Қоғам • 04 Сәуір, 2025

Теріскейге бет түзеген көш

55 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Оңтүстіктен солтүстікке көшу бағдарламасы бойынша был­тыр 7 мың квота бөлінген. Оған биыл Қарағанды, Абай, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Қос­танай, Павлодар мен Сол­түс­тік Қазақстан облыстары сияқты 7 облыс қамтылып отыр.

Теріскейге бет түзеген көш

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Көші-қон саясатын іске асы­руға маңызды мемлекеттік органдар мен жергілікті ат­қару­шы органдар жұмыла атсалысады. Олардың ақпараттық жүйелері арасындағы байланыс, жұмысты  атқару бойынша тиімді әдісті бірлесе табу ісі жетіле түссе, құба-құп. Мысалы, Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министр­лігінің ­облыста ашқан мансап орталығы­ның мақсаты – еңбек мобильділігін қамтамасыз ету. Қай жерде қандай мамандыққа сұраныс бар, қандай жағдай жасайды, мектебінің жай-күйі, т.б. осындай ақпараттарды береді. Ал жұмыс тиімділігін арттыру­ға халықпен тікелей жұмыс іс­тей алатын азаматтық институт өкілдері, яғни қоғамдық ұйымдарға тиімді жобалар ұсынуға мемлекеттік органдар белсенділік танытса деп ойлаймыз.

Үш-төрт жылдан бері Қызыл­жар өңірінде шырылдап, «Теріскей біз­ге аманат!» деген ұран тастап, «Тәуе­кел» деген ұйым құрған Бура­хан Даха­новтың ұсынған жобаларын қолдап, бастамасының іске асуына қолғабыс тигізсе, біршама іс оңы­нан шешілер еді. Мысалы, Бура­хан оңтүстік өңірден қоныс қарап, жағдайды барлауға келген азаматтарды, тіпті отбасымен кө­шіп келген жандарды жайғастырып, жөн сілтейтін орталық құрсам деген ой айтады.

– Петропавлдан 15 шақырым­дай жерде алыстан келген қандастар­ға арналып салынған «Бәйтерек» ­ауылы бар. Бұл – кезінде «Элитный» деп атал­ған ауылдың орны. Қазіргі тұрғындарының бәрі – «Нұрлы көш» бағдарламасымен алыс шетелдерден оралған қандастар. Осы ауыл­да бұ­рынғы кеңшардан қалған екі­қабат­ты ғимарат тұр. Аумағы – 900 шаршы метр шамасында. «Соны иесінен сатып алып, жөндетіп, маған жалға бе­ріңіздер, мен оны көшіп келген қо­ныс аударушылар мен қандастарды қа­былдайтын орталыққа айналдырайын» деген ұсыныс айттым. Осы жерде алыстан келген ағайынға жөн сілтеп, қай жерлерге қоныстану тиімді екенін, қай жерде қандай жұмыс орны барын, қай жерде немен айналысуға болатынын, баспаналардың қайда тия­нақты екенін айтып, барлық ақпа­ратпен таныстыруға болады. Ас-су­ларын беретін шағын асхана да ашуды ойладым. Аудандар­ға өзіміз апарып, көрсетіп келеміз. Бұрын келген жер­лестеріне де жо­лықтырамыз. Сөйтіп, алыстан келген ағайынның көңілін аулап, мұнда жалғыз еместігін, оларға қуаныш сыйлайтын, қолдайтын, қош­тай­тын жандар бар екенін көр­се­ту­ге болар еді. Оңтүстіктен келген адамның ділі басқа, ортасы басқа. Мұн­да ол климаттық, психологиялық өзгешеліктерге тап болады. Адам қо­ғамның өнімі, өзінің үйренген ортасын көрмеген соң олар жатырқайды, жалғызсырайды, жаны ауырады. Сондайда біз қазақы кеңдік көрсетіп, жанашырлық жасаймыз. Бейімдеу, әлеуметтендіру дегеніміз осы ғой. Қызылжарға оңтүстіктен халық­ты жеткізетін жалғыз пойыз – «Қызыл­орда-Петропавл». Ол кейде кеші­гіп, түн ортасында да келуі мүмкін. Сондайда пойыздан жердің суығы­нан қорқасоқтап түскен адамдар таң­сық қалада қайда барарын білмей қаң­тарылып, мансап орталығын іздеп аяғынан сарсылады. Ал бізді олар сайтымызда көрсетілген телефонымыз арқылы тауып, қашан келеті­нін, қай вагоннан түсетінін айтса болға­ны, тәуліктің кез келген уақытында қарсы алар едік. Орталыққа таксимен апарып, жоғарыда айтылған жағ­дай­ларды жасар едік. Бірақ соны ешкім қолдамайды. Тіпті қалталы азамат­тар да қолдау білдірмей тұр, – дейді Бурахан.

Міне, өз аяғымен келіп, қоныс аударушыны да, алыстан оралған қандастарды да қоныстандырғысы келіп, жан-тәнімен кірісіп жүрген осындай азаматтарды да қуана қол­дау жоқ. Бурахан тіпті өздігінен демеушілер тауып, ондаған ұлттық іс-шараларды ұйымдастырып жүр. Жуырда ғана ол облыстық музейде қазақ кимешектерінің көрмесін де ұйымдастырды. Мақсаты келген ағайын теріскейді жатырқамасын, мұнда да қазақы орта, өнер барын көрсету екенін айтты.

Ресми ақпарат бойынша, 2023–2024 жылдары Солтүстікке жалпы саны 5 245 адам немесе 1 636 отбасы қоныс аударған. Оның 445-і – шет­елдерден келген қандастар. Жалпы санын айтсақ, 2023 жылы 2 698 адам, 821 отбасы қоныс аударса, былтыр ­2 547 адамы бар 815 отбасы ғана қо­ныс аударып, көшіп келушілер саны ­азайып кетті.

Мемлекет тарапынан көші-қон мәселесіне байланысты арнайы субсидия алған адамдар саны жоғары­да аталған 5 245 адам болса, соның еңбекке жарамдысы – 2 271, 18 жасқа толмағаны – 2 512. Сондай-ақ 162 зейнеткер, 103 студент, декреттік демалыстағы 197 әйел бар.

Кейбір отбасылық, климаттық, экономикалық себептермен кері қай­тып кеткен адамдар да бар. Олардың жалпы саны 560-тан асады. Яғни орта есеппен 10 пайызы қайта кеткен деген сөз. Облысқа көшіп келгендердің 90 пайызы – этностық қазақтар, қалға­ны – басқа этностардың өкілі, бірақ Қазақстан азаматтары. Ал ­алыстан кел­гендердің бәрі – қазақтар.

Жылына 2,5 мың адамның ғана келуі өте аз. Бұл қарқынмен 10 жылда 25 мың адам ғана келеді деген сөз. Ал қазір облыс халқының жалпы санының өсуі өте мардымсыз, алыс шетелдерге көшіп кетушілер де азаяр­ емес. Сондықтан көші-қонның тұ­рақ­тылығы ғана емес, оның ар­туына жанашырлықпен қараған жөн. Кво­та санын екі есе арттырса, құба-құп болар еді. Оның үстіне көшіп келген жандарды тұрақтандыру үшін қосымша шаралар қабылдаған жөн. Мұндағы халықтың шығындары оңтүстікке қа­рағанда артық екенін де ескеру керек. Әсіресе қыста жылы киім, отын, жы­лу, қуатты тағам мұнда оңтүстікпен са­лыстырғанда әлдеқайда көбірек қажет.

Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Солтүстікке келіп, еңбекте табысқа жетіп жат­қан қан­дастарымыз да бар. Мы­салы, Түркістан өңірінен келген Жәні­бек Асқарбекұлы Ғ.Мүсірепов ауда­нындағы теміржол бөлімшесіне жұмысқа тұрып, алдымен қатардағы жұмысшы болып, қазір осы кәсіпорын бас­шылары­ның бірі. Жуырда ол Мансап орталы­ғы қызметкерлерімен бірге Түркістан өңіріне барып, теміржолға жұ­мыс істеуге ниет білдірген 18 адамды әкелді. Қызылжар ауданындағы Под­гор­ное ауылына түстіктегі Арыс ауданы­нан қоныс аударған Нұрсұлтан Қуатов қазір осы ауылдық округтің әкімі болып сайланды. Ол да қоныс аудару­шыларды шақыру үшін түстік­ке талай рет ат басын тіреді.

Мұндай мысалдарды көптеп кел­ті­руге болады. Ал жылыжай орна­­тып, жеміс-жидек, гүл өсіріп сатып, та­­быс тауып отырғандар қаншама. Тіп­ті бір қоныс аударушы бөдене өсіріп, табысқа кенеліп отыр. Жалға алған ­30–40 гектар жеріне мал өсіріп, бір­неше қара малды бордақылап, тұрмы­сын түзеп жатқандар да бар. Қалай десек те, оңтүстіктен қоныс аударған ағайын дүниеге солтүстіктегілерге қарағанда епті екенін көрсетіп жатыр. Еңбек еткендерінің бәрі жаңа ортада өздерінің жоба-жоспарларын жылдам іске асырып жүр.

Жалпы, шекаралық аймақтардың бос қалмай, халықтың қоныстану жиі­лігі қалыпты деңгейде болғаны ма­ңызды. Сол үшін оңтүстіктегі тығыз қо­ныстанған халықты солтүстікке тартып, көші-қонның барлық шығынын өтеумен қатар жеңілдетілген бағамен баспана салып беру қолға алынды. Бірақ үй салуға жалданған кейбір құры­лыс компаниялары қадағалау­дың кем­шілігінен суыққа шыдас бер­мей­тін, сапасыз баспаналар тұрғы­зып, мил­лиондаған қаражат босқа ­шашылды. Соның кесірінен талай үй бос қалды. Одан соң қоныс ауда­рушының сатылатын үйлерді өзі таң­дап алып, белгілі шектегі бағаның кө­лемінде жарты ақшасын бюджет­тен (ұтқырлық сертификаты деп аталады) беріп, сатып алуына жол берілді. Мұның да шикілігі шығып, прокура­тура органдары талай алаяқтықты әшкереледі.

Әрине, ауырдың үсті, жеңілдің астын қалап, оңай ақша тапқысы келген қулар да жоқ емес. Ондайларды да айтпай кетуге болмайды. Жуырда облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеме жасап, жоғарыда айтқанымыздай, қоныс аударушылар тарапынан мемлекетке 11 млн теңге­ден артық шығын келтірілген фактіні ашқанын айтты. Бұл қылмыстар Айыртау, Ғ.Мүсірепов және Жамбыл аудандарында тіркелген. Ұтқырлық сертификатымен жарты ақшасын ­бюджеттен төлеу арқылы үй сатып алғысы келген қулар сатушымен ке­лісіп, үйдің бағасын жымысқылық­пен өсіріп көрсеткен. Ал үйдің нарық­тағы бағасы әлдеқайда төмен болған.

«Осы фактілерге сүйене отырып, прокуратура Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп, қорытындысында, аудан­дық сот үкімімен бағдарламаның үш қатысушысы бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасымен сотталды», деп хабарлады СҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ мемлекеттен қаржы­лай көмек алған бір қоныс аударушы­лар басқа өңірлерге көшіп кеткен. Соған қарамастан, жергілікті атқару­шы органдардың шенеуніктері 103,6 млн теңге көлеміндегі төлемдерді өнді­ріп алу шараларын жасамаған.

«Прокурорлық қадағалау акті­ле­рі­не сәйкес, жергілікті атқарушы орган­дардың 25 қызметкері, оның ішінде мансап орталықтары филиа­лы­ның 11 басшысы тәртіптік жауапкер­шілікке тартылып, 19,1 млн теңге көле­мін­дегі бюджет қаражаты қайта­рылды. Қал­ған сомалар бойынша талап-арыздар сотқа беріліп, қаралып жатыр», де­лінген баспасөз хабарламасында.

Терістіктегі көші-қон жағдайы осын­дай. Адами тұрғыдан жанашыр­лық көбейе түссе, оның жандануы да арта түсер деген ойымыз бар. Ал көп ішінде кездесетін соңғы айтылған фактілер көштің көлікті болуына зардабын тигізе қоймас деп ойлаймыз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы