
Қырғыз атауын «ҚАЗАҚ» деп өзгерту туралы V-съезд қаулысы. Ақмешіт, 19.04.1925
Осы орайда, Президент атап өткен мәселе 1940 жылы қазақ баспасөзінде көтерілген екен. Мысалы, жуықта Халел Әділгереевтің (1906–1974) «Социалистік Қазақстан» газетінің 1941 жылғы 18 мамыр күнгі санында жазылған «Қазақ халқының құрылу тарихы» атты мақаласы қолымызға түсті. Оқып көрдік. Мұнда біз сияқты қатардағы журналшыны былай қойып, тарихшы мамандар біле бермейтін пайымдар бар екен.
Бұл тұлға – қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымдарының кандидаты болуымен қатар, Екінші дүниежүзілік соғыста қан кешіп шайқасқан батыр. Офицерлік шені – майор. Соғыстан кейінгі жылдары Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалысы жөнінде еңбек жазған ғалым Ермұхан Бекмахановты қолдағаны үшін автормен бірге қуғынға ұшыраған.
Тарихшы жоғарыдағы мақаласында «қазақ» атауына тоқталып, бұл термин алғаш парсы жазушысы Фирдоусидің (935–1020) «Шаһнама» шығармасында кездесетіні туралы баяндап, одан кейін орыс оқымыстысы Левшиннің «Қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы» (Петербург, 1882) атты туындысында бар екеніне тоқталыпты. Сонымен қатар Бабырдың шағатай тіліндегі жазбаларында «қазақ» – кезбелік, «қазақламақ» – кезушілік деген мағынаға ие дейді.
Ал бүгінгі зерттеушілер үшін қажет дерек: «Орыс князьдарының ХV ғасырда Қырым, Қазан және Алтын Орда хандарымен жазысқан хаттарында «қазақ» деген сөз бар» дейді тарихшы. Оған дәлел ретінде «1474 жылы Қырым ханы ІІІ Мендікерей патшаға жазған грамотасында «сенің жеріңді шаппаймын, менің ұғланларым да, мырзаларым да, қазақтарым да (әскерлерім) шаппайды» деген жазбасын көлденең тартады. Яғни ХV ғасырда қарапайым әскерді «қазақ» деп атаған. Мысалы, Шора батыр әңгімесінде: «Шора Қырымда қалғысы келмей, қазақ болып Қазанға барғысы келді», делінген.
Қысқасы, Алтын Орда тарағаннан кейін, қазақ халқы өзінің тәуелсіздігі үшін және үш жүзді тұтас мемлекет етіп біріктіру үшін күрескенде, жоғары таптан шыққан ұғландар мен мырзалардан басқа, қарапайым халықтың қалың ортасынан шыққан әскерді «қазақ» деп атаған деген тоқтам жасапты. Сөйтіп, ХV ғасырда Алтын Орда құлағаннан кейін дала тұрғындары әскери-жауынгерлік белгі «қазақ» деген атпен тарих сахнасына шықты.