Әмина) Жәңгір ханның зайыбы Фатима ханымның Парижден арнайы алдырған пианиносын көріп қалған адам. Жақын туысы, атақты ақын Шәңгерей Бөкеевтің Зәуре деген қарындасы­­ның суретшілігін айта алмай отыратын. Шәңгерей өлең жазып, кітап жинаумен бірге жүйрік ат баптап, тазы жүгіртіп аң аулаған. Мальцев деген суретшіні арнайы шақырып, қарағай үйінің төбе­сін ашып, әйнектетіп, галерея жасатып, сурет салдырған. Өзі де сурет салып, фото­ға түсіретін, ою оятын» деп жазады Мереке Құлкенов 1990 жылы 29 шілдеде «Лениншіл жас» газетінде жарық көрген «Аққан жұлдыз» атты мақалада.

«Шәңгерейдің сурет өнеріне айрық­ша бүйрек бұрып, Мальцев сияқты сурет­­шілерді үйінде айлап жатқызып сурет салдыруы, үйдің сәулесі мен көлең­кесі үйлеспей қалғанда бір бөлмесінің төбесін алдыртып тастап, әйнектетіп галерея жасатып беруі әб­ден заңды. ...Осы дәстүрдің ықпал кү­ші Шәңгерей ша­ңы­рағында төтен бол­ғандығы сонша, ақын­ның қолында өскен Мұхаммедкерей қызы Зәуренің майлы бояумен, акварельмен салған суреттерін көрген жұрт айта алмайды екен. Сол суреттер бертінге, елуінші жылдарға дейін сақталып келген. Ендеше Зәуре Шәңгерейқызын қазақ қыздарынан шыққан алғашқы кәсіпқой суретшіміз деп тануымыз керек» дейді зерттеуші Мақсат Тәжімұрат («Шәңгерей. Жасампаздық өмірі» Алматы: Өлке, 1998). Шәңгерей­дің суретші Мальцевпен дос болуы, бір бөлмесінің төбесін алдырып тастауы – Нұғман Манайұлының 1934 жылғы мақаласынан қалған дерек.

ап

Жоғарыда келтірілген естеліктер Зәуреш Бөкееваның суретшілік өнеріне күмән келтірмейді деп ойлаймыз. Тек шығармалары сақталмай қалғаны болмаса...

Дегенмен, осы жерде оқырманмен ой бөлісетін бір мәселе бар. Ол – 1933 жылы Нұғман Манайұлы құрастырған Шәңгерейдің өлеңдер жинағындағы сурет. Алматыдағы Қазақ көркем әдебиет баспасынан жарық көрген ақынның тұңғыш жинағына қарт Шәңгерейдің сәл сол жақ қырынан салған графикалық суреті басылған. Сурет авторы көрсетіл­меген.

Бұл суретті кім салуы мүмкін? Кә­сіби мамандардың пікірінше, сурет қолтаң­басы қалыптасқан, төселген, өзіне сенімді суретшінің қолынан шыққан. Бұл туындының авторы Зәуреш болуы мүмкін бе?

Осы сауалдың соңынан індетіп, шағын зерттеу жасап көрдік.

Шәңгерейдің көзі тірісінде түс­кен 2-3 суреті белгілі. Ең танымалы – 1910 жылы Ғұмар Қараштың құрас­ты­руы­мен Орынбор қаласында шық­қан «Ша­йыр» және «Көксілдер» жинақ­тарын­да басылған фотосурет. 1905 жылы түсі­рілген делінетін бұл фотода құн­дыз бөрікті, қасқыр жағалы тон киген Шәңгерей аса салтанатты көрінеді. Ал Нұғман құрастырған жинақтағы суреттен қартайған, қажыған, ақ шашты қарияны көреміз.

ва

Жәңгір ханның жазғы ордасында сән-салтанатты тұрмыс кешкен Шәңгерей өмірінің соңы трагедияға толы болған. 1918–1919 жылдары елде азамат соғысы өршіп, Бөкейлікте ақ пен қызылдың айқасы күшейгенде әсіресе шекарадағы қазақ байлары көп шапқынға ұшыраған. Шәңгерей де осындай қысталаңда үйінен қашып шығып, Жайықтың сол жағына – Бұқар бетке өтуге, Тайпақ, Жымпиты, Қаратөбедегі төре ағайындарын пана­лауға мәжбүр болады. Шолпанай апай 1996 жылы Көлборсыға таяу Палласов ауданы Зеленый Дол ауылында тұратын Мәдина Ғайсинаға жолығып, осы көштің мән-жайын оқиға куәгерінің өз аузынан естіген. Мәдина апай ол кезде 8 жасар екен, қуғын кезінде Зәуреш апай мен Мәдина (Мұхамедкерейдің Ақыш деген ұлынан туған) – Тайпақ жағына, Шәңгерей мен Бәкеш (Зәуреш пен Қасымның баласы) – Жымпиты жағына бөлек кеткен. Кейін 1920 жылдардың басында, қыс айында Ақбақайда кездескен кезде Шәңгерей де, Бәкеш те ауру меңдеп, титығына жеткен екен. Екеуі Зәурештің қолында, арасына бір күн салып бірінен соң бірі қайтыс болған.

Міне, Зәуреш – Шәңгерейдің өмірінің соңына дейін жанында болған жалғыз адам. Нұғыман Манайұлы «Шәңгерейдің өмірбаяны туралы көрген, білген, адамдардан есіткен фактілерімізді қалдырмай жаздық» дейді. Әрине, Шәңгерей туралы дерек берген адамдардың ең бастысы – Зәуреш Бөкеева болғаны анық. 

Бөкейлік тарихын көп зерттеген, өмір бойы тірнектеп дерек жинаған зерттеуші Мұстафа Ысмағұлов ағамыз болатын. Сол Мұстафа ағайға 1965 жылы қазақтан шыққан алғашқы дәрігердің бірі Қажығали Мәмеков хат жазыпты. «Жолдас Мұстафа, Сіз бізде болғанда ауыздай айтатын бір мәселені ұмытыппын. Енді соны қағазбен жазып отырмын: Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеевтің бірге туған қарындасы кү­йеуі Қасым өлген соң бір баласымен Шәң­герейдің қолында болған. Баласы Бәкеш 20 жастарға келгенде туберкулезден өліп, Зәуреш жалғыз Шәңгерейдікінде болған. Ағасы Шәңгерейде қатын-бала жоқ. Бұл Зәуреш тым тәуір художник болған. Мен оның салған суреттерін көргенім жоқ. Шәңгерейдікіне жазда қымыз ішуге барып жатқан орыстардан есіттім: жаз айларында жер-жерден келіп, Шәңгерейдің имение­сінде туристер жатады. Ішінде художниктер де бар. Шәңгерей өзі интеллигент, культурный адам болған ғой. 1919 жылы Борсыдан ығысып, Жымпиты районына қарындасы Зәурешпен бірге барғанда, бұлармен бірге Таловка­дағы Мұхамедрахым Қарабаев та барған. Шәңгерей барғасын көп кешікпей опат болған. Моласы сонда ғой. Мұндағы доктор Дәулетше Күсепқалиевтің әйелі – Шәңгерейдің туған қарындасы, інісі, ветеринарный врач Шахбазгерейдің әйелі – Таловкадағы правитель Нұ­рым Қарабаевтың қарындасы бола­тын. Зәуреш үлкейсе де панасыз қал­ғасын учи­тель Мұхамедрахым Қара­баевқа ти­ген, бұ да төре тұқымы. Шәңге­рей­дің қалған жеңіл-желпі заттары, киім-кешек, тағысын-тағы осы үйде қал­ған. 1928 жылы мен Орал қала­сын­да Мұха­медрахымдікінде қонақ болға­ным­да, Зәуреш те бар. Сонда коридорда тұрған художник жасаған Шәңгерейдің суретін көрдім. Басында кәмшат бөрік, үстінде бұхарлық сары жібек шапан, көлемі квадратный бір аршын шамасындай. Қарабаев Алматы жағына көшіп барғасын, 1930 жылдары айдалып кеткен. Содан қайтып келгесін, 1936 жылы мен Астрахан облысында тұрғаным­да Мұхамедрахымнан хат келді. Сонда маған «Зәурештен сәлем» депті, бар болғаны ғой. Артынан Мұхамедрахым екінші рет ұсталып, хабарсыз кетулі. Зәурештің қайда қалғанын білмеймін. Төркіндері ғой, Бөкейхановтардың біреуінің үйінде қалған болар деймін. Алдында Махамбет Бөкейхандікінде бол­ды деп естіп едім. Бұл күнде Зәуреш жоқ болар, жасы бір жүзді қусырып жүрген болар. Өйткені баласы Бәкеш бізбен шамалас еді. Шәңгерейдің художник жасаған суретін ешкім білмей ме, Зәурештің қайтқан үйінде болуға тиіс... Шәңгерейдің суреті тарихқа қадірлі нәрсе болар, әрі қазақта әйелден художник болғаны жоқ, салған суреті табы­ла қалса, ол да бір қадірлі ғой. Сіздің тапсырмаларды жеріне келті­ру ниетінде жатыр­мын. Хажи-Али Мамеков. 10 январь, 1965 жыл. P.S. Бұл туралы мені хабарсыз тастамас деп ишанамын. Х.М.Мұхамедрахым мен Сейітқали Мең­­дешев – менің бірге оқыған товарищтарым. Х.»

Профессор Қабдеш Ыды­рысов аға­мыз бө­ліскен осы хатта да Зәу­реш­тің қа­зақ әйелдерінен шыққан тұң­ғыш сурет­ші болғанын нақты айты­лады. Автордың ­сипаттауына қара­ғанда Мұха­медрахымның үйіндегі сурет Нұғман Манайұлы жариялаған туын­дыға ұқса­майды. Яғни 1933 жылы кітапта басыл­ған графикалық жұмыстан бөлек, Шәң­герейдің түрлі-түсті бояумен са­лынған портреті де болған. Алайда сақталмағаны, бізге жетпей қалғаны ғана өкінішті...

Айтпақшы, Нұғман Манайұлының мақаласында айтылатын суретші Маль­цевтің де дерегін де іздеп көрдік. Орыс пен италияндарға ортақ Мальцев Гри­горий Павлович деген суретші болған екен. Бірақ Шәңгерейден де, тіпті Зәуреш­тен де жасы кіші болып шықты. Бірақ 1900 жылы Астраханда еңбек жолын бастағаны, 1914 жылдың басында Италияға кеткені жайлы деректер түрлі ойға жетелейді. Мальцевтің 1912 жылы салынған «Намаз оқып жатқан қазақтар» атты картинасы да бар екен. Шәңгерейге қонақ болатын осы Мальцев пе, басқа ма, зерттеушілер анықтай жатар. Ал біз қазақ әйелдері ішінен шыққан тұңғыш суретші Зәуреш Бөкеева туралы сөзімізді осымен аяқтаймыз.

 

Батыс Қазақстан облысы