
Суретті түсірген – Мәди ҒҰБАЙДУЛЛИН
Саратов облысы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Қазталов, Тасқала аудандарымен шектеседі. Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас жатқан көршілердің арасындағы экономикалық қарым-қатынастың тамыры тереңде жатыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясымен тауар айналымы 700 млн доллардан асқан екен. Соның 37,1 млн доллары дәл осы Саратов облысына тиесілі. Сондай-ақ өңірде ресейлік бизнеспен әріптестік қарқынды дамып келеді. Кейінгі үш жылда сауда, маркетингтік зерттеулер, IT, басқа да салаларда 740-тан астам бірлескен кәсіпорын тіркеліпті.
Оралға келген ресейлік делегация құрамында мемлекеттік мекеме басшылары, сауда-өнеркәсіп палатасының мүшелері, білім беру саласының қызметкерлері мен кәсіпкерлер болды. Кездесу барысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі елдің өңірлері арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық байланыстың маңыздылығына бірнеше рет назар аударғанын атап өтті.
Өңір басшысы өз сөзінде агроөнеркәсіп кешенінің жедел дамып келе жатқанын, биылдың өзінде ауыл шаруашылығын дамытуға 114 млн АҚШ доллары бөлінгенін айтты. 2025 жылдың алғашқы екі айының ішінде ғана өңірдің агросаласына 400 мың доллар көлемінде инвестиция тартылған.
«Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы мен ғылым саласында ресейлік әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Мәселен, Орал ауыл шаруашылық тәжірибе стансасының ғалымдары Н.М.Тулайков атындағы Самара ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу институтымен, П.Н.Константинов атындағы «Еділбойы» селекциялық-тұқымдық ғылыми-зерттеу институтымен әріптестік байланыста. Самаралықтармен бірлесе жасалған жазғы бидайдың «Еділжайық» тұқымы қазір БҚО аумағында жақсы танымал. «Еділбойы» ҒЗИ ғалымдарымен бірге қазір дәнді дақылдардың, майлы дақылдардың, мал азығы дақылдарының будандарын шығару жөнінде тәжірибе жүргізіліп жатыр. Ғылым мен білім – біздің ресейлік әріптестерімізбен арамызды жалғап жатқан маңызды жолдың бірі осы» деді Нариман Төреғалиұлы өз сөзінде.
Облыс әкімі жоғары білікті мамандарды даярлауда Саратов облысының жетекші университеттерімен әріптестік орнатуға қызығушылық танытты. Ол халықаралық ынтымақтастық аясында батысқазақстандық ғалымдар Саратов облысының жоғары оқу орындарымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы, халықаралық құқық, медицина саласында түрлі жобаны жүзеге асырып, магистранттар мен аспиранттарды тағылымдамадан өткізіп, оқытатынын атап өтті.
Көршілес облыстардың арасында мәдени байланыстар да жақсы қалыптасқан. БҚО өнерпаздары Ресейде де танымал. Өткен жылы оралдық А.Н.Островский атындағы драма театр ұжымы гастрольдік сапармен Пенза облысына барып қайтты. Бәйтерек ауданы Орынбор қаласында «Туған жерім тамаша» атты әдемі концерт қойды. Мұндай мәдени байланыстар екі еларасындағы достықты бекіте түсері анық.
Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында өткен екі облыс делегациясының кездесуінде Саратов облысы Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Никитин бастаған делегация мүшелері кезегімен сөз алып, екіжақты іскерлік қарым-қатынастың пайдасы туралы ойларын ортаға салды.
Тарихқа көз салсақ, Қазан төңкерісіне дейін Саратов университетінде 6 қазақ оқыған екен. Бір қызығы, Ғұмар Есенғұлов, Мирахмед Ниязов, Батырғали Жүсіпқалиев, Бақтығали Бисенов, Ықылас Шұғылов, Есенғали Қасаболатовтың бәрі де жоғары дәрігерлік білім алған. Арада ғасырдан аса уақыт өткенде осынау білім сапары тағы жалғасатын түрі бар. Оралдағы кездесу кезінде Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Абдрахманова мен В.И.Разумовский атындағы Саратов мемлекеттік медицина университетінің ректоры Андрей Еремин өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды.
Батыс Қазақстан облысында жоғары білімді дәрігер мамандар тапшылығы көп жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатыр. Қазірдің өзінде өңірде 300-ден астам дәрігер – акушер-гинеколог, анестезиолог, реаниматолог, кардиолог, невролог пен терапевт, жалпы практика дәрігерлері мен хирургтер жетіспейді. Орал қаласындағы Жоғары медициналық колледж бен «Мақсат» медициналық колледжі жанынан осыдан төрт жыл бұрын жергілікті студенттерді Саратов университетінде дайындау мақсатында ресурстық орталық ашылған болатын. Ресейлік қонақтар осы орындарды аралап көріп, жұмысымен танысты.
А.Ереминнің айтуынша, Саратов университетінде қазір 10 мыңнан аса студент білім алады. «Соның 1400-ден астамы әлемнің 54 мемлекетінен келіп оқитын шетелдік жастар. Біз Ресей Федерациясының ең үздік жоғары оқу орындары қатарына кіреміз. Орал қаласында болашақ студенттерімізді даярлайтын ресурстық орталыққа толық ақпараттық, әдістемелік көмек көрсетуге әзірміз», деді ректор.
«Батыс Қазақстан үшін Саратов облысы – негізгі серіктестің бірі. Бүгін біз ынтымақтастықты одан әрі нығайту келешегін жан-жақты талқылап, оны тереңдету жөнінде пікір алмастық. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, саратовтық әріптестерімізді биыл күзде Батыс Қазақстан облысында өтетін Қазақстан-Ресей форумына шақырамын», деді Нариман Төреғалиев қос делегацияның кездесуін қорыта келіп.
Ресейлік тарап та екіжақты байланыстарды белсенді дамытуға, нығайтуға дайын екенін білдірді.
Батыс Қазақстан облысы