Үкімет • 14 Наурыз, 2025

Халықты әлеуметтік қолдау – басым бағыт

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге қатысты тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді.

Халықты әлеуметтік қолдау –  басым бағыт

Сурет: primeminister.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова цифрлық шешім­дерге негізделген жаңа тәсілдермен таныс­тырды, бұл қолдау шараларының қайта­лануын болдырмауға және «әлеуметтік әділет­тілік» қағидатына сәйкес әлеуметтік игіліктерді бөлу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Биылғы наурыз айындағы жағдай бо­йынша елімізде 4 млн-нан астам азамат түрлі әлеу­меттік қолдау, атап айтқанда, атаулы көмек, көпбалалы отбасыларға арналған төлемдер, мүгедектігі бойынша жәрдемақы­лар, босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі төлемдер, халықтың аз қамтылған топтарын қолдау сынды шаралармен қамтылған.

Бұл ретте «Отбасының цифрлық картасы» деректерін талдау тек 564 мың азаматтың өмірлік қиын жағдайға тап болғандар санатына жататынын көрсетеді. Осыған байланысты әлеуметтік көмек көрсету санаты қағидатынан нақты мұқтаждық өлшемдеріне көшуге бағытталған тетік қарастырылып жатыр.

Сондай-ақ мұқтаж азаматтарды қамту­дағы өңірлік диспропорциялар проблемасын шешу мәселесіне назар аударылды. Атап айтқанда, облыстар мен қалаларға қарамастан, төлем түрлері мен мөлшерін бір жүйеге келтіру туралы идеялар айтылды.

Олжас Бектенов Үкімет жұмысының басым бағыты мұқтаж азаматтардың тұр­мыс деңгейі әрі қарай қанағаттанарлық санатқа көшуі үшін оларды қолдау шараларымен қамту екенін атап өтті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму министрліктеріне мұқтаждық деңгейін бағалау үшін жақын арада халықтың әл-ауқатын жан-жақты талдау жұмыстарын аяқтау тапсырылды. Мұқтаждар жүйесіне кірмеген азаматтар бойынша жеке жұмыс жүргізу жүктелді.