Форумға Біріккен Ұлттар Ұйымы, Халықаралық еңбек ұйымы, Халықаралық көші-қон ұйымы, ЮНИСЕФ, Дүниежүзілік банк және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы қоғам дамуының маңызды буыны ретінде әлеуметтік қызметкерлер мәртебесін көтеруге және әлеуметтік қорғау жүйесін реформалауға үлкен көңіл бөліп жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов өз сөзінде Қазақстанда әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің ардагерлер мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, азаматтардың осал топтарын қолдауды қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында мемлекет әр азаматтың лайықты табыс тауып, сапалы әлеуметтік қызмет алып, ертеңгі күніне сенімді болуы үшін барынша жағдай жасайтынын атап өтті. Бұл орайда әлеуметтік теңсіздікті жою, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін дамыту және осы бағытта ең үздік халықаралық стандарттарды енгізу мемлекеттің басым міндеттерінің бірі болып қалып отыр. Бүгінде цифрландыру әлеуметтік-еңбек қатынастарының барлық саласына белсенді түрде енгізіліп, үлкен деректерді өңдеуге мүмкіндік беріп отыр», деді Олжас Бектенов.2021-2025 жылдар аралығында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істейтін әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы 2 есе көбейген. Сондай-ақ әкімшілік және көмекші қызметкерлердің, мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелер, үйде күтім жасау және уақытша болу ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы олардың қолданыстағы қосымша ақыларының мөлшерін базалық лауазымдық жалақының 30%-ынан лауазымдық жалақының 40%-ына дейін ұлғайту жолымен көбейтілді. Елімізде халықты әлеуметтік қорғау саласында барлығы 40 мың маман (медицина қызметкерлері, арнайы педагогтер және әлеуметтік қызметкерлер) жұмыс істейді. ҚР Әлеуметтік кодексінде орындалатын жұмыстардың кәсіби деңгейі мен күрделілігін ескере отырып, оқыту, сертификаттау және санаттар беру мен еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу арқылы әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін арттыру көзделген.