Саясат • 08 Сәуір, 2025

Парламентаралық Одақтың мерейтойлық жиыны­

66 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өзбекстанда Парламент­ара­лық Одақ Ассамблеясы­ның мерейтойлық отырысы өтті. Форумға қатысушылар парламенттердің әлеумет­тік даму мен әлеуметтік әділ­дік­ті қамтамасыз ету­дегі рөлін талқылады. Қазақстан Парламентінің делегациясын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастап барды.

Парламентаралық Одақтың мерейтойлық жиыны­

Мәжіліс спикері баяндамасында атап өткендей, форумның ғасырлар бойы халықтар мен мәдениеттерді тоғыстырған Ұлы Жібек жолының бо­йында ұйымдастырылуының рәміздік мәні зор. Ол Парламентаралық Одақ­тың 150-Ассамблеясы тақыры­бы­ның өзектілігіне тоқтала отырып, жаңа жаһандық сын-қатерлер жағда­йында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутер­­риш ұсынған жаңа қоғамдық шарт идея­сының маңыздылығы арта түске­ніне мән берді. Ерлан Қошанов Қазақ­стан оның идеясының әділет пен ынты­мақ­қа негізделген басты қағидаттарын то­лық қолдайтынын, ал парламенттер оның жүзеге асырылуында халық атынан өкілдік ететін институт ретінде басты рөл атқара алады деп есептейді.

«Әділет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының идеялық негізі саналады. Оның көшбасшы­лығымен Әділетті Қазақстанды құру­ға бағытталған жүйелі саяси және экономикалық реформалар іске асырылып жатыр. Бұл қоғамның саясатқа араласу мүмкіндігін кеңейтіп, әлеу­меттік теңсіздікті азайтты. Инклю­зия­ны дамытуға, денсаулық сақтау мен білімнің қолжетімді болуына, ұлт­тық байлықтың әділетті бөлінуіне айрықша назар аударылуда. Мұның бәрі Пар­ламент қабылдап жатқан заңдарда көрініс тауып отыр», деді Е.Қошанов.

Мәжіліс төрағасы кейінгі отыз жыл ішінде қаржы секторының нақты өндірісті ығыстырып келе жатқанын көптеген халықаралық сарапшы атап көрсетіп жатқанына тоқталды. Бұл мемлекеттің әлеуметтік рөлінің төмен­деуіне және жұмысшылар құқық­тарының сақталуына кері әсерін тигізді. Қазақстанда, керісінше, барлық азаматқа лайықты еңбек жағдайын жасап, кәсіби өсудің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Мемле­кет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады.

Қазақстан ішкі реформаларды белсенді халықаралық ынтымақтас­тықпен ұштастыра отырып сәтті жүзеге асырып келеді. Біздің ел Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ-ның өңірлік орталығын Алматы қаласында құру бастамасын ұсынған еді. Осыған орай Мәжіліс төрағасы БҰҰ Бас Ассамблеясының тиісті қарарын бірауыздан мақұлдағаны үшін аталған ұйымға мүше барлық елге шынайы ризашылығын білдірді.

Екінші күні әлемнің жоғары парла­мент­тік делегацияларына Өзбек­стан Президенті Шавкат Мирзиёев құттықтау сөзін арнады. Ол бейбітшілік, демократия және орнықты даму идеяларын әлем бойынша ілгерілетуге қосқан үлесі үшін Парламентаралық Одақтың рөлін ерекше атап өтті.

Өзбекстан басшысы Орталық Азия елдері парламенттерінің спикерлерін қабылдап, Ассамблеяға қатысқандары үшін алғыс айтты және өңірдегі парламенттер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту жөніндегі басым бағыттарды талқылады.

Форум аясында Ерлан Қошанов шетелдік әріптестерімен бірқатар екі жақты кездесу өткізді. Ол Өзбекстан Республикасының Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының спикері Нуриддин Исмоиловпен, Бахрейн Корольдігінің Өкілдер кеңесінің спикері Ахмед Альмусаламмен, Марокко Корольдігі Парламентінің Кеңесшілер палатасы­ның төрағасы Мохаммед Ульд Эррашид­пен, Үндістан Парламентінің Халық палатасының төрағасы Ом Бирламен парламентаралық ынтымақтастық­ты арттыру мәселелерін талқылады. Тараптар парламентаралық дипломатия аясындағы өзара іс-әрекетті нығайту, заңнама саласында тәжірибе алмасу жолдарын ортаға салды.

Сондай-ақ Мәжіліс спикері форум аясында Ресей, Әзербайжан, Вьетнам, Грузия, Түркия, Қырғызстан парламенттерінің төрағаларымен ынты­мақтастықты тереңдету мәселе­лері бойынша пікір алмасты.

Ташкентте өткен іс-шараға әлем­нің 140-тан аса елінен делегат келді. Қазақстан депутаттары негізгі сессиядан бөлек, бейбітшілік және қауіпсіздік, тұрақты даму мәселе­лері комитеті басқосуына, әйелдер пар­ламентшілерінің форумына, «Еуразия» геосаяси тобының отырысына қатысты.

Қазақстан Парламенті Мәжілісі­нің депутаты Айгүл Құспан басқара­тын Бейбітшілік және халықаралық қауіп­сіздік мәселелері жөніндегі тұ­рақ­­ты комитеттің отырысында «Палес­тина­да екі мемлекеттің қатар өмір сүруі туралы шешімді ілгерілетудегі парламенттердің рөлі» атты қарар жобасы қаралды.

Жалпы, Парламентаралық Одақ – 1889 жылы құрылған ең ірі халықаралық парламенттік ұйым. Оған 180 елдің парламенттері кіреді. Қазақстан – 1993 жылдан бастап Парламентаралық Одақ Ассамблеясына мүше. Парла­ментаралық Одақ Ассамблеясы парламенттік дипломатияға ықпал етеді және парламенттер мен пар­ламентшілерге бүкіл әлемде бейбіт саясатты, демократияны және тұрақ­ты дамуды ілгерілету өкілеттіктерін береді.