
Әйелдер сайысында Қарағанды облысы мен Алматы қаласы құрама командаларының мысы басым болды. Сарапқа салынған 10 бас жүлденің үшеуін сол өңірдің бұрымдылары иеленді. Қарағандылықтар қатарынан Олеся Теренюк (45 кг), Дарья Балабаюк (59 кг), Любовь Ковальчук (+87 кг) қарсылас шыдатпаса, Алатау баурайынан келген арулар арасынан Арай Тұрлыбекова (71 кг), Аянат Жұмағали (76 кг), Ақерке Байманап (87 кг) алтыннан алқа тақты.
64 кг салмақта Карина Горичева өзінің мықтылығын тағы да мойындатты. Таяу күндері 32 жасқа толғалы отырған Жетісу облысының тумасы талай аса жауапты жарыстарда жүлде алғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Кезінде ол Рио Олимпиадасында қола медальды мойнына іліп, Дүниежүзілік универсиадада күміспен күптелді. Кейіннен Карина үлкен ареналардан көрінбей кеткен еді. Бірер жыл спорттан қол үзіп қалған отандасымыз былтыр түрлі бәсекеде қайта бой көрсете бастады. Міне, енді ардагер ауыр атлет ел чемпионатында қайта топ жарды. Қарағандыда Горичева 196 (91+105) килограммдық зілтемірді еңсеріп, жастар буынының өкілдері Алтынай Тәңірбергенова мен Әмина Шәріповаға шаң қаптырып кетті. Қалған үш алтынды жамбылдық Айнұр Әбдіхалықова (49 кг), ақмолалық Юлия Трошкина (55 кг) мен Виктория Новикова (81 кг) жеңіп алды.
Ерлердің бәсекесінде Қостанай облысы өкілдерінің қарқыны күшті болды. Жергілікті спортшылар арасынан Алексей Чуркин (85 кг), Егор Шерер (89 кг), Денис Полубояринов (102) алдарына жан салмады. Үшеуі де дүбірлі додаларда дараланып жүрген мықты спортшылар. 21 жастағы Чуркин 2022 жылғы әлем чемпионатында қола, 2024 жылы күміс медаль иеленді. 22 жастағы Полубаяринов 2024 жылы жастардың құрлық біріншілігінде бас жүлдені олжалады. Шерер Азия біріншіліктерінде сан мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.
109 кг салмақта Артем Антроповқа (109 кг) тең келер ешкім табылмады. 25 жастағы қарағандылық апайтөс былтыр Манамада әлем чемпионы атанды. Одан бұрын жасөпірімдердің дүниежүзілік додасында алтын алып, жастардың жарысында күміспен күптелді. Артемнің Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері деген атағы тағы бар. Қазір де нағыз бабында екенін байқатты. Көміршілер қаласының тағы бір өкілі Нұрбол Ешімбеков те (55 кг) дәл сол межеден көрінді. Сондай-ақ алтын түғырға көтерілгендер арасында түркістандық Әлішер Тұрғанбай (61 кг), жетісулық Сергей Чуев (67 кг), Андас Самарқанов (+109 кг), жамбылдық Ақжол Құрманбек (73 кг), ақмолалық Сергей Петрович (96 кг) сынды сайыпқырандар бар.