
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жылжымайтын мүліктің жоғары бағасы, ипотекалық несиелеудің күрделі шарттары, төмен бастапқы жалақы жас мамандардың жеке баспанаға қол жеткізуін іс жүзінде қиындатады. Осыған байланысты жүзеге асырылған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы жұмыс істейтін жастардың тұрмысына – тіреу, мансабына медеу болып, біраз ауыртпалықтан құтқарғаны белгілі. 29 жасқа дейінгі тұрақты жұмысы, расталған табысы бар жастарды қолдауға бағытталған бастамада жұмыс өтілі, табыс деңгейі, отбасылық жағдайы, балаларының болуы сынды таңдаудың негізгі өлшемшарттары белгіленді.
Басымдық білім, денсаулық сақтау және мәдениет сияқты әлеуметтік маңызы бар салаларда жұмыс істейтін жас мамандарға берілді. Тиісінше, Үкімет жалдамалы тұрғын үйді салу мен сатып алуға, сондай-ақ жалдау ақысын субсидиялауға қомақты қаражат бөліп, мыңдаған жасты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жоспарын жүзеге асырды. 10 мыңнан аса жас мемлекеттік қордан бөлінген пәтерлерді уақытша пайдалану арқылы жеке баспана сатып алу үшін қаражат үнемдеуге мүмкіндік алды. Бағдарламаның негізгі мәні бойынша 5 жылдық мерзімде жұмыс істейтін жастар кейіннен өз баспанасын сатып алу үшін бастапқы жарнаға жинақ жүргізуі керек.
Бастама еліміздің негізгі қалаларында – Астана, Алматы, Шымкентте іске асырылды. Бар әлеует шоғырланған ірі қалада ай сайынғы ақысы 5000-15000 теңге төңірегіндегі отбасы бюджетіне салмақ түсірмейтін жалдамалы пәтер екінің біріне бұйыра бермейді. Енді көп отбасының көңіліне үміт ұялатып, баспаналы болуына ықпал еткен бағдарлама аяқталуға таяу. Тұрғын үй заңнамасының талаптарына сәйкес, босатылған тұрғын үйлер мұқтаж азаматтарға берілмек. Алайда жалға алушылардың көпшілігі үйреніп қалған орнынан көшуге дайын емес. Олар алғашқы жарнаға қажетті соманы жинап үлгермегенін, қайтадан қолжетімді баспана табу мәселесіне тап болатынын айтып, жалдамалы пәтерлерді сатып алуға мүмкіндік беруді сұрайды. Түрлі сатыларға жұмыс істейтін жастардан жалға берілетін пәтерлерді ипотекада жеңілдікті шарттармен сатып алу құқығын беру немесе жалдау мерзімдерін ұзарту туралы өтініштер түсіп жатыр. Бірақ қолданыстағы заңнама шеңберінде олардың талаптарын қанағаттандыру мүмкін емес. Жұмыс істейтін жастар ретінде тұрғын үй алған барлық азаматтармен сатып алу, ұзарту құқығынсыз тұрғын үйлерді жалдау шарттарына қол қойылып, пәтер беру кезінде бағдарламаның талаптары түсіндірілген.
Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлының айтуынша, биыл бағдарлама шарттары бойынша бірінші 1 050 пәтерді жалға алушылар тұрғын үйді босатуы керек, оның ішінде 681 шарттың мерзімі аяқталған. Жалдау шарттарының талаптарын сақтау мақсатында әкімдік жалға алушыларды кезең-кезеңімен көшіру бойынша шаралар қабылдайтын болады, пәтерлерді ерікті түрде босатудан бас тартқан жағдайда даулар сот тәртібімен қаралады.
Қала әкімдігі бағдарламаға қатысушылардың мәселесін шешу үшін қосымша қолдау жолдарын қарастырып, қалалық «Алматы жастары» жеңілдікпен несие беру бағдарламасының мүмкіндігін кеңейтті. Нәтижесінде, 25 адам 18 млн теңгеге дейінгі сомаға тұрғын үй қарыздарын алып, өз баспанасына қол жеткізді. «Отбасы банкімен» жасалған Ынтымақтастық келісімі арқылы жұмыс істейтін жастар бағдарламасын жалға алушылар үшін 1050 қарыз мөлшерінде квота қарастырылған. Сондай-ақ биыл жыл басынан «Отбасы банкімен» келісім бойынша жалға алушылардың төлем қабілеттілігін алдын ала бағалау мақсатында бағдарлама жалгерлерін қабылдау ұйымдастырылды. Әкімдік жалға алушылармен бірнеше кездесу өткізіп, қолданыстағы тұрғын үй заңнамасын жан-жақты түсіндірді. «Алматы жастары» бағдарламасының қашан іске қосылатыны жуық арада хабарланады. Сонымен бірге өтініштер мен құжаттарды қабылдау наурыз айының соңына қарай басталады.