
- Лондонда теннисшілердің Дэвис кубогінің жеребесі тартылды. І әлемдік топта өнер көрсететін жерлестеріміз Оңтүстік Кореямен шеберлік байқасады. Бәсекелер қыркүйек айында өтеді. Осыған дейін қос команда өзара екі мәрте кездесті. 2007 жылы корейлер 5:0 есебімен ойсырата ұтса, арада үш жыл өткенде жерлестеріміз қарсыласын дәл сондай есеппен жеңді.
- Футболдан 2026 жылы жалауы желбірейтін дүниежүзілік доп додасының іріктеу турнирі аясында еліміздің құрамасы алдағы күндері сырт алаңда екі кездесу өткізеді. Әли Әлиев жаттықтыратын команда 22 наурызда Уэльске, 25 наурызда Лихтенштейнге қарсы ойнайды.
- Футболдан еліміздің премьер-лигасының екінші туры мындай нәтижелермен аяқталды: «Оқжетпес» – «Атырау» 2:1, «Жетісу» – «Ұлытау» 0:0, «Жеңіс» – «Тобыл» 0:0, «Қайрат» – «Ордабасы» 4:0, Ақтөбе» – «Тұран» 2:1, «Елімай» – «Қайсар» 2:0, «Қызылжар» – «Астана» 0:2.
- Қазақ парабиатлоншысы Ербол Хамитов Швецияда шымылдығы түрілген әлем кубогі кезеңінің жеңімпазы атанды. Ол 7,5 шақырымдық спринтерлік сайыста дара шықты. Күміс, қола медальдар Украина спортшылары Павло Бал мен Александр Алексикке бұйырды.
- Францияда «Париж-Ницца» көпкүндігі өтіп жатыр. 16 наурызға дейін созылатын жарыста «Астананың» намысын Кейс Бол, Клеман Шампуссан, Антон Чармиг, Евгений Федоров, Харольд Техада, Майк Тёниссен, Николя Винокуров сынды велошабандоздар қорғайды.