
Фото: egemen.kz/Ерлан Омар
Сондай-ақ, жаңа орман тәлімбақтары құрылып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар кеңейтіліп, қалдықтарды кәдеге жарату жобалары жүзеге асырылуда, ал сирек кездесетін жануарлар – жолбарыстар, құландар және Пржевальский жылқылары табиғатқа қайтарылған.
Ормандарды қорғауды күшейту және материалдық-техникалық жаңарту үшін орталық бюджеттен өртке қарсы және орман өрт сөндіру техникасын сатып алуға 5,4 млрд теңге бағытталған. Ал жергілікті құрылымдардан 6,7 млрд теңге бөлінген. Орман өрттерін тиімді сөндіру үшін тракторлар, арнайы техника мен жабдықтар сатып алынуда.
Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі «Қазақтелекоммен» бірлесіп жүзеге асырылып, «Жасыл аймақ» пен «Семей орманы» сияқты 24 орман шаруашылығы аумақтарын зерттеу жұмыстары басталған.
«6 өңірде жаңа орман тәлімбақтарын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы бюджет 21,2 млрд теңгені құрайды, әрбір тәлімбаққа 3,5 млрд теңгеден қаралған. Оның қуаты – 6 млн көшет. Құрылыс 2025 жылы басталады. Биоалуантүрлілікті сақтау тұжырымдамасын әзірлеу басталды. Жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) – «Мерке» өңірлік паркі (86 мың га), «Арал» (471 мың га) және «Жайық орманы» (46,9 мың га) резерваттары құрылуда. Үш аумақты – Үстірт, Қаратау, Іле-Балқаш, 648 мың гектарға кеңейту жоспарлануда. 6 ЕҚТА-да бақылау өткізу пунктерін автоматтандыру және электрондық төлем жүйесін енгізу үрдісі басталды», делінген Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарламасында.
2024 жылдан бастап «Таза Қазақстан» акциясына 6 млн адам, оның ішінде 230 мың ерікті қатысқан. 1,1 млн тонна қоқыс жиналып, 1,6 млн ағаш отырғызылды. Экомәдениетті дамытудың 2029 жылға дейінгі Тұжырымдамасы бекітіп, өңірлік жоспарлар мақұлданған. Министрлік экологиялық бастамалар қоғам тарапынан белсенді қолдауға ие болып жатқанын ерекше атап өткен.
«2 млрд түп ағаш отырғызылуда. 2021 жылдан бастап 1,145 млрд ағаш егілді. Сондай-ақ Арал теңізінің құрғаған табанын көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде – 1,1 млн гектарға сексеуіл отырғызу жоспарланған.
Қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты мәселелерді шешу мақсатында 238 млрд теңгеге 94 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Заманауи полигондар салу, қайта өңдеуді дамыту және қалдықтарды бөлек жинауды енгізу негізгі бағыттар саналады», делінген министрлік хабарламасында.