
Суреттер Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен алынды
Мемлекет басшысы жыл басында «Ana tili» газетіне берген сұхбатында Жеңіс күнін мерекелеу аясындағы іс-шаралардың ең маңыздысы әскери шеру болатынын атап өткен еді. Елімізде соңғы рет мұндай іс-шара 2017 жылы ұйымдастырылыпты. Осыған орай, қазіргі күні елордамызда араға 8 жыл салып қайта оралған аламан шеруге қызу дайындық жүріп жатыр.
Бұрнағы күні Қорғаныс министрлігі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін Қырқыншы стансасындағы 68665 әскери бөлімге арнайы баспасөз турын ұйымдастырды. «Жақсыны – көрмекке» демекші, біз де көппен бірге дәл осы жерде болып жатқан әскери парадқа әзірлік жұмыстарын тамашалап, егжей-тегжейін көзбен көріп қайттық.
Журналистер мен блогерлерді Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев қарсы алып, алдымен есептоптардың саптық жүрісі мен әскери техникалардың шеруі мен әзірлік жұмыстарының барысы жайында толыққанды әңгімелеп берді. Оның айтуынша, Жеңістің 80 жылдығына арналған парадты дайындап, ұйымдастыру өзіне жүктеліпті.
«Елордамыздың бас алаңында өтетін салтанатты шеру – әскери саладағы ұрпақтар сабақтастығын, халқымыздың жауынгерлік ерлігі мен батырлық тарихын бейнелейтін игі дәстүр. Қазіргі таңда дайындық бекітілген жоспар бойынша жүріп жатыр. Биыл бұл іс-шараға 4 мыңнан аса әскери қызметші қатысады. Еліміздің барлық аймағындағы бөлімшелерден сарбаздар түгелдей осы жерге жиналып үлгерді. Оның ішінде 200-ден астамы – әйелдер. Парадқа бұған қоса 300-ден аса әскери техника мен 70-ке жуық авиация құралы қатысады», деді генерал-майор.
Оның айтуынша, парадқа дайындық үш кезеңмен жүзеге асырылмақ. Ең алдымен, есептоптардың жекелей дайындығы осы №68665 әскери бөлім аумағында жүзеге асырылады. Бұл жерде жаяу әскерлер мен техникалар шеруі пысықталып жатыр. Сонымен қатар елордамыздың басқа аумағында авиация дайындығы да басталғанын тілге тиек етті.
Екінші кезең – Индустриалдық қалашықта өтетін жалпы дайындық. Мұнда жаяу әскер мен техникалар, сондай-ақ авиация құралдарының біріккен әзірлігі тексеріледі. Ал үшінші кезең, яғни басты әрі кейінгі дайындық 3-5 мамыр күндері Астанадағы парад өтетін алаңда ұйымдастырылмақ. Әскери парадтың өзіне 7 мамырда өтетіні белгілі.
Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысының айтуынша, №68665 әскери бөлім аумағында наурыз айының 1-інен елдің барлық аймағынан келетін әскери қызметшілерді орналастыру үшін далалық жағдайдағы әскери қалашық дайындау жұмысы қолға алынған. Наурыздың аяғына дейін бұл жұмыстар толық аяқталып, әскери қызметкерлер түгелдей жиналып, 1 сәуірден бері дайындық жұмыстары толыққанды басталыпты.
«Өздеріңіз көріп отырғандай, қазір бұл жерде 288 далалық шатыр тігілген. Оның ішінде 103 шатырда 3,5 мыңнан аса адам тұрып жатыр. Әр шатырда 35-36 адамнан бар. Қалған шатырларда асхана, монша, жуынатын бөлме, медициналық пункт, қару-жарақ қоймасы секілді өзге де қосалқы қажеттіліктерге арналған жерлер орналасқан», деді М.Көшекбаев.
Шатырлардың ішін аралап жүріп байқағанымыз, екі жағындағы кіретін есіктерінің қасына екі темір пеш (буржуйка) қойылған. От жағып, ішін жылыту үшін арнайы қызметкер бекітілген. Қазір Астанада ауа райы +10 градустың айналасында болса, шатыр ішінде +24 градус шамасында жылылық сақталынады екен. Әскердегі секілді екіқабатты кереуеттер қаз-қатар тұр. Тап-тұйнақ жиналған төсек жабдықтарына қарап, әскер көрген адамдар мекен ететін жер екенін бірден аңғаруға болады.
М.Көшекбаев журналистерге мұндағы әскери қызметкерлердің күн тәртібі жайында егжей-тегжейлі айтып берді. Таңертең ұйқыдан сағат 06.30-да тұрып, тамақтанған соң, сағат 09.00 мен 13.00 аралығында есептоптардың жалпы саппен жүру дайындығы өткізіледі. Түскі астан кейін екі сағат бойы әр есептоптың жеке дайындықтары пысықталады. Кешкі 22.00-де ұйқыға жатады. Арасындағы бос уақыттарында түрлі зияткерлік ойындар ойнап, көңіл көтеруге жағдай қарастырылған. Үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген.
Генерал-майордың айтуынша, шеруге қатысушыларды іріктеу кезінде әскери қызметкерлердің дене дайындығы мен денсаулық жағдайынан бастап, бойына дейін қатаң талаптар қойылған. Парадтық есептоптардың негізін Қарулы күштердің Құрлық әскерлері құрағанымен, салтанатты шеруге Мемлекеттік күзет қызметі, ІІМ Ұлттық ұланы, ҰҚК Шекара қызметі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамдары да қатысады.
Біз дайындық барысындағы әскерилердің кейбірін әңгімеге тартқан едік. Солардың бірі Ұлттық ұлан Құрмет қарауыл ротасының взвод командирі, лейтенант Дархан Қалибаевтың айтуынша, Ұлттық ұланнан әскери парадқа қатысу үшін екі есептоп бөлініп, өзі бір есептоптың бағыттаушысы болып сайланған екен.
«Қазіргі уақытта дайындық өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жеңістің 80 жылдығына арналғандықтан, биылғы парадтың маңызы жоғары. 300-ге жуық ұландық сарбаз келді. Барлығы да алдағы сынға сақадай сай. Менің ойымша, әскери парад – жай ғана көрініс емес, ол Қазақ елінің әрбір әскери құрылымының жауынгерлік деңгейін көрсететін іс-шара. Бұны бүкіл дүниежүзі тамашалайды. Сондықтан еліміздің қорғанысы сенімді қолда екенін көрсетуіміз керек», деді ол.
Әскери шеруге 200-ден аса оқалы киімдегі қыз-келіншек қатысатынын айттық қой. Солардың бірі – Алматы гарнизонына қарасты 97617 әскери бөлімі азық-түлік қызметінің аға маманы, қатардағы Назерке Дәулет.
«Күнделікті берілген ерік-жігер мен рухтың арқасында ешқандай ауыртпалықты сезіп жатқанымыз жоқ. Оның үстіне мұнда біз үшін барлық жағдай жасалған. Әскери мамандық – мен үшін мақтаныш. Бүкіл Қазақ елі бізге үміт артып отырғандықтан, еліміздің, жеріміздің өркендеуі жолында бұдан да көп жетістікке жету үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Мен әскери салаға 19 жасымда келдім. Арадағы үш жылдық тәжірибемнің арқасында осы парадқа алғаш рет қатысқалы отырмын», деп жауап берді Назерке.
Оның айтуынша, өз әулетінен бұған дейін әскери қызметші шықпаса да, бұл салаға жүрек қалауымен келіпті.
«Мен әскери қызметті таңдағаныма еш өкінбеймін. Осында жүріп жоғары оқу орнын тәмамдадым. Бізге көп жеңілдік қарастырылған. Мен де Әлия, Мәншүк сынды елімді әлемге танытқым келеді», деп сырымен бөлісті.
Десанттық шабуылдау бригадасы орын тепкен әскери бөлімнің плацында есептоптар оркестрдің сүйемелдеуімен саппен жүріп өткеннен кейін әскери техникалардың шеруін де тамашалау мүмкіндігі туды. Генерал-майор М.Көшекбаевтың айтуынша, 7 мамырда салтанатты шеру үш бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, алдымен тарихи бөлімде еліміздің аумағында құрылған даңқты жауынгерлік құрылымдар таныстырылып, соғыс уақытындағы танымал техникалар көрсетіледі. Парадты әдеттегідей атақты Т-34 танкісі бастап шығып, оның артынан соғыс кезінде жеке құрамды тасымалдайтын жүк көліктері мен ЗИС-2 (калибрі 57 мм) зеңбіректері бар ЗИЛ-157, М-30 (калибрі 122 мм) гаубицалары бар ЗИЛ-157, сондай-ақ «Катюшалар» жүріп өтеді. Бұл көліктің бәрі қазір әскери бөлім аумағына әкелінген.
Парадтың екінші бөлімінде еліміздің заманауи Қарулы күштерінің әлеуетін паш ететін көрініс көрсетіліп, есептоптар мен әскери техникалар шеруі болады. Қазіргі күні әскери бөлім аумағында парадқа қатысатын техникаларды бір түске бояу мен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал үшінші бөлімде авиация күштері әуеден ұшып өтеді.
М.Көшекбаев бұл парад Жеңістің 80 жылдығына арналғандықтан, бұрынғылардан өзгеше болатынын айтты. Біз одан «Әдеттегідей ұшақ, тікұшақ, танк, артиллерия құралдарынан бөлек, заманауи техникалар, мәселен ұшқышсыз ұшатын аппараттар бола ма?» деп сұрағанымызда: «Әрине, жаңа техникалар, олардың ішінде отандық өнімдер парадқа қатысады. Бірақ нақты қандай техника болатынын қазір ашып айтпай-ақ қояйын. Халық өз көзімен көргені жақсы» деп қысқа жауап берді.
Бірақ біз, журналистер, кейде қадалған жерімізден қан алмай қоймайтын әдетіміз бар емес пе, сол жердегі әскери қызметшілерден сыр суыртпақтап жүріп, әскери парадқа дрондар қатысатынын, соның ішінде отандық «Шағала» аппараты да ұшып өтетінін біліп алдық. Ал қазір елімізде құрастырыла бастаған, түріктің «Bayraktar» ұшқышсыз аппаратының жетілген түрі «Anka» дроны қатыса ма, жоқ па, ол жағы әзірге беймәлім.
Әскери техникалардың шеруі кезінде «Арлан», «Cobra» сауытты дөңгелекті көліктері, «Стрела-10», «ТОР» және «БУК» зениттік зымыран кешендері, БТР-82А, «Алмаз» және «Агат» мобильді кешендері, «TEODor» роботтехникалық кешені, есептік-талдамалық станса кешені және қару-жарақ пен әскери техниканың басқа да үлгілерін тамашаладық. Бұл – әскери парадта жүріп өтетін соғыс қаруларының бір бөлігі ғана.
Баспасөз туры барысында Ақтау қаласындағы 390-жеке гвардиялық теңіз жаяу әскерлері бригадасының қатардағы жауынгері Алмас Дәулетбек есімді ақын жігітпен де тілдесудің сәті түсті. Абай облысы Аягөз қаласының тумасы өзінің әскерге келгендегі мақсаты – тек Отан алдындағы борышын өтеу емес, сонымен қатар қарулас сарбаздарды отты жырларымен жігерлендіру екенін де айтып өтті.