Өндіріс • Бүгін, 17:07

Рудныйда ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт салынады

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«ERG» мен Австрияның «Primetals Technologies Austria GmbH», АҚШ-тың «Midrex Technologies Inc.» компаниялары Рудныйда ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт салу жөнінде стратегиялық келісім шарт жасасты.  Келісім аясында зауытқа қажет тұтас инжиниринг пен негізгі технологиялық жабдықтарды жеткізу көзделіп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Рудныйда ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт салынады

Аталған зауыт келешекте Орта Азиядағы ең ірі жаңа буынды «жасыл»  металлургиялық нысаннның біріне айналмақ. Мұнда металдығы 93%, құрамындағы темір үлесі 90%-дан жоғары өнім алу көзделген. Нәтижесінде Қазақстан жаһандық болат құю нарығында бәсекеге қабілетті өнімнің жаңа түрін ұсынатын болады.

Жобаны «Midrex» үдерісі бойынша темірді тікелей қалпына келтірудің озық технологияларына сүйене отырып іске асыру жоспарланған. Мамандар аталған технология экологиялық тұрғыдан бұған дейінгі дәстүрлі домна өндірісінен анағұрлым ұтымды екенін айтады. Мұнда кокстың орнына табиғи газ пайдаланылады. Зауыт «ССКӨБ» АҚ өндірген тотыққан теміркені шекемтастарын өңдеп, болашақ болат құю цехына ыстық биркеттелген өнім беріп отырады.  

2

«Мемлекет басшысының Жолдауында терең өңделген және отандық, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті өнім өндіру  – басым бағыттың бірі екені айтылды. Бүгін осы консорциуммен жасалған келісім шарт – Қазақстандағы металлургия саласын дамыту мен ондағы ERG-дің көшбасшылығын нығайта түсетін стратегиялық қадам. Біз экспортқа жаңа мүмкіндіктер ашатын, жаңа жұмыс орындарын құрып, кәсіби білікті адам капиталына сеп болар  жоғары технологиялық өндіріс құрып жатырмыз»,  деді ERG Директорлар кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов.

Ыстық брикеттелген темір өндіру зауыты жобасын ЕRG-дің еншілес кәсіпорны «QazIron ERG» ЖШС іске асырады. Зауыт жылына 2 млн тонна өнім өндіреді деп жоспарланып отыр.  Жобаға құйылатын жалпы инвестиция көлемі –  655 млрд теңге. Шамамен бір мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз ететін өндіріс орны 2029 жылы іске қосылмақ.

3

«Бұл – Қазақстан үшін металлургия саласындағы жаңа дәуірдің бастауы болатын ауқымды жоба. Ол ERG-дің әлемдік нарықтағы позицияларын нығайтуға септеседі. Осындай маңызды қадамға атсалысу – бізге үлкен мәртебе. «MIDREX Flex» шешімдері – кеннен темір өндірудің ең экологиялық таза технологиясы екенін атап өту керек. Дәстүрлі әдіспен салыстырар болсақ, жаңа технология өндіріс барысында бөлініп шығатын көміртегі қышқылының көлемін 50% төмендетеді», деді «Primetals Technologies» компаниясының вице-президенті әрі жаһандық «Upstream» құрылымының жетекшісі Андреас Вихбек.

5

Ресми жиынға аймақ басшысы Құмар Ақсақалов қатысып, шетелдік компания өкілдеріне өңір экономикасы дамуының бағыт-бағдарын аңдатты. 

«Жолдауда  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев нақты міндеттер – жаңа буынның өнеркәсібін дамытуды, экологиялық таза технологияларды енгізіп, сапалы жаңа жұмыс орындарын ашуды қадап тапсырды.  Рудный қаласында ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт жобасы – осы тапсырмаларды іске асырудың жарқын мысалы. Заманауи өндіріс ошағы облыс экономикасының өрісін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, аймақта жаңа индустриалды экожүйе қалыптастыруға тұғыр болады», деді облыс әкімі.

6

«Midrex» президенті К.С.Вудидің айтуынша, аталған компания әлемде ыстық брикеттелген темір өндірісі бойынша көшбасшы саналады.  Бүгінде бұл саладағы жаһандық нарықтың  90%-ы осы компанияның еншісінде. Компания соңғы 50 жыл ішінде әлемнің 21 елінде 100-ден астам қондырғы орнатқан.

 Қостанай облысы