Архив • 12 Сәуір, 2025

Жазушының жарына ілтипаты

60 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл туғанына 110 жыл толып отырған заңғар жазушы Ілияс Есенберлин шығармашылық жолын поэзиядан бастаған. Алғашқы дастаны 1945 жылы «Айша» деген атпен жарық көрген. Ілекең бұл туындысын қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметоваға арнап жазған екен.

Жазушының жарына ілтипаты

Ілекең алғашқы кітабы шыққан тұста сүйінші данасына сүйген жары, отбасының ұйтқысы, балаларының анасы Диляра Жүсіпбековаға арнап қолтаңба қалдырыпты. Онда былай делінген:

«Диляра!» деп жарының атын жазып, одан кейін бір шумақ жыр арнапты:

«Өмір ұзақ болған күнде,

Өткен жастық белгісі деп,

Өмір қысқа болған мүлде,

Сүйген жардың қайғысын жеп», деп жазып, соңына: «Қолымды қойдым еске алуыңа Ілияс Есенберлин. 5 желтоқсан (5/ХІІ) 1945 ж. Алматы қаласы» деп қол қойыпты (суретте). 

Ілекеңнің Дилярамен үйленгені туралы жазушыға жақын жүрген қаламгерлер әрқилы нұсқада жазып жүр. Бірақ біз білетін ақиқат, жазушының жары Диляра – мемлекет қайраткері, шебер аудармашы, 1933–1936 жылдары Қазақ АКСР Әділет халық комиссары, коммуналдық шаруашылық халық комиссарының орынбасары қатарлы қызметтер атқарып, 1937 жылы күзде «халық жауы» деген жалған айыппен атылған Хамза Жүсіпбектің туған қызы екендігі.

Ілияс пен Диляраның үйлену, үй болу оқиғасы хақында жақсы білетін адам – бұлардың жалғыз ұлы Қозыкөрпеш екені анық. Осы кісі ата-анасы туралы 2001 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Жан сырым» атты естеліктер жинағының 323-бетінде былай депті: «Әкем 1943 жылы майданда алған ауыр жарақатынан кейін Алматы қаласына партиялық жұмысқа жіберіледі. Бір күні опера театрында ол кездейсоқ ерекше сұлу бойжеткенді жолықтырады. Қыздың оны сүйсіндіргені соншалық, ол бірден жақындап танысады. Оның есімі Диляра – қуғындалған партия қызметкерінің қызы екен. Дилярамен көп жігіт танысып, бірақ ол кімнің қызы екенін білісімен тездетіп кете баратын. Бұл жолы да ұзаққа созбау үшін ол Ілиясқа кімнің қызы екенін бірден айтады. Бірақ Ілияс «сіз кімнің қызы екеніңіз мен үшін маңызды емес, бір көргеннен ұнатып қалдым» депті. Диляра қатты таңырқайды. Көп кешікпей олар үйленеді. Менің ойым­ша әкемнің осы талғамынан бүкіл өміріне есеп берудің жаңа нүктесі бас­талды. Ол махаббатты қалады. Бұл оның басты ұғымы болды. Осы таңдауы үшін әкемді қорлау мен соңына түсу басталды. Алдымен Орталық партия комитетіндегі жұмысынан босатты. Екі жыл жұмыссыз жүрді» деп жазады.

Келесі кезекте қос ғашықтың махаб­бат хикаясы хақында білетін тағы бір тұл­ға – Ілиястың туған інісі Раунақ Есенберлин. Бұл кісінің естелігінде: «Ілияс соғыстан қайтқаннан кейін бір жыл өткенде маған хат жазып, қалың­дығының фотосуретін жіберді. Суретте бет келбеті қазаққа аса ұқсай қоймайтын өте сұлу бойжеткен бейнеленген. Жан ағама жар, маған жеңге болатын қыз «қандай адам болады?» деген сұрақ мені қатты ойландыратын. Көп кешіктірмей олар үйленді», депті. Ілияс үйленген соң ыстық махаббатына арнап: 

«Сен едің жұрттан таңдап, сүйген жарым,

Білемін кірсіз таза ұят, арың.

Сүйгенім өмірімнің қуанышы,

Сүйдірген жас тілектің ынтызарын», деп басталатын «Жарға» деген ұзақ өлең жазыпты.

Пенде баласында «тағдыр» деген болады. Ілекеңнің тағдырына жақсы жар жолыққан сияқты. «Әрбір жетістікке жеткен мықты еркектің артында дана әйел тұрады» дегендей, қазақтың тарихи санасын оятқан ұлы жазушы Ілияс Есенберлин дүбірінің артында Дилярасы тұрғаны анық. Біздің бұл сөзімізге дәлел тағы да інісі Раунақтың естелігі. Онда былай делінген: «Жеңгеміз ағамызды творчестволық ерлікке шабыттандыра алды. Және оны ауыр науқастан арашалап алды. Диляра оның сәтсіздік пен самғауға толы өмірінің күрделі шақтарында мо­йы­май, ыстық-суықты бірдей бөлісе білді.  Бала кезінен қасіреттің уын ішкен осы бір бүлдіршіндей жас, тал-шыбықтай кішкене ғана жеңгеміз Диляраның сағы сынбай, тауы шағылмай үлкен адамгершіліктің иесі болып отырғанына қуанатынмын да, таңғалушы да едім. Оның сонау бала кезінен соншама трагедия мен драмалық оқиғаға толы тағдырға шыдағаны үлкен өнеге мектебі болды» («Жан сырым». Естеліктер: дайын­даған А.Дүйсенбаев. Алматы – 2001. 287-б).