
Суретті түсірген – Валерий БУГАЕВ
Күннің күрт жылынуы еріген қар суынан пайда болатын алғашқы қауіп көздерін аңғартты. Мәселен, күні кеше Астана мен Павлодар қалаларының арасын жалғайтын автобанның үстінен қарғын су жүріп кетті. Салдарынан күре жолдың Шідерті кенті аумағында көлік қозғалысында біраз қиындық туындап, жолдағы су басқан аумақтың көлемі 150 метрге дейін жетті. «ҚазАвтоЖол» ЖШС-ның өкілдері жол бойына инертті материалдар мен құм толтырылған қапшықтар төсеп, тасқынның әрі қарай жайылуына жол берген жоқ. Аталған аумақта су өткізетін құбыр орналасқан. Бірақ лап қойған су құбырдан өтіп үлгермеген. Жолға жауапты кәсіпорын, мамандар жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық қажетті шараларды атқарып жатыр.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі Баянауыл ауданында жеті елді мекенді су басу қаупі бар екенін хабарлады. «Ақжар» бөгеті, сондай-ақ өңірдегі Ащысу, Айдос, Бала Шідерті, Қарасу өзендері қатты тасыса, бірқатар ауылға су кіруі ықтимал. Бүгінде Баянауыл ауданындағы қардың қалыңдығы 21 сантиметр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 сантиметрге көп. Көктемгі кезеңде Ащысу, Айдос, Бала Шідерті, Қарасу өзендері айтарлықтай қауіп төндіреді. Су деңгейінің күрт көтерілуі таулардағы қардың еруіне, Қарағанды облысынан Қарасу өзенінің сағасы бойымен ағып келетін сулардың қозғалысына байланысты. Мамандар Ащысу бөгетінің жағдайын тексеріп шыққан. Бұған дейін оны нығайту, биіктігін көтеруге қатысты жұмыс жүргізілген. 1,6 км бөгеттің сыртқы жақтары габиондармен нығайтылды. Баянауыл Қарағанды облысымен шекаралас, негізгі қауіп те жыл сайын сол жақтан төнеді.
– Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданы мен Баянауыл ауданы Сәтбаев ауылдық округінің шекара маңы аумағында жиналған қардың үлкен қоры қарқынды еріген кезде, сондай-ақ «Ақжар» бөгеті толып, су жіберілген жағдайда ауданның 7 елді мекенін су басу қаупі бар. «Ақжар» бөгетінен ағып келетін судың негізгі арнасы Қ.Сәтбаев ауылынан 10-15 км жерде «Қаратоқа» бөгетінен ағып келетін судың арнасымен қосылады, осыған байланысты жақын маңдағы Мәшһүр Жүсіп, Жаңатілек, Көкдомбақ, Қаныш Сәтбаев, Мұса Шорманұлы ауылдарының маңында гидропосттар жабдықталған. Әуеден барлаудың нәтижесінде, Қарағанды облысының «Ақжар» бөгетіндегі жағдайға мониторинг жүргізілді. Жобалық көлемі 4,2 млн текше метрді құрайтын су қоймасы қазірде 71%-ға толған. «Қаратоқа» бөгеті Бұқар жырау ауылынан 25 км қашықтықта орналасқан. 3 млн текше метр су сиятын бөгет бүгінде 33% толған, – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
«Қазгидромет» РМК Павлодар облысы бойынша филиалының деректеріне сүйенсек, өңірдің барлық аумағында күзгі кезеңде түскен жауын-шашынның мөлшері нормадан артық. Ертіс өзенінің гидропосттарында мұздың әлі де қатып жатқаны байқалады. Мамандардың болжамынша, облыс аумағындағы су тасқыны кезеңі екі кезеңде өтеді: наурыздың 2-3-онкүндігінде қар ериді, сәуірдің 2-3-онкүндігінде Жоғарғы Ертіс каскадынан су жіберіледі.
Павлодар облысы