
Бейнежазбаны өзінің «facebook» парақшасына бөлісіп, тексеріс жүргізуді талап еткендердің бірі – облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, қоғам белсендісі Ниқанбай Омарханов.
«Вечерняя Караганда» телеграм каналында жарияланған Қарқаралы ерекше қорғалатын ұлттық табиғи паркі аумағындағы ағаш дайындау әрекеті туралы түсірілген видео хабарды көріп, Facebook парақшама салдым. Сарыарқаның алтын тәжі, інжу маржаны аталатын Қарқаралы ұлттық табиғи паркі – бәріміздің мақтанышымыз. Сол себепті, қатты алаңдаушылық тудыратын аймақ. Өз көзімізбен көрген, 1997–1998 жылдары өртенген мыңдаған гектар орман алқабы әлі есімізде. Сол өртті сырттан келген әскерилер емес, аудан халқы өз күштерімен ауыздықтағанын да білеміз. Ең үлкен мәселе өрт ауыздықталғаннан кейін орын алды. Өрттен де жаман нәубет, орманда ағаш ұрлығы басталып, ие бермей кеткен жағдайды да көргенбіз. Күйген ағаштарды тазалаймыз деген сылтаумен қаншама сау ағаштар оталды сау ағаштардың сырт қабығын аздап күйдіріп, өртенген ағаш деп артты. Түнгі уақытта «Қарағанды-Қарқаралы» тас жолында ағаш тасыған жүк көліктері жол бермейтін. Мұндай орманды аяусыз отау, ағаш ұрлау бірнеше жылға созылды. 2000 жылдың басында аудан басшылығына келген кезде сол кездердегі ауыл ақсақалдары, соғыс ардагерлері келіп, алдымызға «Орманды қорғау» деген бір ғана міндет қойды. Аудан азаматтары, полициядағы жекелеген жанашыр офицерлер, ұлттық парктегі патриот азаматтар, қала жастары болып, 2000–2002 жылдар арасында орманды ондаған жабайы ағаш дайындаушы ұрылардан толық тазарттық. Олар Қарағандыдан ғана емес, Павлодар, Семей, тіпті Омбы қалаларынан болып шықты. Аудан басшыларының үйіне телефон шалып, қоқан-лоқы көрсеткен де еді. Сол кезде бірінші рет «Қазақтелеком» басшылығы үйімізге нөмір анықтайтын телефон аппараттарын орнатып берді. Орман ұрлығына қарсы жұмыс жасаған бір азаматтың қорасына да өрт қойғаны да жадымда. Бізді облыс әкімі Камалтин Мұхамеджанов, облыстық полиция басшысы, генерал Александр Кулинич қолдап, ағаш ұрлығына тосқауыл қоюда жан-жақты көмек көрсетпегенде жалғыз ауданның әлі келмейтін де еді. Жалпы ағаш ұрлығының бәрі, кешегі ұлттық парк басшылығы жауабындағыдай, «санитарлық кесу» деген желеумен басталады. Сөздің тоқетері, бұл факт жай қалмай, құзырлы органдар ұлттық парк аумағын толық тексеру керек. Қазір дрондар бар, мүмкіндік мол, бұл жағдай – қауіпті қоңырау. Қарқаралының қара орманы бәріміздің мақтанышымыз, сонымен бірге үлкен қорқынышымыз да. Сарыарқаның алтын тәжін көзіміздің қарашығындай сақтамаса болмайды. Бір ағашты өсіріп, оның бәйтерек болуына 30-40 жыл керек. Орман деген өртенсе бір жылда қалпына келетін дала емес, қырылса жылдам өсетін мал емес», дейді Ниқанбай Иманғалиұлы.
Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Руслан Төлепбаев бұл шаруаның заң жүзінде жүзеге асып жатқанын мәлімдеді.
«Әлеуметтік желіде Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде ағаш кесу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Осы орайда аталған шаруаның заң жүзінде жүргізіліп жатқан жоспарлы жұмыстың бірі екенін мәлімдеймін. Бұл санитарлық мақсатта кесіліп жатқан ағаштар. Қазіргі уақытта, уақытша жоғарғы қоймада, яғни орманның ішіне жинастырылып жатыр. Жер дегдіп, мүмкіншілік болған жағдайда мекеменің арнайы өндірістік учаске аумағына әкелініп, әрі карай өңделетін болады. Сіздерден өтініп сұраймын, тек қана ресми ақпараттарға жүгінсеңіздер екен. Ешқандай да Қарағандының құрылыс компаниялары Қарқаралы орманын отап жатқан жоқ. Ормандағы санитарлық мақсатта ағаш кесумен тек ұлттық парк мекемесі айналысады. Қазірде басшының бұйрығымен қосымша арнайы қызметтік тексеріс тағайындалды. Жүргізілген қызметтік тексерістің барысында ұлттық парк мекемесі қызметкерлерінің тарапынан кемшіліктер не заң бұзушылықтар анықталса, Заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қолданылатын болады. Осы мәселе бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам белсенділері мән-жайды анықтап білу үшін хабарласып жатыр. Бәріне ашықпыз. Сондықтан орман жанашыры болған, алаңдаушылық білдірген әрқайсыңызға ерекше алғыс білдіремін. Түсіністік танытуларыңызды сұраймын», дейді парк басшысы.
Ұлттық парк мекемесінің жұмысын қадағалайтын Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мекемесіне де хабарласып, төмендегідей жауап алдық.
«Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің тау орманшылығының 98-орамының 38-телімінде іріктеп санитарлық кесу ұлттық парктің орман орналастыру жобасы негізінде жүргізіліп жатыр. Іріктеп санитарлық кесу Ұлттық парктің 2024 жылғы 25 желтоқсандағы №159 (н/б) «Мемлекеттік орман учаскелерінде сүректі түбірімен босатудың 2025 жылға арналған көлемдерін бекіту» туралы бұйрығына сәйкес №124041 ағаш кесу билетімен рұқсат етілген. Келешекте осы орамда орман орналастыру жобасы бойынша орманды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Іріктеп санитарлық кесу тек ауруға шалдыққан, зиянкестермен зақымданған ағаштарды жоюға бағытталған. Жұмысты ұлттық парк қызметкерлері орындайды. Ұлттық паркте ағаш кесуге бірде-бір құрылыс компаниясы қатыспайды. Барлық жұмыс заңнамаға сәйкес, ұлттық парк мамандарының бақылауымен орындалады», деді Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысының орынбасары Рашид Амангелдіұлы.
Ұлттық парктің қызметкерлері мұндай шаруалар он жылға дайындалған «Орман орналастыру» атты жоба шеңберінде ғана атқарылатынын айтады. Жоба негізінде қанша ағаш кесілу керектігі қарастырылатын көрінеді. Жалпы орман шаруашылығының 98-орамының 38-телімінде 400 текше метр ағаш кесілуі керек болған. Бірақ орманшылар 163 текшені ғана таңдап, іріктепті. Сол 163 текшенің 80 текшесі дайын тұр. Енді 80 текшесі тағы кесіледі.
«Ағаш кесу жұмыстарын туристер орман аралап жүріп, көріп қалған. Сосын бейнежазбаға түсіріп, «орманды құртып жатыр», деп әлеуметтік желіге таратып жіберген. Бұл шаруаны қарапайым халық біле бермейді, қандай мақсатта, қалай кесіліп жатқанын. Сондықтан біз орманға баса көктеп кірмейміз, ол жобада көрсетілген дүние. Тағы да бізде Қарқаралы, Кент орманшылықтарында 200 текше метр ағаш кесіледі. Бұның барлығын орман шаруашылығы жылдың аяғына дейін жүргізеді. Сәуір айының 14-нен бастап өрт қаупі маусымы ашылады. Қазіргі уақытта тек ағаш кесу жұмыстарымен айналысып жатырмыз», деп түсіндірді парк директорының орынбасары Алмаз Жұмақанұлы.
Дегенмен ел тегін дүрлікпейді. «Орманды отауға жол берілмесін», деген ағайынның алаң көңілін ескерген. Табиғатты қорғау жөніндегі облыстық прокуратура тексеріс жүргізіп жатқан көрінеді.
Қарағанды облысы