Қоғам • 11 Сәуір, 2025

Музыка-терапия мәнері

70 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Музыканың құдіретінде шек жоқ қой. Жүректің тереңіне бойлап, ішкі дүниеңнің әр тамырын үздіге шертетін әуезді әуен жанға дауа, көңілге ем. Адам бәрінен шаршағанда һәм жалыққанда музыка тыңдағысы келеді. Баяу әуен жаныңды қоңыр тіршіліктен бір сәт алыс, аяулы мекенге апаратындай. Еркін құстай зеңгір көк аспанда қалықтап ұшуыңыз мүмкін. Сезімтал жанның жүрегін жұбатып, ой-қиялын осындай әдемі сәттерге тек музыка ғана жетелей алады. Музыканың күшіне, музыканың әсеріне өлшем жоқ: таңғажайып. Әлқисса.

Музыка-терапия мәнері

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Адамның физикалық, эмо­­­ционалдық, пси­­хо­­логиялық жағ­дайын жақсарту мақсатында музы­камен емдеу әдісі бұрыннан бар. Қазіргі таңда музыкалық терапия медицинада, психологияда және әлеуметтік салада кеңінен қолданылады. Бұл әдіс кәсіби мамандар­дың көмегімен жүргізіліп, әркім­нің қажеттілігіне байланысты жеке немесе топтық түрде өткізіледі. Осы орайда музы­калық терапияның мән-маңызын ұғып, көзбен көрмекке Ұлттық балаларды оңалту орта­лығына бардық.

Жалпы, бұл бағыт елімізде ең алғаш 1995 жылдары Алматы қала­сындағы «Балбұлақ» оңал­ту орталығында қолданыла бас­таған. Кейін 2007 жылы елордадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығында ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеліп, жаңа бағытта, емдеудің тың әдіс-тәсілдерімен жалғасып келеді.

Орталықта емделуші балалар жас ерекшелігіне қарай алты бөлімге бөлінген. Оларға музыка-терапия төрт бағыт бойынша оқытылады: рецептивті, яғни алуан түрлі музыканы тыңдату арқылы емдеу, аспаптық терапия – ұсақ маториканы дамы­туға бағытталса, вокалдық терапияда түрлі артикуляциялық жаттығулар жасалса, dance терапия – ән мен биді ұштастыру арқылы жүргізіледі. Бұған қоса төменгі жастағы балдырғандарға ертегі терапиясы да оқытылады. Одан бөлек кіріктірілген арнайы сабақтар бар. Яғни логопед-дефектолог мамандарының қатысуымен музыка сабағы өтеді. Аптасына бір рет ата-аналар да сабаққа қатысып, үй жағдайында музыка-терапия тәсілін үйренеді. Айта кетейік, музыкалық терапияға келетін балаларға негізінен аутизм спек­трінің бұзылуы, даун синдромы, церебральды сал ауруы, пси­хикалық дамуының кешігуі, сөйлеу дамуының кешігуі, гидроцефалия сынды диагноздар қойылған.

ва

Ұлттық балаларды оңалту ор­талығының музыкатерапевт ма­маны Бағдат Әбіштің айтуынша, мұн­да 12 музыка терапеві екі ауысымда жұмыс жасайды. Бір жылда 13–14 айналым болып, әр айналымда 310 балаға дейін орталықта ем алады.

«Музыкалық жоғары білімі бар мамандар орталықта музыка-терапия курсын оқып, тәжірибе алмасудан өткен соң ғана жұмысқа орналаса алады. Біздің мамандармен бірлесе жасаған музыкалық жаттығуларымыз бар. Оған емдік дене шынықтыру эле­ментте­рін, логопедтік арти­куляциялық жат­тығулар қос­тық. Сол авторлық жаттығу­лармен осы оңалту орта­лы­ғында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл методиканы еліміздегі барлық жекеменшік оңалту орталықтары пайданаланып жүр», дейді Бағдат Әбіш.

Орталықты аралап жүріп, алыс­тан талып бір музыка естілді. Аспаптық терапия бағытында сабақ алып жатқан Әлинұр Ес­мұрат синтезаторда ойнап отыр екен.

«Бұл бағытта аспапты ұстатып, ойнату арқылы қолдың ұсақ маторикаларымен жұмыс жасаймыз. Синтезатордан бөлек әртүрлі шулы, үрмелі, шерт­пелі аспаптарды қолданамыз. Бір бала 24 күнде 20 минуттан он сабақ алады. Мысалы, синтезатор аспабы саусақ бұлшық еттерін дамытуға арналған. Бүгін Әли­нұрдың үшінші сабағы өтіп жатыр. Жалпы, үш сабақ­тан кейін баланың музыкаға қызығушылығы арта бастайды», дейді музыкатерапевт Балдырған Хайранова.

«Баланы дамытуда музы­калық терапияның әсері үлкен. Есту қабі­леті жақсарып келеді. Домбы­раға ынтасы оянды. Күйді көп тыңдайды. Біз Қостанай облысы Арқалық қаласынан келдік. Ол жақта музыка сабақтары жоқ. Осы орталыққа әр келген сайын балам музыкалық терапияға асығып тұрады», дейді Әлинұрдың анасы Гүлжанат Есмұрат.

ап

Ал Нұргүл Қалабаева туғаннан еркін сөйлей алмайды. Бір таңға­лар­лығы, ол ән айтқанда әр әріп анық әрі кедергісіз шығады. Сегіз жыл бойы Ұлттық балалар­ды оңалту орталығында музыка-терапия емін алып, бүгінде өнер­ге қадам басқан. «Бұл – менің өмі­рім­ді түбегейлі өзгерткен ем» дей­ді ол.

«Музыка-терапия арқылы ортамды тауып, өнер университетін тәмамдадым. Логопед және музы­ка­терапевт мамандардың арқа­сында сөйлеу жағынан қалпыма келдім», дейді Нұргүл.

Иә, мамандардың сөзі­не жүгінсек, музыкалық тера­пия­ның пайдасы орасан. Атап айтсақ, психологиялық әсері – күйзелісті азайтып, көңіл күйді жақсартады. Физикалық әсері – қан қысымын реттеп, ауырсынуды жеңілдетеді. Когнитивті әсері – есте сақтау қабілетін жақсартып, әсіресе Альцгеймер және деменциясы бар адамдар үшін тиімді екен. Әлеуметтік әсеріне келсек, қарым-қатынас дағдысын жақсартып, қоғамға бейімделуге көмектеседі.

Вокал терапиясына да арнайы кіріп шықтық. Мұнда кезекті концерттік нөмірге дайындық жүріп жатыр екен. Үш жігіттің орындауындағы «Мен – қазақпын» әнін біз де тыңдадық.

«Вокал терапиясы балаларға ғана емес, жалпы адамдарға керек дүние. Осы арқылы біз баланың тыныс алуын жақсартамыз, жат­тығу арқылы артикуляциясы қа­лыпқа келеді. Менің мақсатым – ырғақты ән айтқызып үйрету. Бізде концерттік іс-шаралар көп ұйымдастырылады. Әр баланың туған күні аталып өтіледі. Осындай мерекелік күндерде балалар сахнада өнер көрсетеді», дейді музыкатерапевт Құралай Есмаханова.

Иә, негізінен ән айту дыбыс­тау мүшелеріне ғана емес, есту мүшелерінің жұмысына да тәуелді. Сондықтан да ән айту кезінде есту мүшелерінің дұрыс қалпын сақтау, ән шырқаудың дағдысын игеру мен дыбыстау жүйесін оңалтуға тиімді көмек береді. Ал ол үшін алдымен дұрыс тыныс алып үйрену қажет. Егер бала тиімді тыныс алып үйренсе, онда ән айтумен қатар дұрыс сөйлеу мүмкіндігі де қалыптасады.

Тарих қойнауына көз жүгірт­сек, ежелгі грек философы Пифагор музыканың адам ағзасына, көңіл күйіне қалай әсер ететіні туралы ғылыми анықтама берген. Сондай-ақ ертедегі қытай, үнді дәрігерлері мен емшілері, философтары мен музыканттары музыканы сырқат­ты емдеуге пайдаланғаны белгілі. Қазақтың көнеден келе жатқан ауыз әдебиеті жырлары мен аңыз-әфсаналарында да сиқыр­лы қобыз, күмбірлеген дом­быра мен сызылған сыбызғы үнінен шығатын музыкалық туындылардың адам ағзасына оң әсер етіп, жалпы психологиялық емдік сипатта шипалық қасиеттері болғандығын білеміз.

Ал бүгінде музыкалық терапия көптеген шетелде кеңінен қолданылады. Әсіресе АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Аустралия сияқты дамыған елдерде бұл әдіс медицина мен психологияның бір бөлігі ретінде ресми түрде мойындалған. Мәселен, АҚШ-та музыкалық терапияны ресми түрде Америка­ның музыкалық терапия ассоциациясы (AMTA) бақылайды. Яғни ауруханаларда, мүгедектер ор­талықтарында, психо­логия­лық клиникаларда қолданылады. ­PTSD (посттрав­мати­калық синдром) бар әскери қызметкерлерді емдеу­де ерекше тиімді. Германияда му­зыка­лық терапия медициналық сақ­тан­дыру жүйесіне енгізілген. Оны неврологиялық және пси­хиа­триялық ауруларды емдеу­де қолданады. Жапонияда музы­ка­лық терапия қартаюға бай­ла­нысты когнитивті бұзы­лыс­тарды емдеу үшін жиі қолда­нылады.